Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Нұр-Сұлтан қаласындағы Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрына барып, қойылымды тамашалады.
Елбасы назарына «Тыраулап ұшқан тырналар» спектаклі ұсынылды.
Қазақ тіліндегі қойылым орыс драматургі Валентин Ежовтың «Соловьиная ночь» пьесасының желісімен жазылған.
Қазақ тіліне белгілі театр сыншысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, профессор Әшірбек Сығай аударыпты.
Оны Қазақстанның халық артисі, театр және кино режиссері Талғат Теменов сахнаға ыңғайлап қойды.
Қаллеки театры біраз жылдан бері сахналап келе жатқан бұл лирикалық драмада қазақ солдаты Пернебек Боранбаев пен неміс қызы Инганың арасындағы махаббат хикаясы баяндалады. Онда сонымен қатар көрермен кеңес солдаттарының жеңістен кейінгі өміріне де қанығады.
Қойылым кезінде махаббат пен өшпенділік, адамгершілік пен қатігездік, Отанға деген сүйіспеншілік пен жауларға деген ыза-кек жарқын паш етіледі.
Театр өкілдерінің айтуынша, аталған спектакль 2015 жылы Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойына орай қойылғанда да көрермен арасында кең танымал болып, театр сыншылары тарапынан жоғары баға алған.
Спектакль 1 сағат 40 минутқа созылады. Ол кәмелет жасқа толған және одан ересек көрерменге арналған. Қойылым Қаллеки театрының гастрольдері аясында Ресей көрерменіне орысша ілеспе аудармасымен қазақ тілінде паш етілген екен.
Драмалық қойылым соңында Нұрсұлтан Назарбаев театрдың шығармашылық ұжымы мен көрермен алдында сөз сөйледі.
– Қазақ театры жұмыс істеген жылдар бойы мықты ұжым қалыптасты. Келесі жылы жазда жаңа ғимаратқа көшесіздер. Оң жағалаудағы «Мыңжылдық аллеясы» аумағында театр салып жатырмыз. Онда 650 және 200 орындық екі зал болады. Бүгінгі спектакль маған ұнады. Мен барлық өнер иесіне керемет қойылым үшін алғыс айтамын, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Елдос СЕНБАЙ