Атырауда мемлекет және қоғам қайраткері, халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Еңбек Ері Әбіш Кекілбаевтың 80 жылдығына арналған әдеби-танымдық шаралар өтті.
Әркез «Көз алдымда қос жанарымдай Маңғыстауым мен Атырауым тұрады есте» деген сөзін аузынан тастамайтын ұлттың ұлы тұлғасына арналған іс шаралар Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде өтті.
Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, жазушы Мереке Құлкенов жүргізген «Әбіш Кекілбаев – замана заңғары, сөз зергері» республикалық ғылыми-практикалық конференцияда баяндама жасаған ғалымдар кемеңгер Ә.Кекілбаевтың шығармаларындағы ерекшеліктерге тоқталып, жазушының мұраларын толық зерделеуді келешектің еншісіне қалдырмай зерттеп, ұлтқа паш ету қажетін айтты. Замана тұлғасы туралы баяндама жасаған ғалымдардың еңбегі жинақ болып шығып, студент жастардың жазушыны тануға деген ізденістеріне бағыт беретін болады.
Ақындар кемеңгер жазушы Әбіш Кекілбаевқа жырларымен ескерткіш қойды. Сонымен бірге «Алаштың айбоз Әбіші» атты республикалық жыр мүшәйрасы өз мәресіне жетті.
Жыр бәйгесіне 162 ақын қатысып, 370 өлең ұсынылған екен. Светқали Нұржан, Серік Ақсұңқар, Гүлнар Салықбай бастаған танымал ақын-жазушылар қазылық еткен мүшәйрада сегіз жүз мың теңге қаржылай бас жүлде Бекзат Смадиярға, алты жүз мың теңге қаржылай бірінші орын Олжас Қасымға, төрт жүз мың теңге қаржылай қоры бар екінші жүлдені Ерлан Жүніс және Табиғат Абаилдаев қанжығаларына салса, үш жүз мың теңгелік қаржы қоры бар үшінші орынды Аскерхан Ақтай, Жоламан Айткен олжалады.
Әбіш Кекілбаев атындағы арнайы сыйлық Бауыржан Халиоллаға, Фариза Оңғарсынова атындағы сыйлық Ұлмекен Шаукеноваға табыс етілді. Арнайы сыйлықтың жүлдесі – 300 мың теңге.
Кемеңгер тұлғаның 80 жылдығына арналған шара Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде «Әбіш оқулары – 2019» облыстық көркемсөз оқу байқауына жалғасты. Байқауға өңірдегі колледж, жоғары оқу орындары студенттері қатысты. «Қара сөзге қызмет», «Ғапыл дүние» және «Жыр шашу» атты үш бөлімді қамтыған байқауда бас жүлдені Х.Досмұхамедов атындағы мемлекеттік университеттің студенті Серікқали Гүлраушан алды. Жалпы, осы оқу ордасының студенттері белсенділікпен қатысып, жүлделі орындарды алды. Олардан қалыспай өнер көрсеткен Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледж студенттері жүлделі орындарға ие болды.
Атыраудағы Ғабдол Сланов атындағы облыстық әмбебап кітапханасында Әбіш Кекілбаевтың туғанына 80 жыл толуына орай, «Парасат биігіндегі тұлға» атты 20 томдық шығармалар жинағының тұсаукесері өтті. Тағылымды шараға кемеңгер жазушының жұбайы Клара Жұмабаева мен зиялы қауым өкілдері, қаламгерлер қатысты. «Мереке» баспасынан шыққан көптомдық шығармалар жинағы туралы сөз алған зиялы қауым «Әбіш Кекілбаев – жазушылық өнерінде проза мен поэзияны қатар алып, көшбасшы болып танылған тұлға. Жазушының шығармаларын қайталап оқу арқылы оқырман жаңа көзқарас қалыптастырып, сол арқылы ойшылдық бағытты нысанаға алып кемелдене түседі. Әбіш Кекілбаев мұралары бүгінгі және келешек буыннан зерделеу мен насихатты талап ететін мұралар» деген пайымдарын айтты. «Парасат биігіндегі тұлға» кітабында тек қана жазушының көркем туындылары мен аудармалары топтастырылған. Бұл жинақтың өзге жинақтардан айырмашылығы да содан. Бұл көптомдық жинақтар облыс, қала, аудандар мен ауылдардың кітапханаларының төрінен орын алып, оқырманын қуантатын болады.
«Кітап – ғасырларға сапар шеккен ақыл ескерткіші» деген ағылшын жазушысы Давенанттың сөзімен түйіндесек, Әбіш Кекілбаев шығармалары кемел ойға жетелейтін құнды дүние екені сөзсіз.
Замана заңғары, сөз зергері Әбіш Кекілбаевқа арналған тағылымы мол шара «Кемел ойдың кемеңгері» атты салтанатты кешке ұласты. Алдымен жазушының ғұмыры туралы бейнефильм көрермен назарына ұсынылып, соңы Махамбет атындағы Академиялық қазақ драма театрының көркемдік сахналық қойылымына жалғасты. Заманының ерен тұлғасы болған жазушының әкесімен әңгімелесуі, өз шығармаларына арқау болған кейіпкерлерімен сырласуы, сырлас досы Фариза ақынмен жүздесуі секілді ғажап фрагменттерді көрген көрерменнің жан толқынысын олардың жанарларынан көрген біз де тебіреніп, кеудемізді кемеңгер жазушының ортамызда болмаған өкініші қарып тұрды.
Халықты кемеңгер жазушымен көрістірген екі күнді еш ұмытпастай етіп жадымызға ұлттық кодтай етіп берген театрландырылған қойылымға ерекше қошемет білдірді.
Кеш барысында Әбіш Кекілбайұлының замандастары, үзеңгілес достары, белгілі қоғам және өнер қайраткерлері сөз сөйлеп, оның қаламгерлік қасиеті, ақындық адуыны, азаматтық асқақтығы, қайраткерлік қарымы мен елдік ерендігі туралы жиналған жұртшылыққа баян етті.
Салтанатты жиында сөз алған аймақ басшысы Н.Ноғаев: «Әркімнің өз Әбіші бар. Біреу оны ақын деп бағалайды, біреу оны жазушы деп таниды, енді біріміз үшін ол – абыз. Әбіштің ұлылығы да осы. Біз әлі күнге дейін Әбіш ағамыздың барлық қырын танып болған жоқпыз. Таныған қырларымыздың өзін әлі де зерттей түсу керек. Бүгінгі ұрпақтың да, келер ұрпақтың да міндеті осы деп білем», – деген аймақ басшысы замана заңғары Әбіш Кекілбаевтың тұлғалығынан ұрпақ сабақ алып, мұраларын мәңгілік етуге жұмыс істейтінінен үмітті екенін айтты.
Кеш соңында Әбіш Кекілбайұлының жұбайы Клара Қалекенқызы сөз алып, ақыным деп ардақтаған, жазушым деп жар салған, қайраткерім деп қасиет тұтқан, ерім деп еміренген Атырау жұртшылығына алғысын айтып, осы шараның өтуіне қолдау білдірген Атырау облысы әкімі Нұрлан Ноғаевқа ризашылығын білдірді.
Руханияттың тал бесігі болған Атырауға еліміздің барлық аймақтары мен қалаларынан келген ұлт зиялылары мен жақсы-жайсаңдарын жүздестірген кемеңгер Әбіш Кекілбаевтың 80 жылдығына арналған екікүндік шара Әбіш әлеміне жетелеп әкетті.
Атырау облысы