Shymkent city ықшамауданы тұрғындары алғашында баспанаға қолы жеткеніне қуанды. Көп өтпей «7 – 20 – 25» мемлекеттік бағдарламасы қатысушыларының көңілі су сепкендей басылды. Өйткені көпқабатты үйде коммуналды қызмет сапасы мүлдем жоқ.
2018 жылы пайдалануға берілген №9,10 көпқабатты үйдің бірінде жылу, бірінде ыстық су, ендігісінде жарық жоқ. Шымкентте «7 – 20 – 25» мемлекеттік бағдарламасының қатысушылары наразылық білдірді. Олар Shymkent city ықшамауданынан үй алып, артынша коммуналды қызметтің дұрыс жұмыс істемейтінін білген.
Аталған көпқабатты үйде 90 пәтер бар. Пәтерлерге тұрғындар толық орналаспаған. Сондықтан ыстық су мен газ беретіндер күте тұру керегін ескертеді. Ал жылу орталығы болса, жақын арада жасаймыз дейтін көрінеді. Мардымды жауап ала алмай мазасызданған тұрғындар Шымкент қаласы әкімдігіне шағымданады. Осының бәрінен нәтиже шықпаса сотқа жүгінеміз дейді.
Жылу мен жарық бәріне керек. Дегенмен көпбалалы отбасы мен мүгедек баласы барларға тіптен қиын. Аталған ықшамауданда мұндай отбасылар бар. Олар жылу молынан түсетін терезесі бар үйге баласын жатқызып, қалғандары күрте киіп ұйықтауға мәжбүр. Үйде жылытқыш қосса да, жылудай болмайтыны анық. Айта кететіні, қараша айы басталғалы бері қалада түнде температура нөлден төмен түсіп тұр.
Shymkent city ықшамауданында барлығы – 732 пәтер, 12 көпқабатты үй. №9,10 көпқабатты үйде тұратындар баспананы «7 – 20 – 25» бағдарламасымен алған. Қалған үйде әртүрлі жеңілдік бойынша баспана алғандар тұрады. Олардыкі – жалдамалы пәтер. №19 үйдің тұрғыны Меруерт Жақыпбекқызы жұма күні пәтеріне жылу қосқанын қуана жеткізді. Әрине, бірінші арнайы орындарға хабарласқан. Тиісті қызметкерлер келіп, ауызсу мен жылудың мәселесін шешіп беріпті.
Жағдайдың мән жайын білу үшін Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне хабарластық. Қызметкерлер қала әкімі Ерлан Айтахановтың жағдайды бақылауға алғанын айтты. 18 қараша күні Айтаханов Shymkent сity тұрғын үй алабын аралаған. Тұрғындардың өтініш-арызын тыңдап, түйткілді мәселелердің түйінін тарқататынын айтқан. Қала әкімі жауапты сала мамандарына тиісті тапсырма беріпті. Жылу өз уақытында берілмесе, жауаптылар жылы орнын босататынын ескерткен.
Шаһар басшысы жауапты мамандардың салғырттығынан қарапайым халық зардап шекпеу керегін алға тартты. Мұндағы 2018 жылы бой көтеріп, қолданысқа берілген үйлерге тұрғындар әлі толық қоныстанбаған. Соның салдарынан су, жылу жүйесінің құбырларында циркуляция жұмысы жүргізілмепті. Салдарынан өзге тұрғындар қиындық көріп, жаңа баспанада жаурап жүр. Осыған байланысты қала басшысы әр үйдің жинақталған мәселесіне мән беріп, көп ұзамай шешімін табатынына сендірген.
Одан бөлек шағынаудан газ жүйесімен толық қамтылмаған. Ауызсу мен газға төлем жүргізу үшін жеке дербес шот ашылмаған. Жертөледегі жылу қазандықтарын көзбен көрген Айтаханов тиісті мамандарға нақты тапсырма беріпті.
Shymkent city-дегі қазіргі басты мәселе – тұрғын үйлерді жылумен қамтамасыз ету. Бұл өз кезегінде қала әкімінің жеке бақылауында болады. Ол «ықшамауданға күн құрғатпай келіп, тапсырманың орындалғанына көз жеткіземін» дейді. Біз де әкімдіктен мәселе шешілгені туралы хабар күтетінімізді айттық.
Айбике ЖАНАСЫЛ