Мектептегі қылмыс: кінәлі кім?
Мектептегі қылмыс: кінәлі кім?
509
оқылды

Бірнеше күн бұрын облыс ор­талығындағы шеткері ауданда орналасқан, яғни №6 орта мек­тептің 7-сынып оқушысы зор­ланды. Тараздықтардың жаға­сын ұстатқан оқиға бойынша кү­дікті араға екі сағат салып құ­рық­талды. Алайда бірдей 20 бей­небақылау орнатылған мек­тепте орын алған мұндай қылмысқа қалай жол берілді? 

Белгілі болғаны 7-сынып оқу­шысы жеткіншек қыз сабақ ортасында сұранып, әжетханаға барған. Ол мектеп ішіндегі әжетхана бос болмаған соң сырттағы әжетханаға шыққан екен. Сол сәтте тап берген 38 жастағы азғын арам ойын жүзеге асырады. Осы оқиғадан кейін ата-аналар жаппай көтеріліп, «жауаптылар жұмысынан кетсін» деп шу шығарды. Ашуға булыққан ата-аналар мектеп маңында көрінген көк аттының емін-еркін жүретініне алаңдаулы. Өйткені оқу ошағының сол жақ бөлігінде қосымша есік бар. Оқушылар іштегі әжетхананы неге пайдаланбайды? Мектептегілер күн жылы уақытта іштегі әжетханаға жі­бер­мейтін көрінеді. Ал азғыннан азап шек­кен оқушы жағдайды сынып же­тек­шісіне баяндап берген. Физика пәнінің мұғалімі өзінен сұранған оқу­шыны жарты сағаттан аса ке­шіксе де, іздемегені түсініксіз... Мек­теп әкім­шілігі ғимараттағы 20 бейне­ба­қылау камерасы үздіксіз жұмыс істеп тұр­ғанын айтады. Ал бұл уа­қыт­та ка­мераны бақылайтындар орнында отыр­­маған болып шықты... Осы сал­ғырт­тық салдарынан дирек­тордың құ­қық ісі бойынша орын­басары қыз­метінен қуылды.

 

Жұмыстан кету оңай,
ал жауапкершілік ше...

Камераға негізі вахтер мен мектеп инспекторы қарап отыру керек екен. Вахтер қарамаған, мектеп инспекторы жұмыс орнында болмаған. Сол себепті бір сағат бойы сыртта жүрген адамға ешкім назар аудармаған. Не ереже, не бұйрық орындалмаған. Физика пәнінің мұғалімі жұмыстан кетті. Вахтада отырған қызметкер мен ди­рек­тордың құқық ісі бойынша орын­басары қызметінен босатылды. Тәртіп сақшылары бір жарым сағат ішінде 38 жастағы күдіктіні ұстаған. Ол бұған дейін де ұрлық жасап, сотты болғаны белгілі болды. Қазір қамауға алы­нып, қылмыстық іс қозғалды. Облыс­тық ішкі істер департаментінің жа­уапты қызметкерлері салғырттығы және өрескел қателік жасағаны үшін мек­теп инспекторына да қатаң шара қол­данамыз дегенді айтады. Поли­ция департаменті оның жұмысына жауапсыз қарағанын жоққа шығар­майды. Бәрі жұмыстан кетсін, алайда қаскөйдің қолынан зорлық көрген жасөспірімнің тағдыры не болмақ? Оған кім жауап береді? Қызметкерлер орнынан кетіп, жаңа мамандар кел­генде мәселе бірден шешіліп кете ме?

 

Толық тексеріс жүргізіледі

Оқушы сырттағы әжетханаға бар­ған. Осы уақытта қылмыскер мектеп ауласында жүріп, оқушы­ның артынан әжетханаға кірген. Атал­ған оқушы жедел түрде ау­руханаға жеткізіліп, медициналық сараптамадан өткізілген. Құқық қорғау органдары тарапынан жүр­гізілген жедел ұйымдастыру шара­лары нәтижесінде күдікті азамат ұсталып, уақытша тергеу изоля­торына қамалды. Қазіргі уақытта бұл жағдайға байланысты тергеу амалдары жүр­гізілуде.

Nur Otan партиясының Отбасы және балалар құқын қорғау жөніндегі республикалық кеңесі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жүйелі шаралар әзірлейді. Аталған кеңес Тараз қаласындағы мектеп дәретханасында 12 жасар қыздың зорлық-зомбылыққа ұшырау фактісіне байланысты жауапты тұлғаларды, оның ішінде Жамбыл облысының білім басқармасының басшы­лығын жазалау туралы мәселені көтерді.

Бүгінгі таңда кеңестің сараптамалық тобы ел аймақтарын аралап, 200 елді мекендегі 1 300-ден астам білім беру, әлеуметтік қорғау және денсаулық сақтау мекемелеріне мони­торинг жүргізді. Атап айтқанда, мамандардан құралған топ мектептер, балалар интернаттары, ауру­ханалар, емханалар, дағдарыс орталықтары мен кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталықтарына барды.


Бұған дейін Жамбыл облысына жұмыс сапары барысында аймақ басшылығының алдында бірқатар түйткілді мәселелер көл­денең тартылған-ды. Олардың ішінде: кә­мелетке толмағандар арасындағы жүктіліктің рекордтық көрсеткіші, жасөспірімдер ара­сындағы қылмыстың жоғары деңгейі, дис­функ­ционалды отбасыларды анықтау бо­йынша жұмыстардың тиісті деңгейде жүр­гі­зілмеуі сияқты мәселелер бар. Жалпы, кәме­летке толмағандардың ісі жөніндегі облыстық комиссия өз шешімдерінің орындалу барысын қадағаламайды, ал қаралған мәселелер бойынша ешқандай шара қабылданбайды.

– Жамбыл облысында өткен жиында біз білім басқармасына сыртта орналасқан дәрет­ханалардың қауіпсіз еместігі туралы айтып, оларды мүлдем жою керек екеніне назар аудар­дық. Біздің қорытынды жиынымызға барлығы қатысты. Осында көтерілген мәселелер түгелдей хаттамаға жазылды. Біздің көзімізше бірнеше мектептің ауласындағы дәретханалар сүріліп, басқа нысандарда да осындай жұмыс істелетіні туралы есеп берілген еді. Бірақ мұның барлығы іс жүзінде жай ғана көз алдау үшін жасалған әрекет болып шықты. Орын алған сұмдық жағдай тиісті шаралардың қабылданбағандығын көрсетіп отыр. Біз білім басқармасының басшысын жауапқа тарту туралы мәселені көтереміз, – деді кеңес төрағасының орынбасары Динара Зәкиева.

Қазіргі уақытта кеңестің сараптамалық тобы Алматы қаласындағы 151 нысанға жүр­гізілген мониторингтің нәтижесін шығарды. Мұнда да бірқатар түйткілді мәселелер анық­талды. Атап айтқанда, Әлеуметтік қызмет көрсету орталығында, Үміт үйінде қатыгездік таныту және тиісті деңгейде қарамау фактілері, ал Балалар үйінде өрескел заңбұзушылықтар анықталып отыр.


P.S.

Осыған орай, Білім және ғы­лым министр­лігі мәлімдеме жа­сады. Министрдің кеңесшісі Ерболат Мұхамеджан: «Қазіргі таңда аталған факт бойынша құқық қорғау органдары тергеу іс-шараларын жүргізуде.

Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – білім беру ұйы­мының тікелей міндеті.

Мектеп директоры, дирек­тордың тәрбие ісі жөніндегі орын­басары, физика пәні мұ­ғалімі және вахтер білім беру саласындағы жергілікті уә­кілетті органның шешімі бо­йынша қызмет­терінен боса­тылды. Жамбыл облысының білім басқармасы зардап шеккен оқушыға психоло­гиялық көмек көрсету үшін қажетті шаралар қабылдап, үйде жеке оқытуын ұйымдастыруда.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмасын орындау шеңберінде Бас прокура­тура мемлекеттік органдармен бірлесіп қолда­ныстағы заңнамаға әйелдер мен балаларға қа­тысты зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдату бөлігінде өзгерістер әзірлеп, енгіз­генін хабарлаймыз» деді.



Жамбыл облысы