Кәсіпкердің патент алуы қиындайды
Кәсіпкердің патент алуы қиындайды
241
оқылды

Жаңа жылдан бастап Салық кодексінде жеке кәсіпкерлерге қатысты бірқатар өзгеріс күшіне енеді. Мәселен, 2018 жылы кейінге қалдырылған жеке кәсіп­­керлермен патент негі­зінде арнаулы салық режимін қолдану бойынша талаптардың өзгеруі.

Мемлекеттік кірістер комитеті Кәсіпкерліктің жеке түрлеріне салық салу басқармасының басшысы Гүлмира Смағұлованың айтуынша, Салық кодексіндегі өзгеріске сәйкес, патентті қолдану құқығы бойынша көрсетілетін қызмет түрлерінің (32 қызмет түрі) тізімі қысқарып, жа­рияланады.

«Салық кодексінде 12 түрлі қыз­метке патентті қолдануға шек­теу қарастырылған. Мұндай қызмет түр­­леріне жер қойнауын пайда­лану, ак­цизделетін тауар өндiру, кон­сультациялық қызмет көрсету; сақтандыру брокері мен сақтандыру агентінің қаржыландыруы, сақтан­дыру қызметі және делдалдық қыз­мет жатады. Мұндай шектеудің мақ­саты – бейресми еңбек қаты­на­сын болдырмау және нақты кіріс­­терді жасыруға жол бер­меу. Бұл өзгеріс­тер көлеңкелі биз­несті жария етіп, жалдамалы жұмыс­шыларды заңдастыруды көздейді. Халықаралық тәжірибеге сай, ұсақ қолөнершілерге қойылатын са­лықтық тәртіп негізінде кірісті қада­ғалауды және жалдамалы жұмысшыларды бақылауды кү­шейтуге мүмкіндік туады. Мысалы, биыл патент алған 268 кәсіпкердің 55,7 пайызы (148 953 жеке кәсіпкер) сауда саласында қызмет көрсетті. Олардың 55 пайыздан астамы аталған қызметті Астанада, республикалық және облыстық маңызы бар қала­ларда жүзеге асырған», – дейді Гүлмира Смағұлова.

Оның айтуынша, рұқсат етіл­ген тізімге енбеген қызмет түр­ле­рін көрсететін кәсіпкерлер осы жыл­­дың соңына дейін салық төлеу тәр­тібін өзгертуі керек. Олар 2 түрлі тәр­тіп­тің бірін таңдайды, біріншісі –
жеңілдетілген декларация негізін­дегі немесе тіркелген шегерім пай­да­ланылатын арнаулы салық тәр­тібі, екіншісі – жалпыға бірдей белгіленген тәртіп бойынша салық тәртібі.


Ол үшін не істеуі керек? Салық органдарына электронды (салық төлеушінің кабинеті арқылы) немесе жазбаша түрде салық салу тәртібін өзгерту туралы хабарлама тапсыруы тиіс. Таңдалған салық салу тәртібін көрсету кезінде өзгертудің себебі ретінде 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап патентті қолдану шарттарына сәйкес келмейтінін хабарлауы тиіс. Егер 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін хабарламаған жағдайда салық органдары салық төлеушілерді жалпыға бірдей белгіленген салық төлеу тәртібіне ауыстырады. Ал шағын бизнес өкілдері үшін осындай жалпы тәртіптен басқа арнаулы салық төлеу тәртібіне ауысуға тек бір жылдан кейін ғана рұқсат етіледі.

«Арнаулы салық тәртібіне ауысудың қандай артықшылығы бар десек, аталған салық тәртібін қол­данатын шағын және ұсақ кә­сіп­керлік субъектілері Мемлекет бас­шысының 2019 жылғы 2 қыр­күйектегі Жолдауында айтылған табыс салығынан үш жылға боса­тылады» дейді ол.

Г.Смағұлова айтуынша, патент­пен жұмыс істейтін, жеңілдетілген декларация негізінде жұмыс істейтін, қысқасы, ақшалай есеп айырысуды жүзеге асыратын кәсіпкерлер онлайн кассалық-бақылау аппаратын ор­натуы тиіс. Бұл жыл соңына дейін қойылып отырған талап. Биыл 633 қызмет түрі кассалық-бақылау аппаратына кезең-кезеңімен өтті. Жалпы, республика бойынша 540 мың жеке кәсіпкерлердің 513 мыңы онлайн кассалық-бақылау аппаратын орнатып үлгерді, яғни 95%. Қалғандары интернет жоқ жерлерде орналасқан.

Сонымен бірге патенттен бас­қа салықтық режимге өтетін жеке кәсіпкер мен 2020 жылдан бастап патентпен жұмыс істеуге құқы бе­рілген 32 қызмет түрі де бар. Ал егер нақты ақшамен есеп айырыспайтын кәсіпкерлер кассалық-бақылау ап­паратын алуға міндетті емес екен.

– Қазақстандық кәсіпкерлердің 540 мыңнан астамы кассалық-бақылау онлайн аппаратына өтті. Келер жылы олардың қатарын 400 мыңнан астам кәсіпкер толықтыруы тиіс. Оларды негізінен шағын биз­нес және шаруа қожалықтары құ­райды. Қазіргі күні олардың ара­сында кассалық-бақылау жүйесіне көшкендерінің саны 20 пайызға жетпейді. Жыл соңына дейін мем­лекет кәсіпкердің кассалық-бақылау машинасын орнатуға жұмсаған шығынының белгілі бір бөлігін өтеп береді. Ол кәсіпкердің жеке табыс салығын азайту есебінен жүргізіледі. Мысалы, егер жеке кәсіпкердің жеке табыс салығы 150 мың теңгеден жо­ғары болса, оның 60 мыңы ке­шіріледі. Яғни, 50% аспайтын онлайн БКМ құнының. Ал 100 мың теңгеге дейін жеке табыс салығын төлеушілерге соманың жартысына 50 мың жеңілдік жасалады, – дейді Гүлмира Әмірғалиқызы.

Оның айтуынша, қаржылай есеп айырысатындарға қойылған онлайн кассалық-бақылау маши­насын орнату талабы интернет же­лісі тартылмаған өңірлердегі кәсіпкерлерге ғана жүрмейді.


Халима БҰҚАРҚЫЗЫ