Nur Otan балалар қауіпсіздігі бойынша жүйелі шаралар әзірлейді

Nur Otan балалар қауіпсіздігі бойынша жүйелі шаралар әзірлейді

Nur Otan партиясының Отбасы және балалар құқын қорғау жөніндегі республикалық кеңесі балаларды қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жүйелі шаралар әзірлейді. Аталған кеңес Тараз қаласындағы мектеп дәретханасында 12 жасар қыздың зорлық-зомбылыққа ұшырау фактісіне байланысы жауапты тұлғаларды, оның ішінде Жамбыл облысының білім басқармасының басшылығын жазалау туралы мәселені де көтерді.

Бүгінгі таңда Кеңестің сараптамалық тобы ел аймақтарын аралап, 200 елді мекендегі 1300-ден астам білім беру, әлеуметтік қорғау және денсаулық сақтау мекемелеріне мониторинг жүргізді. Атап айтқанда, мамандардан құралған топ мектептер, балалар интернаттары, ауруханалар, емханалар, дағдарыс орталықтары мен кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталықтарына барды.

Бұған дейін Жамбыл облысына жұмыс сапары барысында аймақ басшылығының алдында бірқатар түйіткілді мәселелер көлденең тартылған-ды. Олардың ішінде: кәмелетке толмағандар арасындағы жүктіліктің рекордтық көрсеткіші, жасөспірімдер арасындағы қылмыстың жоғары деңгейі, дисфункционалды отбасыларды анықтау бойынша жұмыстардың тиісті деңгейде жүргізілмеуі сияқты мәселелер бар. Жалпы, кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі облыстық комиссия өз шешімдерінің орындалу барысын қадағаламайды, ал қаралған мәселелер бойынша ешқандай шара қабылданбайды.

«Жамбыл облысында өткен жиында біз білім басқармасына сыртта орналасқан дәретханалардың қауіпсіз еместігі туралы айтып, оларды мүлдем жою керек екеніне назар аудардық. Біздің қорытынды жиынымызға барлығы қатысты. Осында көтерілген мәселелер түгелдей хаттамаға жазылды. Біздің көзімізше бірнеше мектептің ауласындағы дәретханалар сүріліп, басқа нысандарда да осындай жұмыс істелетіні туралы есеп берілген еді. Бірақ, мұның барлығы іс жүзінде жай ғана көз алдау үшін жасалған әрекет болып шықты. Орын алған сұмдық жағдай тиісті шаралардың қабылданбағандығын көрсетіп отыр. Біз білім басқармасының басшысын жауапқа тарту туралы мәселені көтереміз»,– деді кеңес төрағасының орынбасары Динара Зәкиева.

Қазіргі уақытта Кеңестің сараптамалық тобы Алматы қаласындағы 151 нысанға жүргізілген мониторингтің нәтижесін шығарды. Мұнда да бірқатар түйіткілді мәселелер анықталды. Атап айтқанда, Әлеуметтік қызмет көрсету орталығында, Үміт үйінде қатыгездік таныту және тиісті деңгейде қарамау фактілері, ал Балалар үйінде өрескел заңбұзушылықтар анықталып отыр.

Әр аймақта жүргізілген жұмыстардың нәтижесіне сүйене отырып, сарапшылар барлық бағыттар бойынша мәселені шешудің жүйелі жолын жасау үшін ұсыныстар жинады. Олардың ішіндегі ең бастысы – балалар мекемелерінің жұмыс сапасына тәуелсіз мониторингтің жоқтығы мен мектеп асханаларындағы жағдайдың көңіл көншітпейтіндігі. Сондай-ақ, көптеген мектеп-интернат, медициналық және әлеуметтік мекеме, балалар үй мен мектептер күрделі жөндеуді, абаттандыруды, бақылау камераларын орнатуды және олардың мониторингін қажет етеді.

.