Алматы қаласында өтіп жатқан күрес түрлерінен Қазақстан біріншілігінде грек-рим күресінен бес салмақта жеңімпаздар анықталды.
Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, алматылық Қорлан Жаханша ел біріншілігінде екінші орынды қанағат тұтты. Ол 55 келі салмақта ақтық сында жамбылдық Жансерік Сәрсенбиевке жол берді. Бұл салмақта үшінші орын елордалық Марлен Мұқашев пен Солтүстік Қазақстан облысынан келген Аманғали Бекболатовқа бұйырды.
Жамбылдық тағы бір балуан Сұлтан Әсетұлы 63 келіде алматылық Бағлан Жақаншадан айласын асырып кетті. Қола жүлдеге елордалық Асаухат Мұхамедиев пен Алматы облысының балуаны Ғалым Қабдунасаров қол жеткізді.
Ал 72 келіде атыраулық Қаһарман Қисметов чемпион атанса, алматылық Азат Садықов күміс жүлдегер болды. Үздік үштікті алматылық Темірлан Өмірбай мен қызылордалық Олжас Сүлеймен түйіндеді.
Қостанайлық Мирас Баршылықов 82 келіде қарсылас шақ келтірген жоқ. Ол финалда шымкенттік Шамиль Батыровтың осал тұсын тапты. Қостанайлық Темірлан Байғаниин мен ақтөбелік Қуанышбек Досжанов қола жүлдеге қол созды.
Қарағандылық Ерұлан Ысқақов 97 келіде финалда қызылордалық Олжас Сырлыбайды жеңді. Үшінші орынға Шығыс Қазақстаннан келген Салауат Ахметқали мен жамбылдық Мейірбек Қордабай ие болды.