Кеше елордада Қазақстандағы өзге ұлт өкілдерінің ел дамуына қосып келе жатқан үлесіне арналған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Бұл жиында «Қазақстан этностарының Қазақстан халқының жалпы тарихи-мәдени мұрасына қосқан үлесін зерделеу» деп аталатын зерттеу жұмысы таныстырылды. Бұл жинақта ел дамуына елеулі үлес қосқан белгілі 50 тұлға туралы мәліметтер енгізілген.
«Өздеріңізге белгілі, сын сағатта қазақ жеріне келген көптеген ұлт өкілдері халқымыздың қамқорлығы мен мейіріміне бөленді. Өз кезегінде, олар да еліміздің әлеуметтік, мәдени, экономикалық дамуына өлшеусіз үлес қосып келе жатыр. Жасыратыны жоқ, егемендік алған соң кейбір посткеңестік елдер дұрыс этносаралық саясат жүргізбеуі салдарынан сапалы мамандарын жоғалтып, даму қарқынын ондаған жылдарға шегеріп алды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көреген этносаралық саясат жүргізді, Қазақстан халқы Ассамблеясын құрды» деді Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев.
Министрдің айтуынша, Қазақстанның бүгінгі даму бағыты мен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саясаты осы жетістіктерімізді сақтап, дамытуға негізделген.
Конференция қатысушылары назарына ұсынылған «Қазақстан этностарының Қазақстан халқының жалпы тарихи-мәдени мұрасына қосқан үлесін зерделеу» атты зерттеу жұмысына композитор, профессор Е.Брусиловский, аңызға айналған фольклорист, этнограф, композитор А.Затаевич енген. Сонымен қатар Герольд Бельгер, Нина Патрушева, Анатолий Храпатый, Денис Тен және Қазақстанның дамуына үлес қосып жүрген қазақстандықтардың еңбегі атап өтілген.
«Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының басқарма төрағасы Кемелбек Ойшыбаев еліміз тәуелсіз мемлекеттің өзіндік үлгісін құрды деп санайды. Ол аталған үлгінің негізгі құрамдастары: патриотизм, этномәдени дәстүрлер мен қоғамдық келісім құндылықтары екенін атап өтті.
«Сондықтан «Рухани жаңғыру» аясында жүзеге асырылатын осындай жобалар ұлттық бірлікті нығайтуда ерекше рөлге ие. Біздің тарихи-мәдени мұрамыз – елде тұратын барлық этностың ортақ рухани және зияткерлік үлесінің нәтижесі екенін нақты мысалдар арқылы көрсеткіміз келеді» дейді ол.
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты ұйымдастырған конференция жұмысына Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев, Мемлекет тарихы институтының директоры Бүркітбай Аяған, Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов, тарих ғылымы және этнология, этносаралық қатынастар, саяси зерттеулер саласындағы жетекші мамандар, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты.
Айдана БЕГІМ