Облыстық филиалда өткен Nur Otan партиясы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының отырысында тұрғындарды толғандырған маңызды мәселелер – халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету, өңірдегі жастар саясатының жүзеге асырылуы, «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру» бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың жайы қаралды.
Бұл сұрақтар күн тәртібінде жай ғана қаралып қоймай, әр мәселеге қатысты есептер тыңдалып, әр басқарма басшысы мен жауапты маманға тиісті сауалдар қойылды. Жиынды партиялық бақылау комиссиясы төрағасының орынбасары Забира Сайдильдина жүргізді.
Алматы облысының энергетика және тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Асқар Кенженовтің мәлімдеуінше, облыста 742 елді мекеннің 665-і (89,6%) орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген. 2023 жылдың соныңа дейін 711 елді мекенді орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету жоспарлануда. Сумен жабдықтау деңгейі 96%-ға жетеді.
Жастар жылына орай Алматы облысында атқарылған ауқымды жұмыстар жайын Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Қаратас жеткізді.
– «Бақыт» жас отбасыларды қолдау клубы аясында жастар ресурстық орталықтарына 20 психолог штаттық бірлігі бөлініп, психологтар жұмыс істеуде. «Жастар – ел тірегі» жобасы аясында «Жас кәсіпкер» бизнес бастамаларын дамыту бағдарламасы бойынша жастар стартаптарын қолдау мақсатында облыста «Бизнес және жастар «4 К» фестивалі өтті. Қазіргі таңда облыстың аудан, қалалары бойынша 13 107 жас кәсіпкер тіркелген. Маргинал жастардың саны 1 896-ға жетті, – деді Жомарт Мандатұлы.
Жиында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Алматы облысы бойынша филиалының директоры Нұрлан Отарғалиев өңірдегі МӘМС жүйесінің жұмысын баяндады. Нұрлан Таңжарықұлының мәлімдеуінше, бүгінгі күнге дейін облыста арнайы әлеуметтік мәртебесі анықталмаған 103 мың азамат бар. Сондай-ақ алдын ала есептеу бойынша облыста 2020 жылы 106,4 млрд теңге қаражатты бөлу жоспарда тұрғаны да жиын барысында айтылды.
Әбілмансұр ЖАСАН