Қарағанды облысында «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша жаңа үйлер қолжетімді емес. Өкінішке қарай «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында қайталама нарықтан баспаналы болуға қаражат қарастырылмаған.
«Бақытты отбасы» бағдарламасы үй кезегіне тіркелген көпбалалы, мүгедек бала тәрбиелеп отырған және толық емес отбасыларға арналған. Бұл бағдарламаның тиімді тұсы мынау: Қазақстанның кез келген кенті мен ауданында үй кезегінде тұрған отбасылар облыс орталығынан, қалалардан «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арқылы 2 пайызбен ипотека ала алады. Енді облыс орталығынан үй алу үшін қалаға жөңкіліп көшіп, тіркеуге тұрудың қажеті жоқ. Олар қалалықтардың үй кезегіне таласпайды. Аудандар мен қалалар үшін жеке жолдама қарастырылған. «Бақытты отбасы» бағдарламасына жолдаманы жергілікті әкімдіктің Тұрғын үй қатынастары бөлімі береді.
«Бақытты отбасы» бағдарламасының тағы бір артықшылығы балаға кететін шығынды есепке алмайды. Кез келген банк ипотека берерде жалақыдан отбасының әр мүшесінің ішіп-жеміне, жолына, т.б. кететін шығындарды алып тастайды. Жалақыдан әке-шешесіне кететін шығынды ғана ескеріп, балалардың шығынын шегермейді. Сондай-ақ бұл бағдарлама бойынша жалақысы төмен отбасылар ғана үміткер болады. Жүз мыңға толар толмас жалақымен де ипотека рәсімдей алады. Жұртты толғандыратын сұрақ – «қара тізім». Бірнеше жыл қатарынан төленбеген, коллекторға өтіп кеткен, сотқа түскен, өсімпұлы өсіп жатқан несиелер көп. Проблемалық несиені жауып, төленді деген анықтама әкелсе, ипотека рәсімделеді. Яғни, несие тарихына қарамайды.
«Бақытты отбасы» бағдарламасы 10-15 жыл үй кезегінде тұрғандар үшін таптырмас шешім болғаны сөзсіз. Дегенмен осы бағдарламаға жолдама алғандардың біразы Қарағандыда пәтер таба алмай сарсаңға түсуде.
Бағдарлама бойынша пәтерді бірінші нарықтан алса әкімдіктер алғашқы жарна үшін миллион теңгенің сертификатын тегін табыстайды. Алайда Қарағанды қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі «Бақытты отбасы» бойынша тұрғын үй сертификаттарына бөлінген қаржының басым бөлігін бюджетке қайтарды. Себебі миллион теңгелік сертификат алғандар саны санаулы. Банк мақұлдауынан өткен 229 адамның тек екеуі ғана сертификат алған. Жыл басында облыс басшылығы тұрғын үй сертификатына облыстан 1 миллиард теңге қаржы бөлінеді деп жар салған-ды. Қаржының игерілмеуіне не себеп? Өйткені сертификат тек жаңа үйлерге беріледі. Ал Қарағанды қаласында жаңа үйлердің бағасы Нұр-Сұлтандағы пәтерлер құнымен бірдей. Бағдарлама бойынша Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларынан 15 миллионға, өңірлерде 10 млн теңгеге дейін ғана ипотека беріледі. Қарағанды қаласында 10 млн теңгеге жаңа үйден бір бөлмелі ғана пәтер келеді.
Қарағандыда жаңа үйлерде пәтердің шаршы метрі 240-280 мың теңге тұрады. Сонда 40 шаршы метр үй 9 млн 600 мың теңгеге түспек. Төрт, бес баламен 19 жылға бір бөлмені ипотекаға алу тиімсіз. Яғни, көпбалалы отбасылар жаңа үйден пәтер іздемейді.
Қарағанды қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі «Бақытты отбасы» бойынша тұрғын үй сертификаттарына бөлінген қаржының басым бөлігін бюджетке қайтарды. Себебі миллион теңгелік сертификат алғандар саны санаулы. Банк мақұлдауынан өткен 229 адамның тек екеуі ғана сертификат алған.
Жаңадан салынып жатқан үйлер жекеменшік компанияларға тиесілі. Бұл бағдарламада жаңа тұрғын үй кешендерінің мүддесі көзделген.
Қарағанды қаласының тұрғыны Айжан Данышпанқызы бес баласы бар жалғызбасты ана. Сәуірде Елбасы Nur Otan съезінде «Бақытты отбасы» бағдарламасы туралы хабарлағанда Айжанның қуанышында шек болмады. 18 жыл үй жалдап күн кешкен Айжан үшін баспаналы болуға тамаша мүмкіндік туды. Ол жас нәрестесін қалдырып, жұмысқа шықты. Несиелерін жапты. Енді бағдарлама басталғанда қуанышы су сепкендей басылды. Қарағандының Октябрь ауданында 10 млн теңгеге төрт, бес бөлмелі жер үй келеді. Алайда жалғызбасты анада ипотеканың алғашқы жарнасын төлейтін қаржы жоқ. Жаңадан салынған үйдің бір бөлмесіне алты жан сыймайды.
Биылғы 14 тамызда Президент көмекшісі Аида Балаева ханым Қарағандыға келгенде бір топ қарағандылық көпбалалы ана өтініш жасады. Олар «Бақытты отбасы» бойынша Қарағанды қаласында үй құнын 15 млн теңгеге көтеруді, 1 млн теңгенің сертификатын қайталама нарыққа да беруді ұсынды. А.Балаева ханым ұсынысты құптады. Қарағанды облысының әкімдігі Үкіметке арнайы хат жолдады. Дегенмен арада үш ай өтті, мәселе Парламентте әлі қаралып жатыр. Депутаттар асығар емес. Банк берген үш ай мерзім аяқталуға жақын, сертификатқа бөлінген қаржы игерілмеді, көпбалалы аналар баспана таба алмай шарқ ұруда. Алғашқы жарна үшін қосымша несие алса, атаулы әлеуметтік көмектен айырылады. Жаңадан енген өзгерістер бойынша несие отбасының табысы болып есептеледі де, атаулы көмек тоқтайды.
Қарағанды облысында «Бақытты отбасы» бойынша барлығы 229 адам банк мақұлдауынан өтті. Біразы алды, ал 85 адам әлі үй іздеп жүр. Оның ішінде 35 отбасы үйді екінші нарықтан алғысы келеді, оған ипотеканың алғашқы жарнасын төлеуге қаражат жоқ.
Миллион теңгелік сертификатты тек жаңа үйлерге беру – нарықты толық зерттемеуден туған қадам. Өңірлерде салынып жатқан жаңа үйлер аз әрі бағасы қымбат. Кейбір үйлердің актісі жыл соңында қабылданады, сәйкесінше оларға ипотека рәсімделмейді. Бұл бағдарламаны қабылдағанда ірі қалалардағы жағдай ғана ескерілген, өңірлерге мониторинг жасалмаған.
Оның үстіне, жаңа салынған үйлердің сапасы да сын көтермейді. Теміртау қаласында үй кезегінде тұрған отбасыларға берілуі тиіс жаңа үйдің қабырғасы жарылды. Бес қабатты үйдің үшінші қабаты көтерілгенде іргетасы дұрыс қаланбағанын бір-ақ байқаған. Қатар салынған екі үйге кезекте тұрған 100 отбасы тамыз айында қоныстануы тиіс болатын. Енді апатты үйді бұзып, қайта салмақ. Бұл үйлерге бюджеттен 700 млн теңге аударылған. Коммуникациясы бірге тартылғандықтан екінші үйге де әлеуметтік осал топтар қоныстана алмай отыр. Бұл туралы Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек облыстық Қоғамдық кеңес отырысында мәлім етті.
Қарағанды облысында 36 мыңнан аса адам тұрғын үй кезегінде тұр. Келесі жылы облыста «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 1 965 отбасы жалға берілетін пәтерлермен қамтамасыз етілмек. Жеңіс Қасымбек 2021 жылдың ортасына дейін аймақта кезекте тұрған екі мыңға жуық көпбалалы отбасы арендалық үймен толық қамтылатынын айтты.
Қарағанды облысының «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшылары да пәтерге мұқтаж. Үйге қаржы жинаушылар саны бойынша Қарағанды – көшбасшылардың бірі. Тек Қарағандыда 97 636 адамның депозиті бар. Қарағанды облысында банктің 7 мың салымшысы ипотеканың алғашқы жарнасын төлеуге қаражат жинаған. Алайда нарықта салымшыларды қанағаттандыратын үйлер аз. Біріншіден, жаңа пәтерлер жетіспейді. Екіншіден, жаңа үйлердегі шаршы метрдің бағасы 140 мың теңгеден жоғары. Келесі жылы облыста салымшылар үшін 1 500 несиелік үй тұрғызылмақ.
Биыл облыста берілуі тиіс 420 мың шаршы метр тұрғын үйдің 328-і дайын. Қалғандарын осы жылдың соңына дейін тапсыру көзделіп отыр. Өткен жылы өңірде 416 мың шаршы метр тұрғын үй салынды. 2020 жылы бұл көлем екі есеге дейін ұлғайтылады. Облыс бойынша құрылыс көлемі шамамен 650 мың шаршы метрді құрайды.
– 420 мың шаршы метр – үлкен облысымыз үшін аз көрсеткіш. Тұрғын үй аз салынғанда, нарықтағы бәсекелестік төмен болып қала береді. Бұл пәтер бағасының өсуіне жол береді деген сөз. Қарағандыда тұрғын үй елордадағы бағамен бірдей. Сондықтан халық Нұр-Сұлтаннан пәтер сатып алады. Егер елді мекенде тұрғын үй салынбаса, халық ол жердің болашағына сенбейді, – деді облыс әкімі.
Облыс әкімінің айтуынша, өңірдің барлық ауданында үй құрылысы қарқын алуы тиіс. Мысалы, Балқашта 2020 жылы 45 пәтерлік екі үйді тапсыру жоспарлануда. Олардың бірі жалға берілсе, екіншісі несие арқылы сатылады. Шахтинскіде келесі жылы бес қабатты үйдің құрылысы басталады. Тағы екі көпқабатты – 15 және 60 пәтерлік тұрғын үй жөндеуден өткізіліп, 2020 жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі. Приозерск қаласында биыл қарашада 24 пәтерлік көпқабатты үй дайын болады. Келесі жылы тағы 69 пәтер пайдалануға беріледі.
Қарағанды облысында тұрғын үй мәселесі өте өзекті. Ол мәселелерді шешу үшін ауқымды шаралар қолға алынуы тиіс.
Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА,
Қарағанды облысы