Петропавл тұрғыны әлеуметтік желіде діни мазмұндағы аудиофайлдарды таратқан
Петропавл тұрғыны әлеуметтік желіде діни мазмұндағы аудиофайлдарды таратқан
210
оқылды
Петропавлда әлеуметтік желіде экстремистік сипаттағы материалдар таратқан әйелге айыппұл салынды. Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлдың 48 жастағы тұрғыны «ВКонтакте» әлеуметтік желісінде діни мазмұндағы аудиофайлдарды жариялап келген. Мұны мониторинг жасау барысында Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері анықтаған. Жазбаларға діни сараптама жасалып, оның ел ішінде алауыздық тудыруды, қоғамның діни тұтастығын бұзуды мақсат еткен, Қазақстан аумағына кіргізуге тыйым салынған кітаптарды насихаттағаны анықталды. Петропавл қаласының мамандандырылған әкімшілік соты аудиожазбаларда талқыланған туындылар экстремистік сипаттағы деп танып, әйелге 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салды. СҚО ПД Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Руслан Жарасбаевтың айтуынша, «Діни қызмет пен діни бірлестіктер туралы» ҚР Заңының 9-бабына сәйкес діни әдебиетті, діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсатта қолданылатын басқа да заттарды тек мешіт-шіркеулерде сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар арнайы белгілеген орындарда таратуға ғана болатынын ескертеді. Қазіргі таңда СҚО-да осындай рұқсаты бар 15 нысан жұмыс істейді.