Ырымдап ат қою – ежелден қалыптасқан дәстүр. Қазақ халқы баласына ат қоярда, сол есімге сай оған жүктелетін жауапкершілікті де ойлап, сақтықпен қараған. Ырымның қырын кетпеуін қадалаған. Ал тәуелсіздік алғаннан бері Тұңғыш Елбасының құрметіне қойылған Нұрсұлтан есімдері артты. Дүние есігін ашқан перзенттер тұлғалы азамат болсын деген ырыммен осы атты ала бастады.
Статистика комитетінің мәліметіне сүйенсек, ел егемендік алған 28 жылда 40 мыңнан астам Нұрсұлтан өмірге келген. Соның 10 мыңнан астамы Түркістан облысында тұрады. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Әзірге оңтүстік жұрты жаңа туған сәбиге Нұрсұлтан деген есімді беруде ешкімге дес бермей тұр.
Ал екінші орынды 5 мыңнан астам Нұрсұлтан мен Алматы облысы жалғайды. Одан кейінгі орында Жамбыл мен Қызылорда облысы тұр.
Психоаналитик Жанар Нұрсәттің айтуынша, қазақтай ырымшыл халықтың неліктен осы есімді көп таңдайтынын түсінуге болады. «XX ғасырдың басынан адам есімін зерттеумен айналысатын антропономика ғылымының мамандары мен психологтар адамның атымен бірге оның тағдыры жазылады деген ортақ пікірге тоқтапты. Сонымен қатар адам өз есімін бала кезінен қалай қабылдаса, өмірі соған орай қалыптасады дейді. Есім таңдауда немқұрайдылық танытуға сондықтан болмайды. Оның үстіне «Нұр» сөзі жылылыққа, мейірімге, шапағатқа толы деген мағынаны береді, ал «Сұлтан» ол ел басқаратын, мықты, беделді болатын мағынада» дейді.
Енді осы Нұрсұлтан есімін иеленген адамдар қайда жүр? Олардың арасында қатарластарынан оза шауып, көзге түскендері бар ма?
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кезінде Сыр өңіріне барғанда қызылордалық жастармен жүздескен болатын. Сонда кездесуге келген «Нұрсұлтан» есімін иеленген үздік оқушылардың арасында аралдық Нұрсұлтан Жақсыкелдиев болды.
Кішкентай Нұрсұлтанның сонда Елбасыға: «Нұрсұлтан ата, мен Сіз сияқты Президент немесе ғарышкер болғым келеді. Өйткені Президенттің өзінің ұшағы бар. Ал мен әжемді, бірге оқитын достарымды және көрші балаларды ұшаққа мінгізгім келеді. Әсіресе, Сіз салған Астананы көргім келеді. Өйткені бәрі сол қаланы мақтайды» деп балалық арманын айтып, кейін ол арманы орындалған болатын. Бала Нұрсұлтанның алғырлығына риза болған Елбасы оған: «Президентің алдыңда тұр! Космодромың міне тұр! Сенде бәрі бар! Бақытты бол!» деп батасын берген еді.
Бала Нұрсұлтанның анасы Гүлзат Бөріқұлова Арал қаласындағы №64 орта мектепте инженер болып жұмыс істейді. «Елбасының батасын алу – екінің бірінің басына келе бермейтін бақыт. Балам өскенде ғарышкер боламын, Президент боламын деп армандап жүрген. Нұрсұлтан атасымен де кездесуді де, Астананы көруді де, ұшаққа мінуді де армандады. Оның сол арманы орындалды. Дән ризамын», – дейді ол.
«Елбасын суреттен, теледидардан көріп жүр едім, бетпе-бет көргенде қуанып кеттім. Нұрсұлтан ата менің тілегімді, арманымды орындады. Мен оның үмітін ақтаймын. Сабағымды жақсы оқимын. Тәртіпті боламын. Сосын Нұрсұлтан атадай азамат боламын», – дейді кішкентай Нұрсұлтан.
«Елбасы секілді халқы арқа сүйейтін абыройлы азамат, халқының қорғаны болсын деп немереме Елбасының есімін беріп, Нұрсұлтан деп ырымдап қойып едім. Қазақтың ырымы қырын кетпейді ғой. Соған көзіміз тағы бір жетіп отыр. Немеремді көз-тілден сақтасын деп тілеймін», – дейді әжесі Айнагүл Бисенбаева. Нұрсұлтан Жақсыкелдиев қазіргі таңда Арал қаласындағы №260 орта мектептің 4 «Ә» сыныбында оқиды. Әр сабағына аса ықыласпен, мұқияттылықпен дайындалып келетін Нұрсұлтан сыныбының үздік оқушысы.
Ал бүгінде Қазақ ұлттық өнер академиясында «домбыра және қобыз» мамандығы бойынша білім алып жүрген Нұрсұлтан Армияның есімі де осы Нұрсұлтан атасының құрметіне қойылған. Анасы Гүлжан Амангелдіқызының айтуынша, ұлына бұл есімді ата-әжесі қойыпты. «Нұрсұлтан – біздің тұңғышымыз. Оған есім берерде ұзақ ойландық. Қазақ халқы қашан да баланы өмірінің жалғасы санап, ұлттың болашағына, егеменді елдің ертеңіне балаған. Артында салиқалы да саналы ұрпақ қалдыруды негізгі міндетіне санап, парасатты ұл мен пайымды қыз өсіруді басты құндылығы деп білген. Дүниеге ер бала келсе, артымда «Отанымның иесі келді, өмірімнің жалғасы» деп шаттанған. Ал қыз баланы шаңырағының шаттығы санап, аялаған. Біз де ұлымыз осы атасындай биікке көтеріліп, елдің ықыласына бөленген адам болсын деп қойдық. Қара домбыраның құдіретімен талай жарыстарды, додаларды көріп, жетістікке жетіп келеді. Ұлымның болашағынан үлкен үміт күтемін», – дейді ол.
Иә, жаңа туған перзентке ат таңдауда қазақтан асқан дана халық жоқ шығар. Тарихқа көз жүгіртсек, бабалар балаларына қол бастаған батырдың, сөз бастаған шешеннің есімін берген. Әрине, ел ертеңі болып табылатын бүлдіршіндер қандай есім иеленсе де елін сүйетін азамат болып өссін.
Бейбітшілік пен татулықтың байрағы әрдайым көкте желбіреп, ел демографиясы кеңейіп, әр отбасында шаңырақты шаттыққа бөлейтін, елдің ертеңгі тұтқасының иесі болар Нұрсұлтандар көбейе берсін.
Ақбота ӘЛІМ