Қостанайда 34 жастағы ер адамды ұрып-соғып, тонап кеткен 10 адам ұсталды, деп хабарлайды облыстық полиция департаменті баспасөз қызметі.
Оқиға 21 қараша күні облыс орталығында болды. Жәбірленуші «102 « нөміріне қоңырау шалып, көмек сұраған.
«Жәбірленуші жаяу патрульдеу полициясының қызметкерлеріне болған оқиға туралы хабарлады. Оны бейтаныс адамдар ұрып-соғып, 20 мың теңге ақшасы мен велосипедін тартып алған. Патрульдік полиция инспекторлары Байбол Жансүгіров пен Жандос Тайшенов дереу жедел орталыққа қоңырау шалып, күдіктілердің тұрған жерін анықтауды сұрады. Содан кейін полиция зардап шеккендермен бірге келесі көшеде күдіктілерді тапты. Полиция қызметкерлері бір топ жастарға жақындап, олардың мас болғанын байқаған. Осы кезде жәбірленуші олардың екеуін таныды. Жастар тәртіп сақшыларының заңды талаптарына агрессивті түрде жауап берді. Инспектор Жансүгіров қосымша күш шақырып, жедел топ келгенге дейін оларды ұстап тұрды», делінген ведомство хабарламасында.
Қазіргі уақытта аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 293-бабының 1-бөлігімен (бұзақылық) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.