Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тараз қаласындағы кәмелеттік жасқа толмаған қыз зорлау оқиғасынан кейін Жамбыл облысының әкіміне ескерту жасап, қала әкімін қызметінен босатуды тапсырды. Бұл туралы Президент Twitter-дегі парақшасында хабарлады.
«Жамбыл облысының әкіміне Тараздағы 12 жастағы мектеп оқушысы зардап шеккен оқыс оқиғаға байланысты және жұмысында жүйелі кемшіліктер жібергені үшін Тараз қаласының әкімін қызметінен босатуды тапсырдым. Облыс әкіміне ескерту жасадым» деп жазды Мемлекет басшысы.
Президент жазбасынан кейін Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі Тараз қаласы әкімінің қызметінен босатылғанын хабарлады.
«Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Тараз қаласындағы мектепте орын алған оқыс оқиғаға байланысты және өзіне жүктелген міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін Тараз қаласының әкімі Қайрат Досаев 2019 жылғы 21 қарашадан атқарып отырған лауазымынан босатылды.
Тараз қаласы әкімінің міндетін уақытша атқару Тараз қаласы әкімінің орынбасары Бейсенбек Керімбекұлы Жанбосыновқа жүктелді» деп жазды облыс әкімінің баспасөз хатшысы Facebook-тегі парақшасында.
Айта кетсек, осыдан бір апта бұрын полицейлер Тараз қаласында кәмелетке толмаған қызды зорлаған 38 жастағы күдіктіні ұстаған-ды. Оқушы қызды зорлау оқиғасы мектеп әжетханасында болған. Оқиғадан кейін Жамбыл облысындағы барлық білім ордасындағы қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Зардап шеккен оқушы ауруханаға жатқызылды.
Білім және ғылым министрі оқиға болған мектептің директоры, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, физика пәні мұғалімі мен вахтердің қызметінен босатылғанын жеткізді. Ал Жамбыл облысы Білім басқармасының басшысы өз еркімен жұмыстан кетті. Сондай-ақ бірқатар жауапты полиция қызметкерлеріне қатаң сөгіс беріліп, мектеп орналасқан аумақтағы учаскелік инспектор ішкі істер органдарынан шығарылды.