Бүгін мен ертеңнің қамын сабақтастыра отырып, ілгері жылжу, ел тілегіне орай тұрақтылықты сақтап, орнықты дамуды қамтамасыз ету – басты мұрат. Осынау ұлы мұратқа жету – ниеті ілгері, ойы ізгі жұртымыздың барлық арман-аңсарының өзегі іспеттес.
Бүгінде жаңа әрі қатал сұраныстары иектеген өзгермелі заманның ағымына лайықты деңгейде ілесу, қай мемлекетке болса да оңай тиіп тұрған жоқ. Бұл жағдай халықаралық қоғамдастықпен біте қайнасқан біздің елімізді де айналып өтпейді. Мұндайда ішкі бірлігіне жүгініп, ынтымағына сүйенген есті ел, іргелі жұрт қана кездескен кедергіні еңсере алса керек. Осы орайда, әрине халықты ортақ мүддеге ұйыстырып, жақсылыққа бастайтын, оң шешімдер қабылдауға бастамашы болып, байыпты қадам жасайтын, мемлекеттің, қоғамның көлеңкелі тұстарына сәулесін түсіріп, ел дамуына бар пейілімен болысатын топтастырушы күш ретінде Nur Otan партиясы халықтың қолдауы мен құрметіне ие.
Саяси күш өзінің даму бағытын, мақсат-мүддесін халықтың мұң-мұқтажы мен талап-тілегіне сай айқындап, соның нәтижесінде еліміздің қалыптасуына, дамуына ықпалын тигізіп келеді. Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұйымды уақыт ағымына сай жаңғыртуға ден қоюы, жаңа міндеттерді күн тәртібіне шығаруы құрылымды бүгінде жаңа сатыға көтерді. Бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «халық үніне құлақ асатын мемлекет» құрудағы тұжырымдарымен сәйкес келіп, партияның шын мәнінде халықтың арман-тілегін жеткізетін мінбері ретіндегі функциясын бекіте түсті. Қазіргі таңда халық назарын аударып отырған түрлі мемлекеттік бағдарламаларды өз деңгейінде іске асыруда, әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани салалардағы түйткілдердің шешімін табуда аталған ұйымның үлесін ешкім жоққа шығара алмайды. Десек те, партия Төрағасы саяси құрылымның жұмысын әлі де болса жетілдіріп, ширата түсу қажет екенін алға тартып отыр. Мәселен, биылғы 18 қазанда өткен Үкімет, Nur Оtаn партиясы мен Парламент Мәжілісіндегі фракция мүшелері қатысқан кеңесте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев оның органдары – Партиялық бақылау комитеті мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің жұмысын жандандыру қажет екенін атап көрсетті. Сонымен қатар биылғы 27 ақпанда өткен кезекті XVIII съезде Елбасы азаматтардың жекелеген мәселелерін шешуге белсенді араласуы тиістігіне екпін бере келіп: «Бүгінде қоғамның көкейкесті мәселелеріне жедел үн қатып, оларға меморгандардың назарын аударту – маңызды. Бұл ең тиімді стратегия болмақ. Ол үшін халықпен кері байланыстың қуатты жүйесін қалыптастыру керек. Партияның қоғамдық қабылдау бөлмелерінің жұмысын күшейту маңызды. Осы мәселеде бюрократиялық сөзбұйдалыққа жол беруге болмайды. Мұның мемлекеттік жеңілдіктерге ғана емес, сондай-ақ волонтерлер мен кәсіпкер-меценаттар көрсететін атаулы әлеуметтік көмекке де қатысы бар» деді. Яғни, құрылымның барлық филиалы жоғарыда аталған жұмысқа ден қоюы тиіс. Нақтылай айтқанда, азаматтар мен мемлекет арасын байланыстырушы көпір болуы қажет. Бүгінде осы үдеден табылу мақсатында нақты жұмыстар жүргізілуде.
Қазіргі таңда халық партияның дамудың жаңа белесіне қадам басқанын түсінеді. Мәселен, биыл тек 10 айда бас партияға 165 мың азамат хабарласып, басындағы базынасын айтқан екен. Оның 38 пайызы өзінің оң шешімін тапса, 54 пайызы бойынша түсіндірме жұмысы жүргізілген, қалған 8 пайызы – орындалу үстінде. Ал партияға келген халықты не мазалайды деген сауалға келсек, әлі де әлеуметтік түйткілдер шешімін таппай отырған сыңайлы. Осы орайда, партия азаматтардың өтінішін қарастырып қана қоймай, олардың өз деңгейлерінде шешімін табуын бақылап отыр. Ол үшін арнайы департамент қызмет етеді. Бұдан бөлек, партия халықтың мәселесін күтіп отырмай, олардың алдын алу үшін «Бақытты отбасы», «Ауыл – ел бесігі», «Халыққа көмек» жобаларын іске қосты.
Тағы бір тоқтала кетер жайт, партия өзінің қызметінде халқымыздың руханиятына, мәдениетіне қызмет көрсетіп келеді. Осы орайда, зиялы қауымды, жастарды қолдау, мұғалімдердің мәртебесін көтеру, ғылым-білім саласын ілгерілету, ана тілімізді өрістету, халқымыздың жүрегінен орын алған мәдени-рухани құндылықтарды насихаттау, жандандыру бағытында ауқымды жұмыстардың көптеген жарқын мысалдарын келтіруге болады. Бүгінде жетекші саяси ұйым жастардың сенімді, өз ойын еркін айтатын биік мінберіне айналды. Жастарымыз өздерінің түрлі жобаларын осы ұйымның алаңында жариялап қана қоймай, одан ары іске асыруға мүмкіндік алды.
Партия Төрағасы ұйым жанындағы miras қоғамдық кеңесінің әлеуетін тиімді пайдаланып, зиялы қауымды рухани саланы дамытуға қатысты жұмыстарға жұмылдыруды тапсырған еді. Бұл ретте ұйымның мәдени-рухани құндылықтарды жандандыру бағытындағы мақсатты жұмыстарын ауыз толтырып айтуға болады. Бір ғана мысал, халқымызбен бірге жасасып келе жатқан ұлық өнер – айтыстың, әсіресе соңғы жылдары халықтың рухын жани түсуі партияның көрсетіп отырған қолдауына тікелей байланысты. Оған жас өрендердің топ-тобымен келуі айтыстың елдің сөзін айтар беделді алаңға, халықтың көкейіндегісін бүкпесіз жеткізер биік мінберге айналғанын аңдатады. Жыр сайыстары еліміздің түкпір-түкпірінде өткізілуде. Түрлі мерейтойға, мерекелік шараға арналған мағыналы айтыстар халықтың ыстық ықыласына бөленгені көңіл марқайтады. Ұлы даламызда шынайы демократия болғанын айғақтайтын синкретті өнердің заманауи өміршеңдігін көрсете отырып, ХХІ ғасырға жетуі, қанатын жаюы – халқымыздың ортақ игілігі. Сонымен қатар Nur Оtаn партиясы еліміздегі барлық этнос өкілдері ұлыстың ұстыны болып отырған қазақтың тілі мен тарихына, мәдениетіне құрметпен қарауы, білуі қажет деп есептейді.
Елбасы өз сөзінде партия жұмысына ел зиялыларын көптеп тарту жөнінде айтқан болатын. Зиялы дегеніміз кім? Алаш арысы Мұстафа Шоқай бір сөзінде: «Оқыған, тәрбие көрген адамның бәрiн «зиялы» деп ойласақ, сөзсiз қателесемiз. Бiздiңше, белгiлi бiр мұрат-мақсаттар төңiрегiне жиналған оқымыстыларды ғана зиялы деп айтуға болады. Ұлттық зиялылар қатарына өз халқының саяси, экономикалық және әлеуметтiк дамуына қалтқысыз қызмет ете алатын адамдар ғана кiре алады. Зиялылардың мiндетi ұлы да қасиеттi болуы себептi өте ауыр. Халықты ұлт деңгейiне көтеру, яғни жерi, суы, қазынасы, тiлi мен дiнi бар болған халық бұқарасын бiрлестiрiп, олардың санасын бiртұтас саяси, әлеуметтiк, ұлттық санаға жеткiзуде ұлы тарихи мiндеттiң маңызды бiр бөлiгi зиялылардың үстiне жүктеледi» деп зиялы ұғымының мәнін жан-жақты ашып көрсеткен екен. Бұл пайымға тоқтасақ, шамшырақ іспетті қоғамға сәулесін түсіретін зиялы, Баукеңше айтқанда «жұрт дегенде жүгініп, ел дегенде емініп» қайрат көрсетер қайраткер! Сондықтан партия мен халық арасындағы алтын көпірдің міндетін де зиялылар атқаруы тиіс деп ойлаймыз.
Дархан ҚЫДЫРӘЛІ,
Nur Otan партиясы Саяси бюросының мүшесі,
партия жанындағы Miras республикалық қоғамдық кеңесі
төрағасының орынбасары