COVID-19 пандемиясына байланысты қабылданған шектеу шаралары, оның ішінде қашықтан оқытуға көшу балалардың психикалық денсаулығына кері әсер етуі мүмкін. Бірақ оның ұзақ мерзімді салдарын зерттеу қажет. Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының психоактивті заттар және аддиктивті мінез-құлық саласындағы маманы Владимир Позняк айтты, деп хабарлады РИА Новости. «Әсіресе, балалар мен жасөспірімдер COVID-19 пандемиясының психоәлеуметтік әсеріне осал. Өйткені балалық және жасөспірімдік кезеңдер - нейробиологиялық, мінез-құлық және әлеуметтік дамудың маңызды кезеңі. Жасөспірім кезеңде құрбы-құрдастырымен өзара байланыс, олардың әсері өте маңызды. Физикалық дистанциялық шаралар мен COVID-19 таралуын тежеуге бағытталған шаралар балалар мен жасөспірімдердің құрдастарымен өзара байланыс орнату қабілетін төмендетеді, бұл психикалық денсаулыққа кері әсер етуі мүмкін», – деді Позняк.