Елімізде түрлі пәндерге қызығушылығы ел экономикасына, экологиясы мен технологиясына заманауи серпін әкелетін жаңалықтар ашып, таңғалдырып жатқан жастар көп. Жастардың, әсіресе экология мәселесін шешуге ден қойып, табиғатты сақтауға деген ниеті олардың жер бетін қоқыстан тазартуға арналған түрлі тәсілдер ойлап табуы – қуантарлық жайт. Атырау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушысы Ермек Кеңесовтің химияны меңгеру барысында құрылысқа қажет кірпіштің жаңа тәсілін ойлап табуы да халықтың қолдауына ие болып отыр.
– Бұл жобаны зерттеу үстінде БҰҰ-ның деректері бойынша пластикалық қалдықтар жыл сайын әлемде 1 миллионнан астам құстардың өліміне, 100 мыңға жуық судағы сүтқоректілер мен балықтардың жойылуына себепші болатынын анықтадым. Пластикалық пакеттер Тынық мұхитында қоқыстардың аралына айналып барады. Мұның барлығы антропогендік әрекеттердің салдарынан туындайтыны шындық, – дейді Ермек Кеңесов.
Жас өнертапқыштың айтуынша, мұндай жағдайдан шығудың жолы –пластикалық қалдықтарды қайта өңдеу арқылы кері қолдану. Ермек өз тәжірибесін іс жүзінде дәлелдеу үшін кәдімгі қиыршық тас, топырақ және пластмассалық қалдықтарды пайдалана отырып, пласткірпішті жасап шығарды. Алдымен ол өнімнің экономикалық тиімділігін анықтау мақсатында полимердің аддитивтік және конденсациялық қасиеттерін физика мен химия пәнінде зерттеген. Сондай-ақ көптеген деректі интернет және дәстүрлі әдебиеттерден іздегенін айтады. Кейін пластмассаларды бөлшектеу үшін тіпті қатты картоннан гидравликалық аппарат жасағанын айтты. Тәжірибенің соңында пласткірпіш дайын болып, жобаның жұмысы сәтті аяқталды. Алғашқы өнім нарықтағы кірпіштен кем емес. Себебі оның тығыздығы, суды сіңіруі және аязға тұрақтылығы талапқа жауап береді.
Зеректігімен танылған оқушы Ермек пласткірпішті көптеп шығару үшін өндіріс ашуға ниетті. Ол үшін мектеп оқушысы арнайы бизнес-жоспар құрып, кірістер мен шығыстарды есептеп қойған.
Жас ізденімпаз өнертапқыштың айтуынша, пластикалық қалдықтарды қайта өңдеу – нарықтағы пластмассалық өндірісті азайтудың ең тиімді жолы және экологиялық апаттан болатын жағдайлардың алдын алуға тиімді жоба.
Сайып келгенде, зеректігімен танылып, өз тәжірибелерімен таңғалдырып қана қоймай, өнімдерін өндірісте шығаруға ниетті жастарды мемлекет тарапынан қолдау болса, елімізде жас өнертапқыштардың қатары көбейіп, жас ғалымдар өз еңбектерімен танылары сөзсіз.
Атырау облысы