Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Араб Әмірліктерінің мемлекет қайраткері Шейх Сұлтан бен Заид әл-Нахаянның дүниеден озғаны туралы суыт хабарды терең күйзеліспен қабыл алып, оның бауыры, Біріккен Араб Әмірліктерінің президенті Шейх Халифа бен Заид әл-Нахаянға көңіл айту жеделхатын жолдады.
Жеделхатта Шейх Сұлтан өз өмірін Әмірліктердің, оның халқының мүддесін қорғауға және қызмет етуге риясыз арнағаны баяндалған. Сонымен қатар Қазақстан халқы Шейх Сұлтан әл-Нахаянды парасатты азамат, жоғары беделді саясаткер, екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға орасан зор еңбек сіңірген тарихи тұлға ретінде әрдайым жадында сақтайтыны айтылған.
«Осындай сын сағатта орны толмас ауыр қайғы-қасіреттеріңізге ортақтасып, барша Қазақстан халқының атынан және жеке өз тарапымнан Сізге және бүкіл Әмірліктер халқына қайғыра көңіл айтамын» делінген жеделхатта.