Батыс Қазақстанда 21 тонна бензин әкеле жатқан көлік аударылып қалды
Батыс Қазақстанда 21 тонна бензин әкеле жатқан көлік аударылып қалды
234
оқылды
Батыс Қазақстан облысында «КамАЗ» жүк көлігі аударылып қалды. БҚО Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, оқиға Теректі ауданы Ақсуат ауылдық округі Пойма ауылы маңындағы теміржол өткелі тұсында болды. «КамАЗ» автокөлігінің жол оқиғасына тап болғаны жөнінде хабар түсті. «Подстепный-Федоров-РФ шекарасы» жолының 12-шақырымында 21 тонна жанар-жағар майын (АИ-92 бензині) әкеле жатқан жүк көлігінің жүргізушісі рульге ие бола алмай, жол жиегіне түсіп кеткен. Жол апаты салдарынан жарты сағат ішінде люк тесігінен минутына 10-15 тамшы бензин ағып кеткен. Абырой болғанда, бензиннің ағуы дер кезінде тоқтатылды. Зардап шеккендер жоқ. Жанар-жағар май құйып алу үшін Орал мұнай базасынан екі бензин таситын көлік шықты. Топырақ сынамасын алуға БҚО экология департаментінің мамандары да оқиға орнына барды.