Н.Назарбаев «Самұрық-Қазына» туралы: «Мұның барлығы азаматтарымызға тиесілі»
Н.Назарбаев «Самұрық-Қазына» туралы: «Мұның барлығы азаматтарымызға тиесілі»
170
оқылды

Қазақстанның Тұңғыш Президентінің төрағалығымен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорын басқару жөніндегі Кеңестің отырысы өтті. Бұл туралы Elbasy сайты хабарлайды.

Отырыс барысында осы жылдың мамыр айында өткен Кеңесте берілген тапсырмалардың орындалу барысы қаралды.

«Самұрық-Қазына» қоры еліміздің ұлттық экономикасында ерекше рөл атқарады. Қордың алдында үлкен міндеттер тұр. Биылдыққа бұл Кеңестің екінші отырысы», - деді Елбасы.

Кеңесте «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Басқарма Төрағасы А.Есімов, «ҚТЖ» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасы С.Мыңбаев, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасы А.Айдарбаев, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Басқарма Төрағасы Г.Пирматов баяндама жасады.

Ұсынылған ақпаратты тыңдай келе, Нұрсұлтан Назарбаев Қор басшылығы жүйелі мәселелерді шешіп, өндірістік көрсеткіштер мен индикаторлардың оң динамикасына қол жеткізгенін атап өтті.

«Былтыр Қордың таза кірісі 2017 жылғы деңгеймен салыстырғанда 88 пайызға артты. Биыл тағы 40 пайыз өсімді байқап отырмыз. Осы жылғы 9 айдың көрсеткіші былтырғы бір жылдық көрсеткіштен жоғары. Бұл жақсы динамика. Әкімшілік және басқа да тиімсіз шығындарды жүйелі түрде азайтып жатырсыздар. Мұның барлығы құптарлық жұмыс», - деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.



Елбасы бірлескен кәсіпорындардағы мемлекеттік үлестерді тиімді басқаруды қамтамасыз етудің маңыздылығына тоқталды.

«Қор 268 миллиард теңге таза ақшалай кіріс түсіріп, мемлекетке 70 пайызын, яғни 190 миллиард теңге әкелді. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 2 есе көп. Сондай-ақ, ақшалай түрде дивидендтер мөлшері 5 есе өсті. Мұнымен шектеліп қалмай, осы бағыттағы жұмысты жалғастырған жөн», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен бірге, Қазақстанның Тұңғыш Президенті мұнай-газ және химия өнеркәсібі салаларындағы тиімсіз учаскелердегі өндірісті ынталандырудың жаңа тетіктерін енгізу нәтижелігіне назар аударды.

«Жаңа тетіктерді енгізу арқылы өндіріс көлемін ұлғайту мен әлеуметтік мәселелерді шешуден бастап, қажетті қорлар үлесін ұлғайтуға дейінгі кешенді міндеттер шешілуде. Үкімет бұл тәсілдерді зерттеп, қолдау көрсетуі қажет», - деді Елбасы.

Сондай-ақ, отырыс барысында Қор компанияларының IPO-ға шығуы және сатып алулардың тиімділігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.

«Бір көзден сатып алу шамамен 1,5 есе қысқарды және бәсекеге қабілетті сатып алу көлемі 4 есе өсті. Нәтижесінде үнемділік те артты. Бүгінгі күні үнемделген қаражаттың көлемі 130 млрд теңгеден асады», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Нұрсұлтан Назарбаев «Самұрық- Қазына» АҚ-ның 2018-2028 жылдарға арналған даму стратегиясын іске асырудың оң нәтижелерін атап өтіп, Қор компанияларының қаржылық жағдайын жақсартуға және жекешелендіру жоспарын одан әрі іске асыруға бағытталған ұсыныстарды қарастырудың маңыздылығын атап өтті.

«Самұрық-Қазына» – ұлттық әл-ауқат қоры. Сондықтан біз Басқару кеңесі мен Директорлар кеңесі ретінде тұрғындар мен бизнес өкілдері тарапынан Қор қызметіне деген сенімді арттыру мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізуіміз қажет. Азаматтар мұның бәрі Қазақстанға және біздің халқымызға тиесілі екенін түсінуі керек, - деп қорытындылады Елбасы.