Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Вьетнамға ресми сапармен барды. Кейінгі уақытта дамудың жоғары қарқынына қол жеткізген осы елде Палата спикері парламентаралық ынтымақтастықты нығайту жөнінде уағдаласты, Абай орталығын аралады және жергілікті экономиканың жетістіктерімен танысты.
Нұрлан Зайроллаұлы Ұлттық жиналыстың төрағасы Нгуен Тхи Ким Нганмен келіссөздері барысында парламенттердің бейінді комитеттері мен ынтымақтастық жөніндегі топтары деңгейінде өзара іс-қимылды жандандыруға, заң шығару тәжірибесімен алмасуға келісті.
Вьетнам – еліміздің Оңтүстік-Шығыс Азиядағы маңызды серіктесі. Осы орайда Мәжіліс басшысы жан-жақты әрі өнімді ынтымақтастық іргетасын Елбасы Н.Назарбаев қалағанын, ал Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың саясаты арқылы одан ары дамып жатқанын айтты.
Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақстандық-вьетнамдық қарым-қатынасты орнатып, өркендетудегі ерекше рөліне Вьетнам Ұлттық жиналысының басшысы да жеке тоқталды және еліміздің жоғары халықаралық беделін атап өтті.
Н.Нығматулиннің байламынша, ЕАЭО мен Вьетнам арасында Еркін сауда аймағы туралы келісімге қол қойылуы әріптестіктің өрлеуіне елеулі серпін бермек. Өйткені Вьетнам Еуразиялық одақпен осындай келісім бекіткен тұңғыш елге айналды. Екіжақты ынтымақтастықтың перспективті бағыттары қатарында ауыл шаруашылығы, тамақ және жеңіл өнеркәсіп, көлік, логистика, туризм аталды.
Мәжілістегі Nur Otan фракциясының жетекшісі ретінде Нұрлан Нығматулин партияаралық диалогты жандандыруға да мән берді.
Кездесуде екі мемлекет арасында тікелей әуе қатынасын қайта қалпына келтіру, қазақстандықтар мен вьетнамдықтар үшін визасыз режим енгізу мәселелері қаралды.
Қос елдің мәдени-гуманитарлық байланыстары да айрықша маңызды. Мәжіліс спикері Ханой университетінде 2013 жылы ашылған Абай атындағы мәдениет және ғылым орталығында болды. Бүгінде орталық ұлы ақынның 175 жылдығын мерекелеуге әзірленуде. Палата төрағасы ЖОО оқытушылары мен студенттеріне Абай мерейтойы аясында Қазақстанда жоспарланған іс-шаралар туралы айтып берді және кітаптар сериясын сыйға тартты.
Мәжіліс төрағасы елдің экономикалық мүмкіндіктерімен Дананг қаласында танысты. Ол теңіз портының және жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының жұмысына қанықты.