Әлемде соңғы он жылда туризм қуатты индустрияға айналды. Туризм әлемнің өндірістік-сервистік нарық айналымының 10 пайызын иеленген. Әлем елдерінің басым бөлігі туризмді дамыту арқылы табысқа кенеліп отыр. Ал біз Дүниежүзілік туристік ұйымының мүшелігіне кіргенімізге ширек ғасырдан асса да, бұл салада кенжелеп қалдық.
Шыны керек, Қазақстанда этнотуризмді дамыту жұмыстары енді ғана қарқын алып келеді. Әлемде этнографиялық және саяхатшылық туризм кеңінен танымал болғандықтан, аdventure-туризмге сұраныс жыл сайын 46 пайызға дейін артуда. Шартарап еліміздегі демалу мүмкіндіктері жайлы енді ғана біліп жатыр. Қазақстанның төл тарихы, археологиялық қазбалары, табиғаты, салт-дәстүрі басқа елдер қызығатындай өте жоғары деңгейде. Бірақ этнотуризмнің дамуы саланың басқа түрлеріне қарағанда кемшін қалып отырған жайы бар. Ал экотуризмді алсақ, бүгінде оның аса дамыған өңірі – Алматы өлкесі. Бұл өңір бүгінде туристерді ең көп қабылдайды. «Алматы облысының алтын алқасы» туры бар. Ол Ұлттық парктерді, Көлсай мен Қайыңды көлін, Шарын шатқалын, Іле Алатау Ұлттық паркін қамтиды. Сондай-ақ Щучинск–Бурабай курорттық аймағының әлеуеті зор. Бурабайға бүгінде турист көптеп тартылады. Мұны, бәлкім, экотуризм деуге келмес. Бірақ оған адамдар табиғатта демалу үшін, атқа мініп, қымыз ішу үшін барады. Демек, осы экотуризмнің элементтері бар. Ал Шығыс Қазақстан облысының бұл жағынан мүмкіндігі өте жоғары болғанымен, онда тұру орындары барлық жерде жасақталмаған.
Жалпы, экотуризм – табиғатқа зиянын тигізбейтін немесе септігін тигізетін кез келген туризм түрі. Яғни, адамдар міндетті түрде шатырларда тұрмайды, олар қонақүйлерде де тұра алады. Олар сонымен қатар эколодждарда да тұра алады. Әлемде далада немесе орманда туристерді қабылдап қана қоймай, жаңартылатын энергия саласында ең үздік тәжірибелерді қолданатын эколодж тұратын мысал өте көп. Бұл тәжірибені өз кезегімізде қолдансақ болады.
Көбіне қонақтарды сол елдің тарихы, тұрмыс-тіршілігі, салт-санасы, дәстүрі қызықтыратыны рас. Олар өздерінде жоқты өзгеден көргісі келеді. Біз осыған дайын емеспіз. Себебі қолда бар құндылықты насихаттай алмай отырмыз.
Іргеміздегі Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолияны ғана мысалға алсақ, оларға туристер әлем-нің түкпір-түкпірінен барады. Елімізге келетін турист саны осы елдермен салыстырғанда төмен. Өйткені көрсетілетін қызмет халықаралық стандарттар жүйесіне сай емес. Мамандар күні бүгінге дейін осы этнотуризмді, жайлау туризмін дамытуды айтып-ақ келеді. Бірақ оны қолға алған нақты бастама әлі күнге дейін қара көрсеткен жоқ. Осындайда ұлттық ойындарымыздан, киіз үй, саятшылық және басқа да көшпенді дәуірдегі ұлттық ерекшелігімізден өзіміз қашып отырғандай күй кешетініміз бар. Әйтпесе, «көшпенділер өркениетін» иемденіп, оны дәл осы саладағы үлкен жетістігіне айналдырып отырған моңғолдарға жете алмай қалмас едік. Дүниежүзілік тәжірибеге сүйенсек, бізге ұлттық парктерді дамыту керек. Тарихымыздан, мәдениетімізден хабар беретін көшпенділер дәуірінің паркін жасау қажет. Сонда ғана туризмнің дамуына үлес қоса аламыз. Өзгеге тек ұлттық ерекшелігімізбен ғана тартымды бола аламыз.
Бүгінде елімізде 9 000-нан астам археологиялық және тарихи ескерткіш, 118 ерекше қорғалатын табиғи аймақ, оның ішінде 11 мемлекеттік ұлттық табиғи парк бар.
«Ел туризмін дамытуды ең алдымен жол жөндеуден бастау керек. Біздің елдегі ең бірінші кемшілік – осы. Өйткені саяхатқа шыққан кез келген адам діттеген жеріне жете алмай шаршайды. Ал адам саяхаттан ләззат аламын деп жолға шықпай ма? Тағы бір айта кетерлігі, біздегі көрнекі орындар бірі-бірінен өте алшақ орналасқан. Ол да туризмнің дамуына кедергі. Тағы бір байқағаным, керемет тарихи орындарымыздың насихаты аз. Мәселен, шетелдіктер ешқандай аңызға құрылмаған жерлерін әспеттеп, ойдан шығарса да тартымды етіп, жұртты өзіне шақырудың бар амалын қарастырып жатады. Бізде керісінше бар тарихымызды көрсетіп, шынайы мысалымызды жеткізе алмаймыз» дейді ел аралап, жиһангез атанып жүрген Дана Ескендір.
Этнотуризмнің дамымай тұрған тағы бір себебі – тарихи құнды дүниелерімізді дұрыс сақтай алмай отырғанымыз. Қажетті ақпараттарды гидтердің өзі қызықты етіп жеткізе алмайды. Тағы бір айта кетерлігі, этнотуризм – киіз үйіміз ғана емес. Ол – ұлттың барлық әдет-ғұрпы, салты, жөн-жоралғысы. Дәл қазір шетелдіктер тек осы дүниелерге қатты қызығады. Осындай құндылықтарымызды жандандыру арқылы этнотуризмді дамытамыз. Ал этнотуризмнің дамығаны – ел тарихының жаңарғаны.
Ақбота ӘЛІМ