Осыдан 28 жыл бұрын ұлы көшке қозғау салған тарихи құжат қабылданған болатын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еске салмаса, ол құжатты ұмытып кетер ме едік, кім білсін? Әйтеуір кеше елдегі ақпарат құралдары Қ.Тоқаевтың Twitter-дегі жазбасын жарыса жариялады. Себебі Президент парақшасында шет елдердегі қандастарымызды қазақ жеріне қоныстандыру туралы №711 қаулы жөнінде жазылған еді.
«1991 жылы 18 қарашада Н.Назарбаевтың бастамасымен шетелдегі қандастарымызды елге көшіру туралы ҚазССР Үкіметінің қаулысы қабылданды. Бұл қандастарымыздың тарихи Отанына оралуына мүмкіндік берген маңызды құжат болды. 1991 жылдан бері Қазақстанға 1 миллионнан астам қазақ көшіп келді» деп жазды Мемлекет басшысы.
№711 қаулыда «Басқа республикалардан және шет елдерден республиканың селолық жерлерінде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын қоныстандыру, оның ішінде оларды тасымалдауды, келген жерлерінде қабылдау мен орналастыруды ұйымдастыру халық депутаттары жергілікті кеңестерінің атқару комитеттеріне, агроөнеркәсіп кешенінің кәсіпорындары мен ұйымдарына жүктелсін. Бұл мәселе жөніндегі үйлестіру жұмыстары Қазақ КСР Еңбек министрлігіне тапсырылсын» делінген қаулыда. Бұл қаулы – шет елдегі қандастарымызды тарихи Отанында ауылдық жерлерде еңбек етеді деген себеппен шақырып, шекараны ашып берген маңызды құжат. Әрине, кейін көші-қон заңнамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, қандастар қалаларға да қоныстанды, түрлі салада қызметке араласты.
Тәуелсіздік алған жылдан бері елімізде этникалық қазақтардың ерікті түрде елге оралуын ынталандыру саясаты жүргізіліп келеді. «Қазақстан Республикасы көші-қон саясатының 2017-2021 жылдарға арналған тұжырымдамасында» шетелден қоныс аударған қандастарымыздың демографияға қосқан үлесінің арқасында көші-қонның теріс сальдосының деңгейі 28 пайызға төмендегені айтылады. Себебі егемен ел болғанымызда еліміздегі өзге ұлт өкілдері тарихи Отанына көше бастаған еді. Ал этникалық қазақтардың атажұртқа қоныстануының белсенділігі 2004-2008 жылдары ғана байқалды. Бұл жылдары 439 мыңнан астам қандасымыз қоныс аударды. Ал, жалпы тәуелсіздік алғалы бері көшіп келген қазақтар саны 1 миллионнан асады. Шетелден көшіп келуші қазақтардың атамекеніне бейімделіп, сіңісіп кетуі үшін мемлекет тарапынан қолайлы жағдай жасалып отыр. Қолдау тетіктері жетілдіріліп тұрады. Мысалы, биыл шеттен көшіп келушілер үшін Қазақстанда тұрақты тұру рұқсаты мен Қазақстан азаматтығын бір мезгілде беру мүмкіндігі ұсынылды. Олар үшін бейімдеу орталықтарының қызметі де кеңейтілмек.
Халима БҰҚАРҚЫЗЫ