Nur Otan әр елдімекеннің проблемалық мәселесіне назар аударады
Nur Otan әр елдімекеннің проблемалық мәселесіне назар аударады
256
оқылды

Nur Otan партиясы еліміздің барлық аймақтарындағы аумақтық даму бағдарламаларын іске асырудың аралық нәтижелеріне талдау жасады. Партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаев Үкімет пен Парламент Мәжілісіндегі Nur Otan фракциясының мүшелерімен өткен жиын барысында аймақтық даму бағдарламаларының орындалу барысы туралы тыңдалым ұйымдастыруды және жүргізілген талдау жұмыстарының нәтижелерін ескере отырып, 2025 жылға дейінгі аумақтарды дамытудың жаңа бағдарламасын әзірлеуді тапсырған.

Елордада қалалық мәслихаттағы фракцияның депутаттары 42 мың тұрғын өздерінің әлеуметтік мәртебесін әлі күнге көрсетпегені туралы мәселені жергілікті билік органдарының алдына көлденең тартты. Жағдай осы күйінде қалса, бұл жақын арада қалалық емханалардың, мектептер мен еңбек нарығындағы жүктеменің шамадан тыс артуына әкелуі мүмкін. Алматыда жолдардағы өлім-жітім, энергия тиімділігі және инфрақұрылымды дамыту мәселелері көтерілді.

Ал Шымкентте фракция мүшелері ауруханалар мен білім ошақтарының жетіспеушілігі өзекті болып отырғанын айтады. Бүгінде Шымкенттегі тоғыз мектепте үш ауысымда оқиды. Бұл қатарға жуық арада қаладағы тағы сегіз білім ордасы қосылуы мүмкін.

Батыс Қазақстан облысында 111 мақсатты көрсеткіштің 97-сіне қол жеткізілгенімен, апатты және үш ауысымды мектептер проблемасы мұнда да бар. Сонымен қатар, астық жинаудың көрсеткіші төмендеп, жол-көлік оқиғалары артқан. Қарағанды облысында жол жөндеу, инфрақұрылым мен тұрғын үй құрылысы өзекті болып отыр. Бағдарламаға тұрғындардың өмір сүру сапасы мен кірісінің өсуін айқындайтын көрсеткіштер қосылған.

Шығыс Қазақстан облысындағы Nur Otan фракциясының депутаттары қоғамдық көліктердің сапасын арттыру және мектептер салу қажеттілігін алға тартты. Ақмола облысында ағынды сулар желілерін дамытуды жеделдетіп, тұрмыстық қатты қалдықтарға арналған нысандар салу қажет. Сондай-ақ, мұнда өнеркәсіптік әлеуетті арттыру мен шағын және орта бизнесті дамыту үшін инвестиция тарту жұмыстарын күшейту мәселесі тұр. Солтүстік Қазақстан облысы тұрғын үй құрылысы мен жол жөндеу жұмыстарының және ауылдық жерлердегі инженерлік коммуникациялардың қарқынын жеделдетуге ниетті.

Партия басшылығының тапсырмасына және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес, барлық аймақтарда Nur Otan-ның депутаттары әр елді мекеннің проблемалық мәселелерін талдап, 2025 жылға дейінгі аумақтық дамудың аймақтық бағдарламасына ұсыныстар жасайды.

Клара Нақып