Таразда «Талас құрылтайы: тарих пен тағылым» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Алтын Орданың 750 жылдығына арналған жиынды Халықаралық Түркі академиясы ұйымдастырды.
Іс-шараға Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев, облыс әкімі Асқар Мырзахметов, Мәдениет және спорт вице-министрі Өркен Бисақаев, Қырғызстанның Мәдениет, ақпарат және туризм вице-министрі Нұржігіт Қадырбеков, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан, Моңғолия мен Ресейдің белгілі тарих ғалымдары мен қайраткерлері қатысты.
Бердібек Сапарбаев жиында сөйлеген сөзінде Алтын Орданың 750 жылдығын мерекелеудің маңызын атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алтын Орданың 750 жылдығын атап өтуге ерекше назар аударуды тапсырды. Бұл – еліміз үшін, мемлекеттілігіміз үшін өте маңызды тарихи оқиға. Мереке аясында Атырау және Қарағанды облысында конференциялар өтті. Сондай-ақ Татарстан мен Түркияда іс-шара өткізу жоспарланып отыр» деді вице-премьер.
Ол сондай-ақ 2000 жылдық тарихы бар Тараз қаласында да аталған бағытта бірқатар жұмыс атқарылатынын мәлімдеді. «Тараз да туристерді тарту орталығына айналуы тиіс. Үкімет қолдауын аямайды» деп толықтырды вице-премьер.
Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов жақын арада туристерді тарту орталығына айналатын «Шахристан» тарихи-мәдени орталығының құрылысы туралы айтып берді. «Біз ежелгі әрі қасиетті жерде өмір сүреміз. Баршаға тарихымыздың терең екенін көрсетуіміз керек» деді аймақ басшысы.
Конференцияда шетелдік делегация өкілдері – Медетхан Шеримқұлов (Қырғызстан), Сухбаатар Дагвадорж (Моңғолия), Фархад Максудов (Өзбекстан), Айрат Ситдиков (Татарстан) сөз сөйледі. Аталған ғалымдар тарихымыздың ортақ екенін және оны терең зерттеудің маңызын атап өтті.
Мәдениет және спорт министрлігінің мәліметінше, Алтын Орданың 750 жылдығын мерекелеу аясында кешенді жоспар әзірленді. Соған сәйкес, жоғары деңгейде 50-ден астам іс-шара өткізу көзделген. Атап айтқанда, отандық және шетелдік ғалымдардың қатысуымен халықаралық ғылыми конференция өтеді. Алтын Орда тарихына арналған монографиялар мен кітаптар жарық көреді. Ұлытау өңірінің туристік әлеуетін ілгерілету, археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу, деректі фильм шығару көзделіп отыр.
Сондай-ақ Бердібек Сапарбаев Жамбыл облысына сапарында халықтың табысын арттыру жөніндегі жобаның жүзеге асырылу барысымен танысты. Вице-премьер 2017 жылы салынған дәрігерлік амбулаторияға барды.Қостөбедегі клубта Бердібек Сапарбаев аудан жұртшылығымен кездесу өткізді. Кездесуде ауданда халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған пилоттық жобаны іске асыру талқыланды. Сондай-ақ ауыл тұрғындары өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қойып, ұсыныс айтты.
Бұдан кейін Премьер-Министрдің орынбасары облыстық драма театрда жұртшылықпен жүздесті. Кездесуге Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, еңбек ардагерлері, білім беру, денсаулық сақтау мекемелерінің басшылары мен қызметкерлері, үкіметтік емес сектордың өкілдері, ардагерлер, қоғам белсенділері мен өңір тұрғындары қатысты.
Кездесуді ашқан облыс әкімі Асқар Мырзахметов Президенттің «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауы маңызды әлеуметтік міндеттерді шешуді көздейтінін айтты. Бұл азаматтардың өмірін жақсартуға мүмкіндік беретінін жеткізді.
Бердібек Сапарбаев баяндамасында Жолдаудың мәнін түсіндірді. Ол Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру аясында қандай жұмыс жүргізілгенін, жоспарда не барын егжей-тегжейлі айтып берді. Сонымен қатар әлеуметтік-мәдени және спорт объектілерін сапалы медициналық қызметтермен қамтамасыз ету жолға қойылғанын баса айтты. Мұқтаж және көпбалалы отбасыларды қолдау, азаматтарды жұмыспен қамтамасыз ету үшін жағдай жасауға басты назар аударылатынын қосты. Одан ары кездесу «сұрақ-жауап» форматында жалғасты.
Айбике ЖАНАСЫЛ