Nur Otan партиясының партиялық бақылау комитетінің отырысында орталық және жергілікті атқарушы органдардың тұрғындарды ауызсумен қамтамасыз ету бағдарламасын іске асыруда бюджет қаржысын тиімді пайдалану мәселесі қаралды. Жұмысшы тобы мемлекеттік және өңірлік бағдарламаларды іске асыру қорытындысын, бақылау комиссиясы тексерісінің нәтижесін, БАҚ жарияланымдары мен осы тақырыпқа қатысты партияның қоғамдық қабылдауларының ақпараттары жөніндегі материалдарды зерттеді.
Жұмысшы тобының жетекшісі Сәкен Естайдың айтуынша, 2011-2019 жылдары сумен жабдықтау мен су тарту секторына мемлекет 2 688 жобаны іске асыру үшін 850 млрд теңге инвестиция құйған. 2019 жылы ауыл тұрғындарының 62%-ын орталықтандырылған сумен қамтамасыз етіп, ал қалада оны 97%-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр.
– Қалаларда орталықтандырылған сумен жабдықтау мәселесі шешіліп жатқанымен, ауылды жерлердегі жағдай әлі де күрделі. Мысалы, 6 499 ауылдың тек 3 892-і ғана орталықтандырылған сумен жабдықталып, 1,2 млн тұрғыны бар 2 607 ауыл оған әлі қол жеткізе алмай отыр. Көптеген ауылдардың тұрғындары жергілікті қайнар көздерді, құдықтардың, ұңғымалардың және жер үсті суларын пайдаланып, сырттан әкелетін суды ішіп отыр. Тұрғындардың нормативті сапа стандартына мүлде сәйкес келмейтін суды пайдаланып отырғандары да бар, – деді Сәкен Естай.
Жұмысшы тобының жетекшісі өңірлік комитет дайындаған материалдардың сапасыздығына комитет мүшелерінің назарын аударды. Көп жағдайда ұсынылған ақпараттарда статистикалық мәліметтер мен мемлекеттік және өңірлік бағдарламаларды іске асыру барысы туралы жалпылама мағлұматтар ғана беріліп, проблемалық нысандарға байланысты деректер, осы мәселелердің талдауы мен оларды шешудің жолдары бола бермейді.
– Мысалы, Павлодар облысындағы Құлакөл мен Қарасор ауылының тұрғындары теміржолдың арқасында ауызсумен қамтамасыз етіліп келеді. Әкелінетін 120 тонна су бірнеше күнге ғана жетеді. Су арнайы жинақтағышқа құйылып, колонкалар арқылы тәулігіне бірнеше сағат бойы ауылға беріліп тұрады. Бұл ауылдар 2018 жылдың соңына дейін орталықтандырылған сумен жабдықталуы тиіс болып, осы жобаға 750 млн теңге бюджеттік қаржы бөлінгені белгілі. Әкімдіктегілер тұрғындарды құрылыстың аяқталғанына сендіріп, ұсақ-түйек жұмыстардың ғана қалғанын айтқан болатын. Бұл жерде аудандық және өңірлік партия ұйымдарының, өңірлік Партиялық бақылау комиссияларының жігерсіздігін айта кеткен ләзім. Есептерінде деректерді тізіп бергеннен бөлек, орталықтан нұсқау күтпей ахуалды түзеуге байланысты жергілікті жерлерде шаралар қабылдау қажет, – деп атап өтті ол.
Бұдан да сорақы жергілікті биліктің әрекетсіздігі Шығыс Қазақстан облысының Аягөз ауданында тіркелді.
– Ауданның мыңдаған тұрғыны ауызсусыз қалған, өйткені сумен қамтамасыз етуді іске асыруға байланысты 6 жоба қағаз жүзінде ғана жүргізіліп, құрылысшы-мердігерлерге істеген жұмысының толық көлемі үшін бюджеттен ақша төленген. Аягөз қаласының өзінде 10,5 мың адам орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілмей қалса, 37 мыңына су тартылған жоқ. Дей тұрсақ та, тек 2018 жылы ғана Аягөз ауданына сумен қамтамасыз ету және сумен жабдықтау нысандарын жүргізу мен қайта құруға республикалық бюджеттен 2,5 млрд теңге бөлінгені мәлім. Сол кезде аудандық мәслихат депутаттары қайда болды, аудан тұрғындарының шағымдары мен өтініштерін олар қалай естімей қалды? Ауданды он жылдан астам басқарған Аягөз ауданының бұрынғы әкімі Бақытжан Баяхметовке қоятын жеке сауалымыз бар. Өзіне сеніп тапсырылған аудандағы жоғарыда айтылған мәселелерді оның білмеуі мүмкін емес. Ауданның лауазымды тұлғалары мен басшылары – партия мүшелерінің іс-әрекетіне өз бағамызды беріп, аталған азаматтарды партиядан шығару туралы мәселе көтеруіміз керек, – деді Партиялық бақылау комитетінің мүшелері.
Nur Otan партиясының партиялық бақылау комитеті отырысының қорытындысы бойынша, тұрғындарды ауызсумен қамтамасыз етуге бөлінген бюджет қаражатын жұмсау саласындағы анықталған кемшіліктерді жою жөніндегі жұмысты жеке бақылауына алу үшін партияның аудандық филиалының төрағасына ұсыныстар айтылды. Сонымен бірге кейбір өңірлердегі партиялық бақылау комиссиясының төрағаларын қызметінен босату мәселесі көтерілді.
Бұдан бөлек, партияның тиісті өңірлік филиалының Саяси кеңес бюросына Аягөз ауданының бұрынғы әкімі, қазіргі Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Баяхметов пен өңірдегі басқа да бірқатар партияластарға қатысты партиялық шара қолдану ұсынылды.
Әбілмансұр ЖАСАН