Алматы облысы Ақсу ауданындағы партиялық резервтен үміткерлер арасында өткен пікірсайыста негізінен ауыл тірлігін жақсартудың жолдары, жергілікті жерлерді дамыту тұрғысындағы ойлар ортаға салынып, ұсыныстар білдірілді. Үміткерлер қатарына іріктеліп алынғаннан бергі кезеңде елді аралап, қарапайым жұрттың мұң-мұқтажы мен ұсыныс-тілектерін тыңдаған, тұрмысымен танысқандар кейбір күрделі мәселелердің күрмеуін тарқатуға қатысты жоспарларын да жайып салды.
Ел ішінде шешімін күткен проблемалар жетіп артылады. баршылық. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасының бағыттары көбіне сөз Әсіресе, орталықтан алыста орналасқан елді мекендерді, елді елеңдететін түйткілдер жүзінде қалған. Шалғай ауылдарда интернет желісін тарту, көшелерді жарықтандыру, жолдарды жөндеу мен ауызсумен қамтуға қатысты мәселелер жиі алдан шығады. Соған сай үміткерлер арасындағы ашық пікірталастың негізгі өзегі де алыс ауылдардағы тірлікті қайтсек түзетеміз деген тақырыпта болды. Жоғарыда айтылғандардың көбі көтеріліп келе жатқанына жылдар өтсе де, шешімін таппағандықтан әлі күнге күн тәртібінен түспей келеді.
Партиялық резервтен үміткер Мұрат Орманов осы уақытқа дейін ауданның барлық ауылы мен елді мекенінде болып, халықтың ұсыныстарын жинақтапты. Сол тілектер ішіндегі кезек күттірмей, тез арада шешуді қажет ететіндердің қатарында байланыстың нашарлығы, медициналық кадрлар тапшылығы мен ауылдық амбулаториялардың күрделі жөндеуді қажет ететіндігі сынды ауыл тұрғындарының тұрмысына тікелей әсер ететін түйткілдер бар. Мұрат өз бағдарламасына шалғай ауылдардағы мәдениет үйлерін күрделі жөндеуден өткізу мен олардың жұмысын бүгінгі күн талабына сай ұйымдастыруды да қосыпты.
– Кез келген қаржылық мәселені шешу үшін тиісті орынға жөнелтілетін сұраныстың нақты жобасы, шығындары толық есептелсе, жергілікті билік өкілдері нақты қай бағытта жұмыс істейтінін білетін еді. Халықты көп толғандыратын мәселенің бірден шешілмейтіні, сол проблемалардың себебі мен салдарының нақты анықталмауынан және реттеудің жолдары дұрыс қарастырылмағандықтан екені айдан анық. Өз жоспарымда ең әуелі мерзімділік пен тыңғылықты есептеулерге жүгінемін, – дейді Мұрат Орманов.
Тағы бір үміткер Сағадат Ермұхамбетова үкілі үміті жүзеге асып жатса, көпбалалы аналардың әлеуметтік тұрмысын жақсарту, олардың кәсіп көзін өз ауылдарынан тауып, бала-шағасының нәпақасын айыра алатындай жағдайға жетуін қамтамасыз етуді мақсат тұтыпты. Сағадат көпбалалы аналардың қолдарынан келетін кәсіппен тұрақты айналысуына жол ашып, мемлекеттен қаржылай қолдау алуларына көмектескісі келеді.
Ал ауылдағы мәдениет саласы қызметкерлерінің жанайқайын жақсы түсінетін Асхат Досмұхамбетов жастарды ауылда тұрақтандыру үшін оларды еңбекпен қамтып қана қоймай, әр ауылда мәдениет ошағының жұмыс жасауын жолға қою қажет деп санайды. «Жастардың – рухани тірегі, бас қосатын орталығы, кітапхана мен мәдениет үйі әр елді мекенге керек. Оның материалдық базасы, кадр мәселесін шешіп, ауыл тұрғындарына сапалы қызмет көрсететін рухани орталыққа айналуына барынша жағдай жасауымыз керек. Мәдениет – өмір бұлағы. Тәрбие басы тіл болса, руханилықтың түп тамыры – өнер мен мәдениет. Атқарушы биліктегілерге мәдениет саласы қызметкерлерінің ауылды жерде тұрақтап, елге қызмет көрсетуіне қажетті барлақ жағдайды жасауға айрықша назар аудару туралы тапсырма берген Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында осы мәселеге ерекше көңіл бөлген еді. Партиялық кадрлық іріктеуге үміткер ретінде қатысып отырмын, ертең сенімнен шығып жатсам, бірінші кезекте мәдениет саласында қордаланып қалған проблемаларды шешуге кірісер едім, – дейді аудандық мәдениет үйінің директоры, кадрлық іріктеуге қатысушы үміткер Асхат Сейденұлы.
Басқа үміткерлер тарапынан да тұшымды ойлар, ұғынықты ұсыныстар айтылды. Жастардың жұмыссыздық мәселесі, оларға баспананың қажеттігі мен жас отбасының өмір көшінен қалыспауының жолдары талқыға салынды. Мемлекет ауыл жастарына жасайтын қамқорлығын азайтпай, ауылда кәсіптің түрін көбейтуі қажет. Ол үшін берілетін несиелерді жеңілдету жағын және ауыл шаруашылығына бөлінетін субсидиялардың барынша қолжетімділігін қарастырғаны жөн. Жастар да қарап отырмай, ізденісті істерін жалғастырғанда ғана алтын бесік ауылдың дамуына өзіндік үлестерін қоса алады. Пікірсайыс ұтымды ұсыныстармен, ұтқыр ой, жаңашыл жобаларға толы болды. Бастысы, үміткерлер арасында ортақ ұмтылыс – туған жеріне жанашырлық, ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсартуға ұмтылысты көріп, қатты қуандық. Ақсу ауданында өткен партияның кадрлық резервіне үміткерлер арасындағы ашық пікірталас Жансүгіров ауылына 600 түп шырша көшетін отырғызумен аяқталды.
Болат АБАҒАН,
Алматы облысы