Алматы қаласы Жетісу аудандық соты бір жарым айға созылған азаматтық іске нүкте қойды. Судья Талғат Орынғали Nur Оtan партиясы мен оның мүшелерінен түскен екі талап арызды қарап, негізсіз айыптауға жол берген азаматтар – Әлнұр Ильяшев, Марат Тұрымбетов және Санавар Закироваға қарсы шағымдарына қатысты шешім шығарды.
Алғашқы шағым бойынша партияның іскерлік беделіне нұқсан келтірген үш азамат он күн ішінде әлеуметтік желілердегі парақшаларында Nur Оtan партиясының «Наше право» саяси ұйымын құруға кедергі келтірді» деген ақпаратты жоққа шығарып жазба қалдыруға міндеттелді. Сот отырысында партия бірінші шағым негізінде үш азаматтан 20 млн теңге моральдық шығын өндіру туралы арызын кері қайтарып алған еді.
Ал, ол азаматтардың үстінен сотқа екінші шағымды түсірген Nur Оtan партиясының мүшелері Тамара Шакирова, Разия Бахыбекова, Ержан Медеуов және Дидар Аққұлов болатын. Сот шешімі партия мүшелерінің талап арызы бойынша моральдық шығынды өтеу үшін айыпталушыларды әрқайсына (партия мүшелеріне)1,5 млн теңгеден (жалпы көлемі – 6 млн теңге) төлеуге міндеттеді. Партия өкілдері өндірілген ақшаны қайырымдылық мақсатқа жұмсайтындарын айтты.
«Сот шешімі бойынша қанша көлемде моральдық шығын өтеуді міндеттесе де, біз оны қайырымдылықққа жұмсаймыз деп шештік. Өйткені, айналамызда көпбалалы аналар, мүгедектер, ардагерлер, зейнеткерлер сияқты көмекке мұқтаж жандар өте көп. Жаңа жыл мерекесі қарсаңында көп адамға көмегіміз тиіп, қуантамыз деп ойлаймын. Ал, сот шешімі бізді толық қанағаттандырды. Енді адамдар негізсіз айыптауды азайтады деп үміттенемін», – деді партия мүшесі Тамара Шакирова.
Партияның өзге мүшелері де осы пікірді қолдап отыр. Партияның Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Станислав Канкуровтың пікірінше, сот шешімі кейбір азаматтар үшін үлкен сабақ болды, сондай-ақ, басқа да әлеуметтік желі қолданушылар әр сөзін жауапкершілікпен жазатын болады.
Айта кетейік, жоғарыдағы үш азамат партия туралы жалған ақпаратты 31 мамырда және 29 тамызда Facebook желісіндегі жеке парақшаларында жариялаған. Заңгерлер мұны «Nur Оtan партиясының іскерлік беделіне нұқсан келтірді, жалған ақпараттар партия мүшелерінің арасында түсінбеушілікке әкелді. Сондықтан, Nur Оtan партиясын азаматтарды заң шеңберінде сотқа беріп, беделін қорғау құқығын пайдаланады» деген.
Аталған азаматтар «Наше право» саяси партиясының тіркелмеуіне Nur Otan партиясын кінәлап, негізсіз ақпараттар таратқан. Ал, «Саяси партиялар туралы» заңның 10 бабының 1-ші тармағында саяси партияларды Әділет министрлігі тіркейтіні көрсетілген. Nur Otan партиясының өзге партияны тіркеуге немесе тіркемеуге еш қатысы жоқ деп, істі сот арқылы қарастыруға шешім қабылдады.