Еңбек дауы өршіп тұр
Еңбек дауы өршіп тұр
228
оқылды

Кәсіподақтар федерация­сы­ның төрағасы Ералы Тоғжанов Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен барып, облыс әкімі Серікбай Тұрымовпен кездесті.

Кездесу барысында төраға ше­тел­дік компаниялардағы жұмыс беру­ші­лер тарапынан орын алған еңбек заңнамаларын бұзу, еңбек даулары мен жанжалдарды болдырмау, қа­рыз­ды еңбекті пайдалану және жұ­мыс­керлердің әлеуметтік-еңбек құқық­тарын қорғау жайында сөз қозғалды.

«Кәсіптік одақтар федерациясы Үкімет назарын бірнеше рет шетел­дік капиталмен жұмыс істейтін кәсіп­орындар елде шетелдік жұмыс кү­шін енгізу ережелерін үнемі сақ­тай бермейтінін, қазақстандық жұ­мыс­керлердің еңбегіне құрметпен қара­май, заңнамаларды әдейі неме­се жасырын түрде елемейтінін жет­кізді. Мұның бәрі – әлеуметтік кикілжіңнің тууына әкеледі. Ал әлеуметтік шиеленістерді азайту үшін жұмыс берушілердің жергілікті атқарушы билік органдарымен және кәсіподақтармен өзара белсенді әрекет етуі қажет. Құқықтық сауаттан­дыруды ұйымдастыру, жұ­мыс­тан босай­тын жұмыскерлерді қайта оқы­тып, жұмысқа орналас­ты­­­рудың нұсқаларын алдын ала дайын­дау керек», – деді Кәсіподақтар феде­ра­циясының төрағасы Ералы Тоғжанов.

Оның айтуынша, Маңғыстау облы­сының көптеген ірі кәсіпорын­да­рында кәсіподақ ұйымдары жұмыс істейді. Оған қоса, облыстағы 80 мың­нан аса жұмысшы – кәсіподақ мү­шесі. Қыркүйек-қазан айларында еңбек дауы өршіп кетті. Биыл алғаш­қы жартыжылда рес­публикада 3 еңбек дауы ресми тір­келген. Ал кәсіп­орындарда 17 әлеумет­тік еңбек дауы орын алған. Оның алтауы Маңғыстау облысында тіркелген. Қазіргі күні Маңғыстау облысындағы жұмыс істейтін 10 200 кәсіпорынның 1 488-інде ұжымдық шарт жасалған. Соның ішінде даудың он бірі мұнай-газ сала­сына қатысты туындаған.

Талқылау барысында тараптар әлеуметтік еңбек мәселелерін шешу­де бірлесе тиімді әріптестік орнату үшін өзара ынтымақтастық туралы ме­морандумға қол қойды. Құжатта Кәсіп­тік одақтар федерациясы мен Маңғыстау облыстық әкімдігі арасындағы әріптестікті дамытуда өңірдегі еңбек жағдайларын жақсарту, өндірістік жарақаттануды болдырмау және еңбеккерлер құқығының сақ­­талуы үшін шешуші бағыттар ай­қын­­­далды. Осындай жазатайым жағдайлардың алдын алу үшін жұмысшылардың қауіпсіздік және еңбекті қорғау бойынша жұ­мыс бел­сендігін арттыруда. Ералы Тоғ­жа­новтың хабарлауынша, өндірістік жарақаттануды төмендету мақсатында кәсіпорындарда өндірістік кеңестер құрылуда. Меморандум аясында сту­денттерді уақытша жұмысқа тарту және жастардың еңбек қозғалыстарын дамыту жайлы бірлескен іс-шаралар қабылданады.

Осы сапарда ҚРКФ төрағасы Ера­лы Тоғжанов Жетібай мұнай-кен орнындағы Oil Services Company ЖШС және CASPI BITUM БК ірі кәсіпорынның еңбек ұжымымен кез­­­десті. Әр кәсіпорында үш мың­дай жұ­мысшы еңбек етеді екен. Кез­де­­су барысында федерация төра­ға­сы қауіпсіз жұмыс орындарын қам­­тамасыз ету және лайықты ең­бек шарттары мәселелері жөнінде сөз қозғады. Ол өндірістегі өлімге апа­­ратын жазатайым оқиғаларға алаңдаушылық білдірді. «2019 жыл­дың 1 қазанына дейін Маңғыстау облы­сында 40 жұмысшы өндірістік жара­қат алып, 2 адам қаза болды. Ал 2 адам жазатайым оқиғалардан зардап шекті» деді Ералы Тоғжанов. Оның хабарлауынша, адам ресурстарын сақтаудың басты факторы ішкі бақылау механизмдерін жетілдіру және жұмысшылардың ғана емес, жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыру екенін жеткізді. Сондай-ақ Ералы Тоғжанов жұмысшылардың құқығы мен мүдделерін қорғауда кәсіптік одақтың рөлі маңызды еке­нін атап өтті.

– Кәсіптік одақтар жұмыс істейтін кәсіпорындарда қауіпсіз еңбек жағ­дай­лары, әлеуметтік тұрақтылық сақ­­талған. Жұмыс беруші кәсіптік одақ­­тармен өзара әріптестік орната оты­рып, жұмысшылардың әлеуметтік және жеке мәселелерін, еңбек даулары шешілуі мен еңбек заңнамаларының сақталуы ісінде сенімді қолдауға ие болады, – деді төраға.

Кәсіподақ ұйымдары мұнай компанияларында ғана емес, олардың мердігерлік ұйымдарда да болуы тиіс екенін атады. Жиыннан кейін төраға кәсіподақтар қозғалысының ардагері Имамади Айналиевтің шаңырағында болып, оған «Кәсіподақ ардагері» төсбелгісін тақты. Ол 40 жыл бойы мемлекеттік мекемелер қызметкерлерінің Кәсіптік одақтар облыстық комитетінің төрағасы және Маңғыстау облыстық Кәсіптік одақтар кеңесінің төрағасы болған.


Гүлмира ҚАРАКӨЗОВА