Партияның «қайта жаңғыруы» аясында еліміздің 14 аймағында Nur Otan партиясының кадрлық резервіне үміткерлер іріктелуде. Жоба даму деңгейі, тұрғындар саны және әртүрлі әлеуметтік топтардың қамтылуы бойынша ерекшеленетін қалалар мен аудандарда пилоттық режимде жүзеге асырылады.
Негізгі мақсат – әртүрлі саладағы белсенді азаматтарды анықтау және жинақталған тәжірибені ескере отырып, партиялық іріктеуді өткізу тәртібін жетілдіру. Nur Otan партиясының кадрлық резервіне 800-ге жуық үміткер тіркелген, олардың 30%-ы әйелдер, тағы 30%-ы 35 жасқа дейінгі азаматтар. Олардың ішінде көпбалалы аналар, ерекше қажеттіліктері бар адамдар да кіреді.
Пилоттық іріктеу аясында үміткерлер өз бағдарламасымен қоғамдық пікірсайыстарға қатысады. Келесі кезең – партия мүшелерінің арасында дауыс беру, соның негізінде Nur Otan партиясының кадрлық резервіне қабылдау үшін ең үздік үмткерлер таңдалады.
Сонымен, Ақмола облысының Есіл ауданында өткен партиялық резервке үміткерлердің ауыл тұрғындарымен кездесуінде жұмыс орындарын құру, сумен жабдықтау желісі және Интернеттің баяулығы жайындағы сұрақтар көтерілді. Қызылорда облысының Сырдария ауданында партия мүшелері балаларға арналған спорт алаңдары мен дамыту орталықтарының жетіспеушілігін шешуге ниеттеніп отыр. Шығыс Қазақстан облысының Бесқарағай ауданында үміткерлер жолдарды жөндеу және ауылдардағы кәсіпкерлікті дамыту тақырыбына тоқталды. Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданында мектептердегі оқушыларға орынның жетіспеуі, кітапханалар ашу және ауыл тұрғындарының деңгейін көтеру туралы сұрақтар көтерілді.
Айта кету керек, үміткерлердің ішінде ауылшаруашылық саласының өкілдері, қоғам белсенділері, ауыл мектептерінің мұғалімдері, дәрігерлер, мәдениет қайраткерлері, кәсіпкерлер бар.
Қарағанды облысындағы белсенді үміткерлердің бірі – Абай ауданының тұрғыны Елена Сутягина.
– Мен қызметімді мектепте физика-математика мұғалімі болып бастадым. Кейін ұзақ уақыт әйелдерді түзеу мекемесінің директоры лауазымын атқардым. Тағдыр тәлкегіне ұшыраған талай қыздың басындағы қиын жағдайды көзіммен көрдім. Біреулерінің ата-анасы жоқ, ал келесілеріне дұрыс көңіл бөлініп, жақсы тәрбие берілмеген. Адам тағдырына әсер ететін көптеген аспекті бар. Олардың ішіндегі ең маңыздысы – отбасы. Отбасының жайнап, гүлденуі үшін маңызды бірнеше шарт бар. Жұмыстан келгенде мектепте оқитын балалары сағынып күтіп отыратын жылы үйі болса, кешкісін олармен саябаққа қыдыруға шықса, міне, өмір сүруге жасалған қолайлы жағдай – осы. Менің ойымша, Nur Otan партиясы осы жағдайлардың шешімін табуға көмектеседі. Өмірімізді жақсы жаққа бірге өзгертейік, – деді ол.
Партиялық кадр резервінің тағы бір үміткері Татьяна Титовская Nur Otan партиясы белсенді азаматтардың ойын айта алуы үшін өз алаңын ұсынғанына ризашылығын білдірді.
– Кейбіреулер бізде барлығы жаман дейді. Олай болса, жақсартайық. Барлығы іске алғысыз ба? Келіңіз, дұрыстайық! Осыларды айту үшін партия бізге алаң ұсынып отыр. Ол үшін партиялық кадр резервіне үміткерлер таңдап жатыр. Біз Абай ауданының алыс ауылдарының тұрғындарымен ондаған кездесу өткізіп үлгердік. Жұртты тыңдап, оларды алаңдатқан мәселелерді білдік. Партияның қолдауымен біз олардың шешімін табамыз, – деп атап өтті Татьяна Титовская.
Клара НАҚЫП