Бәрі де халық игілігі үшін

Бәрі де халық игілігі үшін

Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мемлекет үшін қай кезде де ма­ңыз­ды. Осы мақсатты көз­дей­тін мемлекеттік бағ­дар­лама­лар аз емес. Олар­­дың әр­қай­сысы қа­ра­па­йым жұрт­тың табы­сы­на қа­рай бас­па­­налы бо­луына ба­­рын­ша мүм­кіндік жа­са­луда.

Ел Президенті «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында тұрғын үй саясатын жетілдірудің бірыңғай моделін әзірлеу қажетін айтты. Елба­сының бастамасымен «Ба­қыт­ты отбасы» бағдарламасының іске қосылуы халықтың аз қамтыл­ған бөлігі үшін тиімді жеңілдік болды. Президент Жолдауда бұл бағдарлама бойынша елімізде жыл соңына дейін кем дегенде 6 мың отбасы баспанамен қамтамасыз етілетінін атаған еді.

– Биыл Қызылорда облысында халықты баспанамен қамтамасыз ету­ге арналған бағдарламалар жы­лы болды. Себебі өткен жылы об­лыс әкімдігі мен банктің әріп­тес­­тік ме­морандум негізінде қабылданған «Орда» бағдарламасы жүзеге асты. Бағдарламамен сол жағалаудағы жаңа үйлерден 246 пәтер берілді, – дейді банктің жергілікті филиал директорының орынба­сары Ілияс Жұрынов.

«Орда» бағдарламасы баспана­ға мұқтаждардың ішіндегі нақты санаттарға арналған. Мәселен, олар­дың қатарында көпбалалы не­месе толық емес отбасылар, мүм­кіндігі шектеулі жандар бар. Бұдан бөлек, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасылар да кіреді. Балалар үйінің тәрбие­ле­ну­шілері, мемлекеттік және бюд­жет мекемелердің қызмет­кер­лері де осы санатта. Жасы 35-ке толма­ған отбасыларға да мүмкіндік бе­ріл­ген. Мұның бір ғана талабы – банк есепшотында кепілдік жарна ретінде кем дегенде 500 000 теңге болуы керек. Негізі, мұнда беріле­тін пәтер бағасы отбасы бюджетіне қатты салмақ салмауға есептелген. Мы­салы, 58 шаршы метрлі 2 бөл­мелі пәтер құны – 6 960 000 теңге. Пәтерде 8 жыл бойы тұрып келген банк салымшысы осы уақыт ішін­де шотына ай сайын 36 888 теңге­ден ақша аударып тұруы тиіс. Ал жыл сайынғы мемлекеттік және банк сыйақысын қоса есептегенде жинақ сомасы үй бағасының 50 па­йызына жетсе, несие ретінде рә­сімделеді. Бұл – елді жалақысы­ның бір бөлігін жинай отырып, бас­паналы болуына жақсы мүмкін­дік.

Ілияс Жұрыновтың айтуынша, бағдарламамен берілетін пәтерге байқау жарияланғанда 1 000-нан аса өтініш түскен. Соған қарап-ақ, бұл бағдарламаның табысы аз тұр­ғын­дар үшін тиімділігі анық бай­қа­лады.

 

Әскерилерге жасалған мүмкіндік

«Әскери баспана» бағдарла­ма­сы да әскери қызметкерлерге мол мүмкіндік беріп отыр. Былтыр бас­­талған жоба биыл да жалғасын тап­қан.

– Өткен жылы барлық әскери қызметкер осыған құжат тапсырған соң, іріктеу компьютер арқылы жүр­гізілді. Ал биыл кім бірінші құ­жат тапсырып, барлық талапқа сай келсе ғана баспанаға қол жет­кізе алады, – дейді филиал дирек­торының орынбасары І.Жұрынов.

Мұнда да негізгі талап – ал­ғаш­қы жарна. Үй бағасының 15 пайы­зы депозитте болғаны жөн. Егер төлем қабілеті расталса, қала­ған баспанасын ала алады. Көпқа­бат­ты үйден немесе жеке тұрғын үйден таңдайды ма, сатып алушы­ның өз еркі. Ең бастысы, банк та­лап­тарына сай келсе болғаны. Биыл осы бағдарламамен 53 әске­ри баспаналы болды.

 

Пайызы төмен баспана

Елбасы бастамасымен қосыл­ған «Бақытты отбасы» бағдарлама­сы­ның жеңілдігі өте көп. Оған тұр­­ғын үй кезегінде тұрған көпба­ла­лы отбасылар мен балалары кә­мелет жасқа толмаған толық емес отбасылар қатыса алады. Бас­ты­сы, неке бұзылса, кемінде үш жыл өтуі керек. Сонымен бірге мүм­кіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отыр­ған отбасылар да қатысуға бола­ды. Мұндағы талап, отбасы мүшелерінің табысы 42 500 теңге­ден аспауы тиіс.

– Осы бағдарламада тұрғын үй несиесі республика бойынша ең төменгі пайызбен беріледі. Небәрі екі пайыз ғана. Ал тұрғын үй не­сие­сін 20 жылға дейін рәсімдеуге қолайлы. Алайда қатысушының банк­тегі есепшотында үй бағасы­ның 10 пайызы болуы тиіс. Негізі баспана алуға 10 млн теңгеге дейін несие беру қарастырылған, – дейді І.Жұрынов.

Айта кетерлігі, осы бағдарла­ма­­мен несие рәсімдеген кезде банк комис­сиялары ұсталмайды. Қаты­су­шылар өзі таңдаған үйді алуға мүм­кіндігі бар. Ең бастысы, қаты­су­шының төлем қабілеті мен таң­даған үйі банк талабына сай болуы қажет. Қызылорда облы­сын­да осы­ған қатысуға 232 өтініш түсіп, оның 111-і мақұл­да­нып, 21-і бас­па­­налы болды. Ал қалғаны үй таң­дау, құжат жинау жұмыс­тары­мен ай­на­лысуда. Несиенің ай сайынғы төле­мі 50 мың теңгеден аспайды.

 

Тіркеуде тұру міндеттелмейді

2017 жылдан бері жүзеге асып келе жатқан «Нұрлы жер» бағдар­ла­масы бойынша, Қызы­лордадағы Сырдарияның сол жағалауынан 240 пәтер пайдалану­ға берілді. Ол негізінен тұрғын үй кезегінде тұрғандар мен банк са­лым­шыларына тиесілі. Биыл «Нұрлы жердің» талаптарында ай­тар­­­лықтай өзгеріс енді. Мәсе­лен, бұрын қатысушылардың атында кемінде, соңғы бес жылда үй бол­мауы талап етілетін. Ал биыл өті­ніш берген күннен бастап атында жы­лжымайтын мүлік болмауы ес­керіледі. Сонымен қатар бұған дейін тіркеуде тұрған өңірден ғана бас­пана алса, қазір кез келген қала­­дан алуына мүмкіндік бар.

– Шарты бойынша қатысушы үй бағасының 20 пайызын депо­зит­те жинақтауы тиіс. Тұрғын үй несиесі 5 пайызбен беріледі. Қазір бағдарлама бойынша өтініш қа­был­­данып, іріктеу аяқталды. Енді іріктеуден өткендердің төлем қабі­ле­ті расталуда, – деді филиал ди­рек­торының орынбасары І.Жұрынов.

Әрине, баспанаға қол жеткізу үшін халықтың барлығы бірдей мемлекеттік бағдарламаға қатыса алмайтыны аян. Бұл ретте «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» «Өз үйім» бағдарламасының мүмкін­ді­гін пайдалануға болады.

– Бағдарлама бойынша алғаш­қы жарна ретінде үй бағасының 30 пайызын жинақтау қажет еді. Не­сие­нің жылдық үстемесі 8,5 пайыз болған. Алайда өткен жыл­дан бастап алғашқы жарна 20 па­йыз­­ға төмендетілді. Ал несие 7 па­йызбен беріле бастады. Бұған кез келген адам қатыса алады. Тө­лем қабілетін растаса жеткілікті. Атын­да жылжымайтын мүліктің бар-жоғы маңызды емес.

Жалпы, пәтер жалдай жүріп, жеке баспана үшін қаржы жинау өте қиын. Дегенмен мемлекет та­ра­пынан мүмкіндіктер жаса­лу­да. Әр­бір азамат діттеген мақ­сатына қол жеткізе алады. Соның бірі – мем­лекеттік бағдарламалар мен бас­тамалар. Ендеше, бас­паналы болу әр азаматтың өз қо­лында.

 

Миуа БАЙНАЗАР,
Қызылорда облысы