Жемқорлық «жеңілмей» тұр

Жемқорлық «жеңілмей» тұр

Nur Otan партиясының Нұр-Сұлтан қалалық филиалында Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Жиын ба­рысында елордадағы көлік, инфрақұрылым, лифт және басқа салалардың са­пасын бақылау, жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мәселелері талқыланды.

2019 жылдың қаңтар-қазан айларында Қалалық орта сапасы және бақылау басқар­масына 8 079 өтініш келіп түскен, оның 4 279-ы – арыз, 1 303-і – шағым, 1 965-і – басқа да түйткілдер.

Қазақстанның Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті берген ақпаратқа сәйкес, 2019 жылдың 10 айында жемқорлық дерегіне қатысты 77 қылмыстық іс қозғалған. Бұл көрсеткіш өткен екі жылмен салыстырғанда екі еседей төмен.

Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының бастығы Дәулет Досқұлов осы мәліметтерді негізге алып, қала қыз­меттерінде сыбайлас жемқорлық фактілерінің айтарлықтай азайғанын айтты. Ал «Человек и закон» газетінің бас редакторы Марат Бәшімов мұндай жиындардың пайдасы мол екенін, бірақ көл-көсір баяндамалармен шектелмей, нақты іс-әрекетке көшу керегін ескертті.

– Ешкім таласпайтын бір ақиқат бар: жемқорлық мемлекеттің өзегіне түскен жегі құрт секілді. Іштен кеміріп тастайды да, бүкіл саланы іске алғысыз қылады. Біз елорда тұрғындарын жұмыспен қамту үшін жаңа технологияны тиімді қолданып, әртүрлі жарнамалар жасауға тиіспіз. Шағын кәсіпкерлікке кедергі келтірмей, көлеңкелі бизнеске тосқауыл қоюымыз керек. Кадр тапшылығын жою, тұрғындардың мәдениетін арттыру, ел астанасын жайлы қалаға ай­налдыру – қысқасы, біз атқаратын жұмыс көп. Бірақ бұл жұмыстарға жемқорлық пен парақорлық араласса, еңбегіміз еш, тұзымыз сор болады, – деді Қоғамдық кеңес төрағасы.

Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Заң факультетінің деканы Жамаладин Ибрагимов мемлекеттік орг­ан­дарға қарасты әртүрлі басқармалар арасында өзара сабақтастық жоққа тән екенін тілге тиек етті.

– Азаматтар астанаға қоныс аударады, мемлекеттен жер алып, үй салып, отбасымен тып-тыныш тұрып жатады. Біраз уақыт өткен соң ол үйлердің заңсыз салынғаны анықталады. Сонда қалай болғаны? Бір мекеме рұқсат беріп, екінші мекеме тыйым сала ма? Мемлекеттік органдар жүйелі түрде жұмыс істемей ме? Бос жерлердің тізімін алдын ала жасап, осы мәселені бірігіп шешуге болмай ма? – деп түйреп өтті.

Өз кезегінде Дәулет Досқұлов одан нақты деректер келтіруін сұрап, әкімдік жанында үйлестіруші комитет жұмыс істейтінін мәлімдеді.

«Астана Нұр-Дәстүр» ЖШС-ның бас директоры Шахим Насибов қаладағы жер қатынастары саласында жемқорлық тамыр жайғанына күйініш білдірді.

– Мемлекеттен жер алып, бизнес жасау мақсатында үлкен нысан тұрғызуға үлгермеймін. Мемлекет екі-үш жыл ғана уақыт береді. Ал менің кредитім бар. Оны төлеп біткенше, ес жиып, еңсе тіктегенше кесімді екі-үш жыл өтіп кетеді де, әкімдік жерімді тартып алады. Ол жерді жең ұшынан жалғасқан біреуге беруі мүмкін. Осы мәселені қалай реттеуге болады? – деп сауал тастады.

Дәулет Досқұлов әр сөзін балғамен ұрғандай шегелеп, бұл сұраққа нақты жауап берді.

– Жер алдыңыз ба? Ендеше оны игеруіңіз керек. Заңнама бойынша сізге берілген мерзім құрылыс салуға жеткілікті, – деп қысқа қайырды.

Барлық сарапшының пікірі сыбайлас жемқорлық басым салаларға қатаң ба­қылау қажет дегенге тоқайласты. Баян­дама жасағандар мен жарыссөзге шық­қандар көпқабатты тұрғын үйлерді қап­таған хостелдер жайлап алғанын, кө­лең­келі бизнестің өршіп тұрғанын, қара жұ­мысшылардың құқығы тапталатынын, жылдам тамақтану орындарының тазалық талаптарына сай емесін және қалада 100-ге жуық лифтінің тозығы жеткенін айтты. Отырыс қорытындысы бойынша қоғамдық кеселмен күресуге бағытталған қаулы қа­был­данды.


Еркебұлан НҰРЕКЕШ