ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің қаржы нарығы саласындағы заңнамасын үйлестіру туралы келісімді ратификациялау Қазақстанда қызмет көрсететін банктердің проценттік мөлшерлемесін төмендетуге алып келеді. Бұл туралы Мәжіліс отырысында ҚР Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев мәлімдеді.
«Бүгін талқылаған келісім аясында нарықтағы кедергілерді жою туралы қадамдар қарастырылған. Бұл өз кезегінде бәсекелестікті дамытуға және банктік сектор тарапынан сервисті жақсартуға жағдай жасайды. Нарықтағы қатысушылар алаңының кеңеюі алдағы уақытта тарифтердің, комиссия талаптарының және проценттік ставкалардың төмендеуін білдіреді», – деді Е.Досаев.
Айта кетейік, Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің қаржы нарығы саласындағы заңнамасын үйлестіру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды.
«Ортақ қаржы нарығын құру банк, сақтандыру секторында және бағалы қағаздар нарығындағы қызмет көрсету секторында лицензияларды өзара тануды, қаржы нарықтарына кемсітушіліксіз кіруді қамтамасыз етуді, мемлекеттік реттеуді жетілдіруді және қаржы нарықтарында бақылау мен қадағалауды жүзеге асыруды көздейді»,– деді ҚР Ұлттық банк төрағасы.