Мүмкіндігі шектеулі жандар басты назарда
Мүмкіндігі шектеулі жандар басты назарда
347
оқылды
«Кедергісіз келешек» партиялық жобасының мақсаты – мемлекетіміздегі мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сүру сапасын жақсарту және тұрақты қамқорлық көрсету. Бастысы, мүмкіндігі шектеулі жандардың әлеуметтік жағдайын жақсарту және мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуді көздейді. Мүмкіндігі шектеулі адамдарға кедергісіз орта қалыптастыру – басты міндет.
Осы жылдың желтоқсан айына дейін Целиноград ауданында жұмыспен қамту сұрақтары бойынша жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне 32 адам өз өтініштерін берген. Бүгінде барлығы да жұмыспен қамтамасыз етілді. Олардың ішіндегі 15 адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілді. Квота бойынша 5 адам болса, қоғамдық жұмыстарға 15 адам орналасқан. Әлеуметтік жұмысқа 1 адам орналасса, 1 адам жастар тәжірибесі бойынша қамтамасыз етілген.  Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың әлеуметтік жағдайларын жақсартуға жауапты мекемелер мен ұйымдар, партияның қоғамдық қабылдау бөлімі  мүмкіндігі шектеулі азаматтар тарапынан түскен шағымдар мен өтініштерді назарларынан тыс қалдырмайды.
Аудан бойынша есепте тұрған мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік топтарына  қарай әлеуметтік көмек  түрлері көрсетіліп келеді. Мүмкіндігі шектеулі  жандардың денсаулығын жақсартумен қатар, сол денсаулықтарына байланысты тиісті құрал-жабдықтар мен дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етіліп отырады. Аудан әкімдігі де мүмкіндігі шектеулі адамдардың әлеуметттік-тұрмыстық жағдайларын өз назарында ұстап отырады. Ауылдық округтердегі кәсіпкерлердің қолдауымен   аз қамтылған,  мүгедектігі бар азаматтар мен мүгедек бала тәрбиелеп отырған  отбасыларына қайырымдылық көмек көрсету игі бастама өз жалғасын табуда.   Сонымен қатар қайырымдылық шараларымен қатар, қамқорлық көрсетілуде. Бұл жандарға арнайы бөлінген жеке көмекшілерде баршылық.  Жеке көмекшілер,  ең алдымен, көру қабілеті төмен, өздігінен жүріп-тұра алмайтын, қимыл-қозғалысы  қиын  I топтағы мүмкіндігі шектеулі адамдарға бөлінеді. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған қолжетімді ортаның қалыптасуы тұрғысында ауданда орналасқан барлық әлеуметтік нысандар мен ғимараттардың алдына мүгедектердің арбаларына арналған кіре­беріс жолдар, пандустардың орналастырылуы да назардан тыс қалмаған. Жуырда 1 желтоқсан күні Қараөткел ауылдық округінде Қараөткел ауылында «Мейірім» әлеуметтік дүкені ашылды. Аталмыш дүкен ауданы 180 шаршы метр. Жаңадан ашылған әлеуметтік дүкенде  7 жаңа жұмыс орны құрылды, оның 3-еуі мүмкіндігі шектеулі жандар. Мақсат ең алдымен қажеттілік тауарлары мен тамақ өнімдерінің бағасын реттеу және ұстап тұру, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі адамдарды жұмысқа орналастыру арқылы халықтың әлуеметтік осал тобын, зейнеткерлер мен мүгедектерді қолдау болып табылады.  Сонымен қатар жаңадан құрылысы жүргізіліп жатқан нысандарда пандустардың болуы қадағалануда. Бұл бағытта  жұмыстар жалғасып жатыр. Бұл жөнінде арнайы мониторинг жұмыс тобы құрылған болатын. Аталмыш топ аудан аумағында салынуы жоспарланып отырған әлеуметтік маңызы бар нысандардың ғимараттарын салу кезінде кіреберіс жолдарының, пандустар, мүгедек арбаларына арналған құрылғылардың, тұрақтардың орнатылуын ескере отырып, құрылыс нормалары мен қағидаларының  қатаң  сақталуын  бақылап, қадағалайтын болады.  

Дидар ОРАЛБЕК,

Целиноград ауданы