Айран ішкендер жазалансын десек...

Айран ішкендер жазалансын десек...

Шыны керек, биыл көпбалалы аналар әлеуметтік көмекке қарық болып қалды. Алдымен табысы аз отбасының әр мүшесіне 21 мың теңгеден ақша үлестірілді. Бірақ кейбіреулер үшін бұл қуаныш көпке созылған жоқ. Оңды-солды таратылған қаржының шикілігі шыға бастады. Атаулы әлеуметтік көмекті негізсіз артық алғандар қаржысын қайтаруға мәжбүр.

Әрине, әлеуметтік көмекке қатысты қанша айқай-шу, небір тартысты оқиғалар бөлек әңгіме. Тіпті, жарты миллионға жуық жәрдемақы алғандар кезікті. Одан кейін іле-шала төлем қабілеті төмен отбасы­лардың несиесі кешірілді. Несін айтасыз, осылайша тұрмысы төмен отбасылар бір жасап, қағанағы қарқ, сағанағы сарқ болып қалғаны рас.

Шымкентте 2019 жылғы 1 сәуірден бастап 69 044 отбасы­ның өтініштері қаралып, 46 992 отбасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. Шым­кент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқар­масы басшысының айтуынша, бүгінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министр­лігінің Еңбек ресурстарын дамыту орталығының тізімі негізінде шаһардағы 7 596 отбасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындаудың және төлеудің дұрыстығы анықталып жатыр. Осы тізімдегі кірісін жасырған 3 030 отбасына төлем тоқтатылып, 4 521 отбасына қайта есептеулер жүргізілген. 671 отбасының табысы және әлеуметтік материалдық жағ­дайы қаралады. Белгілі болға­ны, кірісін жасырған 271 отба­сының 13-і мемлекетке өз еркі­мен 3,3 млн теңге қайтарған.


Ал 4 отбасына қаржы таға­йын­далғанымен, әлі төленіп үлгермепті. Сонымен қатар қаржысын қайтару бойынша 17 отбасымен екіжақты келіссөз­дер жүргізілген. «3 отбасының кірісін жасырғаны расталмады. Оларға төлем жалғастырылуда. Қайта есептеуден 2,8 млрд теңге қаржы үнемделді» дейді басқар­ма басшысы.

Үшінші мегаполисте қалаға қарасты аудандарда құрылған жұ­мысшы топтардың қайта зер­делеуі нәтижесінде, АӘК алған 35 539 отбасының ішінен 3 671 отба­сына АӘК тоқтаты­лып, 2,2 млрд теңге үнемделген.

Қазіргі уақытта басқармада заң­сыз есептелген атаулы әлеу­меттік көмек сомаларын бюд­жет­ке қайтару бойынша тұрақ­ты негізде жұмыстар жүргізілу­де.

Сондай-ақ басқарма бас­шы­­сы «Мемлекет көмекке шы­на­йы мұқтаж азаматтарға, бі­рін­­ші кезекте балаларға және көп­ба­лалы отбасыларға көмек­те­седі. Еңбекке қабілетті аза­мат­­тар жұмыс істеуі керек» дейді.

Дұрыс-ақ. Бірақ кірісін жа­сыр­ған, негізсіз алған деп әлеу­мет­ті кінәлаймыз. Алайда атаулы әлеуметтік көмек таға­йын­дау кезінде құрылған ко­мис­сия мүшелері әр үйге жеке-жеке барып, табыс көзін тексе­ріп, тағайындау қағазына шиы­рып қол қойып, рұқсат берген жоқ па? Ендеше осындайда қаржыны қайтарушылар ғана емес, комиссияда отырған­дар­дың да мәселесі қаралуы қа­жет сияқты. Бір кездері тұр­ғын үй салу үшін жерді оңды-солды таратып, шешім шығарған әкімдер, жауапты сала маман­дары емес жерді заңсыз пайда­ланды, мемлекеттік актісі жоқ деп қарапайым тұрғындарға кінә артып, солар зар­дап тарт­қан еді. Бір жердің бір­неше иесі шығып, салынып қойған үйлер сүріліп, талай-талай айтыс-тар­тыс та болған. Мұндайда айран ішкен құты­лып, шелек жала­ған­дар тұтыла­тын қашанғы әдет еске түседі екен.


Назгүл НАЗАРБЕК, 
Шымкент қаласы