МӘМС. Сұрақ – сізден, жауап – бізден!
МӘМС. Сұрақ – сізден, жауап – бізден!
515
оқылды

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі – бұл денсаулық сақтау саласындағы мүдделерді әлеуметтік қорғаудың мемлекеттік жүйесі. Бұл жүйе біздің елімізде 2020 жылдың 1 қаңтарынан іске қосылады. Қазіргі уақытта тұрғындар арасында, сондай-ақ жұмыс беруші ұйымдар арасында ақпараттық түсіндіру іс-шаралары жалғасуда.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалы оқырман тарапынан түскен ең маңызды сауалдарға жауап береді:

 

1. Медициналық сақтандыру жүйесі халық үшін қаншалықты тиімді?

Жаңа тиімді денсаулық сақтау жүйесін қалыптастыру қажеттілігі,  көрсетілетін медициналық көмектің тиімділігінің төмен екендігі бұрыннан айтылып келді. Сақтандыру медицинасы азаматтың тапқан табысына, ол үшін аударылған  жарна көлеміне қарамастан медициналық көмектің барлық түрлерін алуына мүмкіндік береді. Оның ішінде жоспарлы стационарлық көмек те, дәрі-дәрмекпен қамту да, жоғары мамандандырылған медициналық қызмет түрлері мен оңалту да, диагностикалық-консультациялық көмек те, медбике күтімі мен паллиативтік көмек те бар.

Біріншіден, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру арқылы Қазақстан аумағында Сіз өзіңіз таңдаған кез келген емханадан медициналық көмек ала аласыз. Бұл жағдайда, емхананың шығындарын толығымен Қор өтейді;

Екіншіден, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру  пакеттері шеңберінде қарастырылған медициналық көмекке жұмсалатын қосымша төлемдердің барлық түрінен босатыласыз;

Үшіншіден, Сіз үшін медициналық ұйымдарда көрсетілген қызметтерге, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударылған жарналар туралы ай сайын ақпарат алуға мүмкіндігіңіз бар;

Төртіншіден,   сапасыз қызмет көрсетілген немесе міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға  қатысушы ретінде құқықтарыңыз бұзылған жағдайда Қор сақтандырылған азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғайды.

Бесіншіден, МӘМС жүйесін енгізу көрсетілетін медициналық көмектің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.


2. Медициналық сақтандырылған азаматтарға қандай қызметтер көрсетіледі?

2020 жылдан бастап медициналық қызметтердің екі пакеті болады.

Біріншісі – еліміздің барлық азаматтарына мемлекет есебінен жасалатын тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі (ТМККК). Оған мынадай қызметтер кіреді:

• Әлеуметтік маңызы бар сырқаттарды емдеу

• Екпе егу

• Жедел жәрдем

• Санитарлық авиация

• Емханалық-амбулаторлық және шұғыл стационарлық көмек

• Паллиативтік көмек және мейірбике күтімі

• Қалпына келтіру емі және медициналық оңалту.


Екінші пакет – Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде көрсетілетін медициналық қызметтер пакеті. Сақтандырылған азаматтарға арналған бұл пакетке мынадай қызмет түрлері кіреді:

• Емханалық-амбулаторлық көмек

• Консультативтік-диагностикалық көмек

• Стационарды алмастыратын көмек

• Стационарлық көмек

• Жоғары технологиялық қызметтер

• Дәрі-дәрмек түрлерімен қамтамасыз ету

 

3. Медициналық сақтандыру жарнасы қанша мөлшерде?

2019 жылы елордалық жұмыс берушілер өз қаражаты есебінен жұмыскер үшін оның табысының 1,5% мөлшерінде жарна аударады. Төлем бойынша шектеу де бар екенін ескеру керек: егер азамат ең төменгі жалақы көрсеткішінің 10 есе мөлшерінен жоғары сомада жалақы алатын болса, тек 10 ең төменгі жалақы көрсеткішінен ғана жарна төленеді. 

2020 жылдан бастап жұмыс берушілер өз қаражаты есебінен жұмыскер үшін оның табысының 2% мөлшерінде + жұмыскер еңбекақысы есебінен оның табысының  1% мөлшерінде жарна аударады.  

Жеке кәсіпкерлер өзі үшін тиісті қаржылық жылдағы ең төменгі жалақы 1,4 есе мөлшерінен 5% жарна төлейді.

 

4.Бірыңғай жиынтық төлемді кімдер және қалай төлейді?

2019 жылдың қаңтар айынан бастап елімізде жаңа төлем жүйесі – бірыңғай жиынтық төлем жүйесі  (БЖТ) енгізілді. Ол төрт түрлі төлемді – жеке табыс салығын, зейнетақы қорына, медициналық сақтандыру қорына және әлеуметтік сақтандыру қорына жасалатын жарналарды біріктіреді. Бірыңғай жиынтық төлем жүйесі қарамағына жұмыскер алмай, табыс табу мақсатында жеке тұлғаларға қызмет көрсететін азаматтарға арналған.

Бірыңғай жиынтық төлемді қолма-қол ақшалай немесе банктер мен жекелеген банк қызметін көрсететін ұйымдар арқылы төлейді. Ол Мемлекеттік корпорацияның банктік есеп-шотына төленеді. Егер қаражат бірыңғай жиынтық төлем көлеміне сәйкес келмесе, аталған ұйымдар БЖТ қабылдамайды.  БЖТ мөлшері: республикалық маңызы бар қалалар үшін -  1 АЕК (айлық есептік көрсеткіш); басқа елді мекендер (аудан, ауыл, т.б.) үшін - 0,5 АЕК.

Бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер өз бетінше төлей алады немесе олардың пайдасы үшін үшінші тұлға төлейді. Бірыңғай жиынтық төлем төлеген кезде, төлем жасаған айы, жылы көрсетілуі тиіс.

Банктер мен жекелеген банк қызметтерін көрсететін ұйымдарға түскен бірыңғай жиынтық төлемдер МТ-102 электронды төлем тапсырмасы бойынша Мемлекеттік корпорацияға аударылады. МТ-102 төлем тапсырмасының форматына бірыңғай жиынтық төлем төлейтін тұлғаның жеке сәйкестендірілген нөмірі; тегі, аты, жөні; туған күні, айы, жылы; төлемнің көлемі енеді. Мемлекеттік корпорация қаражат түскен күннен бастап үш операциялық күн ішінде БЖТ сомасын тиісті салаларға үлестіріп, аударады:

10% - жеке табыс салығы;

20% - әлеуметтік аударымдар;

30% - зейнетақы жарнасы;

40% - медициналық сақтандыру жарнасы.

Яғни, осы төлем жүйесімен жарна төлеу арқылы елордалық өзін-өзі жұмыспен қамтушылар да міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысуға мүмкіндік алады. Осылайша азаматтар уақыты мен қаржысын үнемдеп ғана қоймай, болашақта жеке басына қажетті төлемдерден қол үзбейді.

 

5. Жұмыс істемейтін, тиісті жарна аудармағандар мен қалалық тіркеуде жоқ азаматтар қайтпек?

Мұндай санаттағы азаматтарға 2020 жылдың сәуір айына дейін уақыт беріледі. Яғни, 2020 жылдың 1 қаңтарынан МӘМС жүйесі іске қосылған кезде, сауір айына дейін медициналық сақтандыру пакеті бойынша да көмек алады, бірақ осы аралықта ол жарна аударуы тиіс. Мысалы, өзін-өзі жұмыспен қамтитын тұлғалар кез келген екінші деңгейлі банктер және почта бөлімшелері арқылы бірыңғай жиынтық төлем жүйесі бойынша төлем жасай алады. Жұмыссыз қалған адамдар Жұмыспен қамту орталығына ресми тіркелген жағдайда, жұмыссыз отырған аралықта ол үшін мемлекет жарна аударады.

Ал тегін медициналық кепілдендірілген көмек көлемінде алғашқы медициналық көмек, жедел жәрдем, шұғыл жағдайдағы медициналық көмек сақтандырылған-сақтандырылмағанына қарамастан, кез келген науқасқа көрсетіледі. Ескеретін жайт, науқас емханаға міндетті түрде тіркелуі керек. Себебі, қазір медициналық ақпараттық жүйе жасақталған. Ол жүйеде әр пациенттің аты-жөні, сырқат тарихы, диагнозы, қандай тексерулерден өткені туралы деректер электронды денсаулық құжатында жинақталады.

Тағы бір айта кетер жайт, биыл жылдың аяғына дейін бас қаланың  шетінде орналасқан аудандарда 11 дәрігерлік пункт ашылады. Олардың басты мақсаты поликлиникаларға көмек ретінде қосымша жұмыс істейді. Алғашқы жәрдем, алдын-ала тексеруден өту сынды міндеттерді атқарады.

6. Бүгінгі күні медициналық сақтандыру қорына аударылған жарна мөлшері қанша?

Жүйе іске қосылған 2017 жылдың 1 шілдесі мен 2019 жылдың 31 қазаны аралығындағы Нұр-Сұлтан қаласы бойынша жинақталған жарнаның жалпы сомасы 27 млрд теңгеден асады.

Медициналық сақтандыру қорына жарна аударуда елордалық жұмыс берушілер әдеттегідей белсенді атсалысуда, олар қазан айында 1, 136 млрд теңгеден астам жарна аударған. Медициналық сақтандыру жарналары мен аударымдарының қомақты бөлігі – 1,134 млрд теңгеге жуығы жұмыс берушілерге тиесілі, ал 2,5 млн теңге – жеке кәсіпкерлерден түскен жарналар.

Бүгінгі күні «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясы медициналық сақтандыру жарнасы мемлекет тарапынан төленетін жеңілдігі бар 15 санат бойынша мәліметтер беріп отырады, олардың саны 11 млн-ға жуық.


7. Мемлекет тарапынан жарна төленетін азаматтар санатына нақты тоқтала кетсеңіз?

Мемлекет тарапынан жарна төленетін жеңілдігі бар азаматтар санаты:

· Балалар;

· Жұмыссыз ретінде ресми тіркелген адамдар;

· Жұмыс істемейтін жүкті әйелдер;

· 3 жасқа толмаған бала (балалар) тәрбиесімен айналысатын жұмыс істемейтін азаматтар;

· Бала (балалар) туу немесе жаңа туған сәбиді (сәбилерді) асырап алуға байланысты, баласы (балалары) 3 жасқа толғанға дейін оның (олардың) күтіміне байланысты демалыс алған адамдар;

· Мүгедек бала күтімімен айналысатын жұмыс істемейтін азаматтар;

· Зейнеткерлер, оның ішінде Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері;

· Сот үкімі бойынша қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) мекемелерінде жазасын өтеп жатқандар;

· Тергеу изоляторларында отырғандар;

· Жұмыс істемейтін оралмандар;

· «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен немесе бұрын «Батыр ана», І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көп балалы аналар;

· Мүгедектер;

· Орта, кәсіптік-техникалық, орта білімнен кейінгі, жоғары білім беру, сондай-ақ жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында іштей оқып жатқан тұлғалар;

· Бала кезінен І топтағы мүгедекке күтім жасайтын жұмыс істемейтін адам;

· Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушы жұмыс істемейтін азаматтар.

 

8. МӘМС жүйесін енгізу еліміздің медицина саласында сапалық өзгеріс жасай ала ма?

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің артықшылығы – жарнаны әркім мүмкіндігіне қарай төлеп, қажетіне қарай медициналық қызмет көрсетілетіндігінде. Яғни, МӘМС аясында қызмет көрсететін медициналық ұйымнан қажеттілігіңізге қарай, сырқатыңызды қанша уақыт емдеу керек болса, сонша медициналық көмек алуға құқылысыз, бірақ  алатын медициналық көмек көлемі дәрігердің тағайындауына байланысты. МӘМС пакетіне кіретін қызметтер толық көрсетіледі және қосымша ақы төлеуді қажет етпейді. 

Сапалы медициналық көмек көрсету, қажетті дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету, сондай-ақ, еліміздегі үздік клиникаларда тиімді емделу және қымбат бағалы операциялар жасату мүмкіндігі жұмыс істейтін әр азаматтың денсаулығын сақтауға, еңбекке жарамсыздық қағаздарының мерзімін қысқартуға және жұмыс берушілердің шығындарын азайтуға ықпал етеді.

Қазірдің өзінде біршама құрал-жабдықтар жаңартылып, толығуда. Мамандарымыз да медициналық  қызмет көрсетудің заманауи соңғы тәсілдерін игеруде. Яғни, медициналық қызмет көрсету сапасы артады.

 

9. Халық арасында түсіндіру жұмыстары қалай жүзеге асып жатыр?

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі - бұл денсаулық сақтау саласындағы мүдделерді әлеуметтік қорғаудың мемлекеттік жүйесі. Елімізде 2020 жылдың 1 қаңтарынан іске қосылатын МӘМС жүйесі жөнінде қазіргі таңда тұрғындар арасында, сондай-ақ жұмыс беруші ұйымдар арасында ақпараттық түсіндіру іс-шаралары жалғасуда. Бұдан бөлек, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының Халықты ақпараттандыру және өтініштерді қарастыру бөлімі әр аптаның дүйсенбі күндері ХҚКО-да, жұма күндері «Нұр-Отан» партиясы» қоғамдық бірлестігінің қалалық филиалында ақпарат-кеңес беру жұмыстарын жүргізеді. Сондай-ақ, Медициналық сақтандыру қоры өз байланысы іске қосылған.

Енді 1406 нөмірі арқылы медициналық сақтандыруға қатысты кез келген сұраққа жауап алуға болады.

Қоңыраулар Қазақстан бойынша кез келген телефоннан тегін. Байланыс орталығы жұмыс күндері сағат 9.00-ден 18.30-ға дейін жұмыс істейді.


«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ 
Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының баспасөз қызметі