Арменияға сапармен барған Сенат төрағасы Дариға Назарбаева осы елдің парламенті – Ұлттық жиналысының төрағасы Арарат Мирзоянмен кездесті. Тараптар екіжақты парламентаралық қатынастарды дамыту келешегін, сондай-ақ парламенттік ұйымдар аясындағы өзара іс-қимылды талқылады.
Дариға Нұрсұлтанқызы өз сөзінде Арменияны Қазақстанның ТМД мен Еуразиялық одақтағы сенімді әріптесі деп атады.
– Мемлекеттеріміздің қарым-қатынасы бүгінде өзара түсіністік пен сенім жағдайында қарқынды дамуда. Біз оны сақтай отырып, халықтар игілігі үшін ары қарай дамытамыз деп үміттенемін, – деді ол.
Сенат басшысы ТМД ПАА, ҰҚШҰ ПА, Парламентаралық Одақ және ЕҚЫҰ ПА секілді парламентаралық ұйымдар аясындағы көпжақты байланысты дамытуды да маңызды санайды.
Д.Назарбаева Қазақстан мен Армения парламенттері арасындағы ынтымақтастық тобының рөліне ерекше назар аударды және заң шығару бойынша тәжірибе алмасу үшін топ әлеуетін тиімді пайдалану қажетін атап өтті.
Өз кезегінде Арарат Мирзоян қос мемлекет қатынастарының достық және одақтастық сипатына тоқтала келе, Армения Қазақстанмен екіжақты парламентаралық ынтымақтастықты қарқынды дамытуға маңыз беретінін жеткізді.
Кездесуден кейін Дариға Назарбаева бастаған қазақстандық сенаторлар делегациясы Армения ұлттық жиналысының паркіндегі «Төрағалар аллеясында» ағаш отырғызды. Д.Назарбаеваның айтуынша, көшеттер ел мен халықты байланыстыратын достықты паш етеді.
Елдос СЕНБАЙ