Nur Otan партиясының республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов азаматтарды қабылдады.
Қабылдауға келген «Хантер» ЖШС-нің коммерциялық директоры Нұрсейіт Шорабеков Қарағанды облысында көліктерге газ құятын стансасы бар екенін, дегенмен қараша айынан бері әкімдік тарапынан әлеуметтік газды ала алмай отырғанын айтып, министрге шағымданды.
– Жергілікті атқарушы органдарға хат жазып сұраған едік. Мардымды жауап ала алмадық. Бір айдан астам уақыт өтті. Жұмыс тоқтап тұр, жұмысшыларымыздың жалақысын бере алмай, шығынға да батып отырмыз, – дейді ол.
Қоғамдық қабылдауға арнайы келген ЭМ Газ өнеркәсібін дамыту департаменті директорының орынбасары Қуаныш Сәрсекеев осы мәселеге түсініктеме беріп, бұл түйткілдің бүгін толықтай шешілгенін, Қарағанды облысының әкімдігі әлеуметтік газ алатын компаниялар тізіміне «Хантер» ЖШС қосқанын айтты. Өз кезегінде Бақыт Сұлтанов бұл мәселені Nur Otan партиясымен бірге бақылауға алатынын, Қарағанды облысының әкімдігіне хабарласып, мәселені анықтайтынын жеткізді.
Министр қабылдауына жазылған тағы бір елордалық тұрғын, ІІІ топтағы мүгедек Марат Бейсенбаев бірнеше жылдан бері аяқкиім тігетін шеберхана ашу үшін арнайы орын сұрағанымен, мәселесі ескерусіз қалып жүргенін айтты. Сөз соңында ол бұл жолы қоғамдық қабылдауға үлкен үмітпен келгенін де тілге тиек етті.
– 4-5 жылдан бері аяқкиім тігетін шеберхана ашу үшін орын сұрап жүрмін. Қала әкімінің орынбасарына, «Атамекенге», Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына барғаныммен нәтиже жоқ. Әне-міне деумен уақытым құр босқа өтті, – деді Марат Бейсенбаев.
Азаматтың мәселесін егжей-тегжейлі тыңдаған министр «1000 сауда орны» жобасының жетекшісі Секен Әділбековтен аталған мәселеге орай түсініктеме беруін сұрады. Жоба жетекшісінің айтуынша, Марат Бейсенбаевтың өтініші, құжаттары қаралып, рәсімделгеннен кейін «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына берілген. Енді мәселесі 22 қараша күні қаралып, нақты шешіледі екен.
– Марат Сәндібекұлы, жоба жетекшісі мәселенің жақын арада шешілетінін айтып отыр. Бұл жұмысты Nur Otan партиясы филиалымен бірге бақылауда ұстаймыз және осы жұмаға дейін сізге жауап беретін болады. Егер жауабы келмесе, маған хабарласыңыз. Мәселеңізді шешеміз. Мен мұны жеке бақылауыма аламын, – деді Бақыт Сұлтанов.
Жалпы, қабылдау барысында бірқатар мәселелер қаралды. Министр әр азаматтың өтініші мен ұсынысына құлақ асып, оларға жеке-жеке жауап берді. Бейнебайланыс арқылы Шымкент қаласынан тікелей байланысқа шыққан Мәриям Медетова азық-түлік бағасының қымбаттығын сөз етті.
– Шымкент қаласындағы нан, ұн, ет бағасы жоғары болып тұр. Басқа мемлекеттерден келіп жатқан өнімдерге қарағанда Қазақстанда өндіріліп жатқан өнімдер неге қымбат? Жалақы, зейнетақының бағасын өсіргенмен не пайда, азық-түліктің бағасы қоса көтеріледі. Дәл қазір Шымкент қаласында бөлке нан – 70, 90 теңгенің айналасында. Ұнның бағасы 7 мың мен 10 мың аралығында. Еттің бағасы да қымбат. Барлығы өзімізден шығып жатқан өнім ғой. Қарапайым халық үшін, көпбалалы отбасыларға бұл бағалар көңілге қонымсыз. Өзімізден шығып жатқан өнімдердің бағасын, нанның, ұнның, еттің, тағы басқа да азық-түліктің бағасын арзандату бойынша ұсыныс айтқым келеді, – дейді М.Асқарқызы.
Кеше ғана Үкімет отырысында осы мәселелер көтерілгенін айтқан министр Мәриямның сұрағына жауап берді.
– Нарықтағы сұраныс бойынша отандық өнімдерді толығымен өзіміз өңдеп, халыққа тиісті бағамен жеткізуіміз қажет. Бұл мәселе қазіргі күні талқыланып жатыр. Ал нанның бағасына келер болсақ, басқа елмен салыстырғанда, Қазақстанда нан бағасы арзан. Күрішіміз де арзан. Біз бұл жағынан Ауыл шаруашылығы министрімен бірлесе жұмыс істеп отырмыз. Сұранысқа сәйкес тиісті деңгейде өнімдерді өңдеу көлемін қамтамасыз етуіміз қажет. Үкімет те осы нәрсеге баса назар аударып отыр, – деп атап өтті Бақыт Сұлтанов.
Кездесу соңында тұрғындардың бірқатар өтініштері бойынша жауапты басқармаларға нақты тапсырмалар берілді.