«Халықтың сүйіктілері» белгілі болды
«Халықтың сүйіктілері» белгілі болды
681
оқылды

Дәстүрлі «Халықтың сүйіктісі» ұлттық сыйлығының лауреаттары анықталды. Осымен оныншы рет өткізіліп отырған жобада тоғыз аталым бойынша үздіктер белгілі болды. Қоғамның барлық сала­сын қамтыған ұлттық сыйлықтың беделі жоғары.

Биыл «Жылдың үздік оқытушысы» аталымын Нұр-Сұлтан қаласындағы №17 мектеп-гимназияның география пәні мұғалімі Төлеген Әбдірайысов пен Қазақ ұлттық өнер университетінің доценті Нина Григорьева иеленді. Қызылорда облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бөлімше меңгерушісі Болат Асанбаев «Жылдың үздік дәрігері» болса, UFC-дегі қазақстандық жекпе-жек шебері Шафкат Рахмонов үздік спортшы аталды. Қоғам қайраткерлерінің көшін бастап, аталымды жеңіп алған – қайырымдылар клубының негізін қалаушы Гүлмира Әбді­рашева. Ал «Хабар» телеарнасының теле­жүргізушісі Дмитрий Олейников «Жылдың үздік тележүргізушісі» атанды. Әлемдік деңгейде танылған Димаш Құдайберген – «Жылдың мәдениет қайраткері», Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин «Жылдың үздік парламентарийі» болды. Сауатты сараптамаларымен оқырман жүре­гінен орын тапқан журналист Михаил Козач­ков «Жылдың үздік публицисі» номи­нациясын жеңіп алды. Сонымен қатар бло­госферадағы көшбасшылардың да есімдері белгілі болды. Олар –Насима Қорғанбекова мен Қазбек Майгелдинов. Сонымен қатар «Жылдың үздік ақпараттық интернет басы­лымы» аталымында Azattyq Rýhy сайты жеңім­паз атанды. Мұнан бөлек, сыйлықты ұйымдас­тырушылар мен қазылар алқасы еліміздің ден­саулық сақтау жүйесінің өкілдерімен келісе отырып, коронавирус індеті кезеңінде зор рөл атқарған медицина қызметкерлері мен еріктілерді сыйлықтың құрметті аталым­дарымен марапаттау туралы шешім қабыл­даған. Атап айтқанда: «Жылдың үздік медбикесі» – Маңғыстау облыс­тық ауру­ханасының аға медбикесі Ай­нұр Батырбаева, «Санитарлық-эпи­демиология­лық қызметтің үздік қызметкері» – Ақмола облысы Бурабай аудандық басқармасының департамент басшысы Сералы Жолдасбаев, «Үздік медициналық стационар» – Қарағанды облысындағы «Профессор Х.Мақажанов атындағы көпбейінді аурухана»; «Үздік волонтер» – «Қоғамдық бақылау» жобасының үйлестірушісі Саида Тәукелова, «Жыл бизнесі» – Нұр-Сұлтан қаласындағы санитарлық қызмет көрсететін ORKIN ЖШС директоры Талғат Дүйсеков, «Жыл меценаты» – Қызылорда облысындағы «Жан Арай Жем» ЖШС директоры, кәсіпкер Бақдәулет Мақашев.

Жадыра АҚҚАЙЫР