Сыбайлас жемқорлыққа жол берілмейді
Сыбайлас жемқорлыққа жол берілмейді
495
оқылды

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «сыбайлас жем­қор­­лыққа мемлекет пен қоғам біріге отырып, қарсы күресу керек» екенін әрдайым қадап айтып, әр сөзінде, халыққа Жол­­дауларында осы өзекті мә­­­­селені үнемі назарда ұстап ке­леді. «Сыбайлас жемқорлық – жай ғана құқықбұзушылық емес. Ол мемлекеттің сенімді тұ­тастығын ажыратып, ұлттық қа­­уіпсіздігіне қауіп төндіре­ті­нін» ескертуден жалыққан емес.

«Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» атты мақаласында Елба­сы халқымызды осыған шақырады. Тәуелсіздігіміздің алғашқы күн­де­рі­­нен бастап сыбайлас жемқор­лық­қа қарсы күрес еліміздің ішкі саясаттағы басты бағдарының бірі болып қалыптасты. Қазақстанда ТМД елдерінің арасында алғаш рет «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы» күрес туралы заң қабылданды, сыбайлас жемқорлыққа қарсы арнайы орган құрылды.

Тарихқа үңілсек, сыбайлас жем­­қор­лық — адамзаттың да­муы­мен бірге келе жатқан ең көне ұғым. Өкінішке қарай, бірде-бір қо­ғамда оны түп тамырымен жоя­тын идеология әлі қалып­тас­қан жоқ. Бүкіл әлем осы зұлымдықпен күресіп жатыр. Одан арылу үшін заңдар мен мемлекеттік құрылым­дар өзгертіліп, сыбайлас жемқор­лық­ты жоюдың жаңа жолдары мен технологиялары енгізіледі. Алайда «жойылып» жатқан «сыбайлас жем­қорлық» жоқ, қайта өршіп, жа­ңаша бағытқа бейімделіп ала­ты­ны белгілі. Сондықтан да бұл кү­рес тынымсыз әрі тоқтаусыз жүр­гі­зіліп келеді. Мемлекет қоғам­ның қол­дауынсыз жеңе алмайтыны да бел­гілі. Мұндай «өміршең құбы­жық құбылыспен» күресуде аза­мат­тық қоғам шешуші рөл атқа­ра­ры сөзсіз.

Ал қоғам дегеніміз – сіз бен біз, яғни заңға, қоғамдағы өзіміздің мін­деттеріміз бен моральдық ахуа­лы­мызға деген бір-біріміздің қа­рым-қатынасымыз. «Қылмыс – қа­лыпсыз қоғамдағы қарапайым адам­дардың қалыпты әрекеті» дей­ді ресейлік жазушы В.Пикуля. Де­мек, зұлымдықтың тамырын қоғам­ның өзінен іздеген жөн. Бұл әлеу­меттік зұлымдықтың себебін өзімізден іздегеніміз абзал: сыбай­лас жемқорлықтың неден бастала­ты­нын білсек те, неден бастал­ға­нын байқасақ та, немкетті қарап, бай­қамаған кейіпте жүреміз. Кейде оған өзіміз себепші де боламыз. Бәрі содан басталады.

Әділетсіздікті көргенде мем­ле­кет­ті кінәлап, ренішімізді білдіре­міз. Алайда сыбайлас жемқор­лық­пен күресуге келгенде, ешқай­сы­мыз атсалыспаймыз. Көптеген аза­­­­мат күнделікті тұрмыстағы сы­бай­­­лас жем­қорлықты көретұра заң­­­­сыздық­қа жол береді, оны әш­­ке­релеудің орнына бейқамдық таны­тады. Кей­де мұны қалыпты жағ­­дай деп те ойлай­ды. Мұндай жағ­­дайда мемле­кет те, құқық қор­ғау орган­дары да ешнәрсе істей алмайды. Бәрін жаза­лап, қапасқа отырғызу мүмкін емес. Сондықтан сыбайлас жемқорлық­пен тиімді күресу үшін әрбір аза­мат­тың жа­уап­­кершілікті сезіне, белсене ара­ла­сып, атсалысқа­ны керек. Оны құ­рықтауға өз үлесін қосқаны қа-жет. Яғни, азаматтардың сы­бай­­лас жемқорлық туралы көзқа­ра­сын өзгерт­пейінше, тиімді нәти­жеге жету мүмкін емес.

Сыбайлас жемқолықпен күре­су – қоғамның және әр азаматтың ор­тақ ісі, ортақ міндеті екенін әр қа­зақстандық, әр отбасы түсінуі керек.

Ұлы Абай атамыз «ұрпағыңызға асыл мұра ретінде арсыздықты әкелетін байлықты емес, тәрбиені қалдыр» деген екен. Сыбайлас жем­қорлыққа немқұрайлылық – қоғам­ның ең өзекті мәселесі. Адам таби­ғатының бұзылуына, адамгер­ші­ліктің тапталуына, адамдардың бөлінуіне әкеледі. Бұл – қоғамдық сананың рухани емес, материалдық тұрғыдан дағдарысқа ұшырауы.

Карл Маркс «әлеуметтік жүйе­нің қақ ортасы іріп-шірісе, онда ха­лықтың саны емес, қылмыстың саны өрши түседі» деп жазған екен. Адам белгілі бір материалдық жағ­дай­ға тәуелді болғанда, ар-ұят, на­мысты екінші орынға қояды. Егер ар-ұят, намысты екінші орын­ға қоятын болсақ, онда болашақта тұтас бір ұрпақты жоғалтып алуы­мыз мүмкін. Біз осыны түсінуіміз қажет, сыбайлас жемқорлыққа қар­сы күресе отырып, өмірімізді одан ары жақсартып, адамгершілік, ру­хани байлығымызды жоғалтпай, өр­кениетті ел құруымыз керек

Міне, елімізде бүгінде осындай тәжірибеге қатысты шараларды қабылдау және ұқсас реформа­лар­ды жүзеге асыру жұмыстары жүргі­зі­ліп жатыр. Бұл қадамдар   сыбай­лас жемқорлық көріністерін тө­мен­­­дету мен жою бағытында үл­кен заманауи серпіліске әкелері сөз­сіз.

Қазақстан Республикасы Мем­ле­кеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша де­пар­таменті әдеп жөніндегі кеңе­сі­нің отырысы өтті. Шиелі ауда­ны­ның әкімі сыбайлас жемқорлық фактілерінің алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарын баяндады. Былтыр шиелілік 3 ше­неу­нік парамен ұсталыпты. Анау-мынау емес, аудандық Ішкі істер бөлімі көші-қон қызметі бөлім­ше­сі­нің бастығы Ғ.Оңғарбаев заңсыз әрекетке барған екен. Бөлімшенің экс-бастығы шетел азаматтарын тіркеу үшін тұрғындардан 20 мың теңге және 30 мың теңге көлемінде барлығы 50 мың теңге пара алған. Ол Қазақстан Республикасының Қыл­мыстық Кодексінің 366-ба­бы­ның 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, мемлекеттік органдарда лауазымды қызмет атқару құқы­ғы­нан өмір бойына айрылып,
3 500 000 теңге айыппұл төлеуге мін­­дет­тел­ді. Пара алып тұтылған­дар­дың қа­тарында ауыл әкімі де бар. Ги­гант ауылдық округінің әкімі Қ.Қа­лиев ауыл маңайынан жер рәсімдеп беру үшін «ауыз­бас­ты­рық» дәметіпті. Нақтырақ айт­қан­да, Гигант ауылдық округінің ай­ма­ғынан жер учаскесін рәсімдеп бе­ру үшін аудан тұрғынынан 60 мың теңге көлемінде пара алған. Ауыл әкімі Қазақстан Респуб­ли­ка­сы­ның Қылмыстық Кодексінің 366-бабының 3-бөлігінің 4 тар­ма­ғы­мен кінәлі деп танылып, мемле­кет­тік органдарда лауазымды қыз­­­­мет атқару құқығынан өмір бо­­йына айрылып, оған 7 700 000 тең­­ге айыппұл салынған. Ал аудан­дық Экономика және бюджеттік жос­парлау бөлімінің бұрынғы бас­шысы М.Шоханов мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілет­тік берілген лауазымды адам бола тұра, Қылмыстық Кодекстің 361-ба­бының 1-бөлігінің көздел­ген қылмыстарды жасап, сол бойынша кінәлі деп танылып, Қазақстан Республикасының Қыл­мыстық Кодексінің 65-бабына сай қылмыстық жауаптылықтан босатылыпты. Шиелі ауданы «Ақ­то­ған ауылдық округі әкімінің ап­­параты» коммуналдық мемле­кет­­тік мекемесінің жетекші ма­ман-есепшісі Т.Мықтыбаев лауа­зым­ды қызметін пайдаланып, өзі­не сеніп тапсырылған мүлікті ием­деніп, жымқыру мақсатында жал­пы сомасы 2 912 586 тең­гені иемденіп, мемлекетке ірі кө­лем­де залал келтірген. Жетекші маман Шиелі аудандық сотының Үкімімен Қазақстан Республи­ка­сы­ның Қылмыстық кодексінің 189-бабының 3-бөлігінің 1,2-тар­мақ­тарымен кінәлі деп танылып, мемлекеттік мекемелерде есепші қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, екі жыл мерзімге бас бостандығынан ай­рылған. Айтпақшы, өткен жылы аталған ауданға қарасты Жуантөбе ауылдық округінің әкімі Ә.Бегай­да­ров ауылдық округтің балабақша меңгерушісін заңсыз қудалағаны үшін «сөгіс» түріндегі тәртіптік жаз­а алса, аудандық ауыл шара­шы­лығы бөлімінің басшысы М.Әшір­бе­ковке тәртіптік теріс қы­лық­тарға жол бергені үшін «қыз­мет­ке толық сәйкес еместігі туралы ес­кер­ту» түріндегі тәртіптік жаза қол­данылған. Сондай-ақ жыл басында Шиелі кентінің әкімі Ғ.Аманжолов БАҚ өкілдеріне дөрекілік танытқаны үшін «сөгіс» түріндегі тәртіптік жаза алыпты.     Со­нымен қатар әдеп кеңесінде об­лыстық Ішкі саясат басқар­ма­сының жауапты тұлғаларына қа­тыс­­ты тәртіптік істі тоқтату туралы мәселе қаралды. 2019 жылғы 26 наурыздағы №02-19665 хатына сәйкес Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасарлары Б.Жана­ділов пен Г.Исмайловаға қатысты тәртіптік істер қоз­ғалып, қызметтік тергеп-тек­се­ру тағайын­далды. Қызметтік тер­геп-тексеру қорытындысына сай, бас­қарма басшысының орын­ба­сар­лары Б.Жанаділов пен Г.Ис­май­­лова мемле­кеттік сатып алу заң­­нама­сын­да белгіленген талап­тар­ды бұ­зып, мемле­кеттік сатып алу конкур­сын өткізуде заңнамада көзделген құжат­тарды ұсынбаған әлеуетті өнім берушілерді конкурс­қа қаты­суға жіберуі арқылы оларға не­гізсіз қолдау көрсеткені байқа­ла­ды.

Дегенмен Г.Смаилова мен Б.Жанаділов заңға сәйкес жұмыс­тан боса­тылды. Сондықтан аталған лауа­зымды тұлғаларға қатысты қоз­ғалған тәртіптік іс-кеңес мүше­лерінің қолдауымен тоқтатылды. Кеңесте Қызылорда қалалық құ­ры­­лыс бөлімінің басшысы Т.Бәй­ме­новтің тәртіптік жазасын мер­зі­мі­нен бұрын алу жайы да сөз бол­ды. Оған әдеп жөніндегі кеңестің қара­уына Т.Бәйменовтің тәртіптік жазасын мерзімінен бұрын алу туралы Қызылорда қаласының әкі­мі Н.Нәлібаевтың ұсынысы не­гіз болған. Осылайша, кеңес мү­ше­­­лерінің басым даусымен Т.Бәй­­­меновтің тәртіптік ісі тоқта­тыл­­­ды.

Сондай-ақ кеңесте Қызылорда облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл тура­лы заңнамалары, Әдеп кодек­сін бұзу­дың профилактикасы ба­ғы­­­тын­­да атқарған жұмысы тура­лы басқарма   басшысының орын­ба­са­ры баяндама жасады.

             

Миуа БАЙНАЗАРОВА,
Қызылорда облысы