Футболдан 2020 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу аяқталды. Турнирдің финалдық кезеңіне жолдама алған 20 құрама белгілі. Ұлттық құрама осымен 3-рет финалдық кезеңге өте алмады.
19 қараша күні футболдан Еуропа чемпионатына кімдердің баратыны белгілі болды. Жолдама алғандар Англия, Испания, Швеция, Польша, Австрия, Чехия, Украина, Португалия, Германия, Голландия, Швейцария, Дания, Түркия, Бельгия, Ресей, Италия, Финляндия, Хорватия, Франция, Уэльс құрамасы. Әрине, бұл толық құрам емес. Ал қалған төрт құрама 2020 жылғы 29-31 наурызда Ұлттар лигасы плей-офф сатысындағы үздік құрамалар арасында анықталады. Жалпы саны 24 құрама бақ сынайтын бәсеке 12 маусым-12 шілде аралығында өтеді.
Аталған құрамалар төрт себетке бөлінді. Бірінші себетте Италия, Англия, Бельгия, Испания, Украина, Германия бар. Екіншісіне Франция, Польша, Швейцария, Хорватия, Ресей, Голландия жайғасты. Үшінші себетке Португалия, Түркия, Дания, Австрия, Швеция, Чехия түсті. Ал төртіншісінде Финляндия, Уэльс және Ұлттар лигасы плей-офф сатысында озып шыққан 4 құрама орналасады. Футбол жанкүйерлері асыға күткен жеребе тарту рәсімі 30 қарашада Бухарест қаласында болады. Жеребе тарту кезінде A, B, C, D, E, F, J, I тобындағылар түгенделеді.
Еуропа чемпионатының ережесі қарапайым. Кәдімгі футбол турнирлеріне ұқсас. Жарысқа барлығы 24 құрама қатысады. Іріктеу кезеңінде 10 топтан 1,2-орын алған құрама турнирдің финалына бірден өтеді. Айта кетерлігі, биыл турнирдің 60 жылдығына байланысты өзгеріс бар. Еуропа чемпионатының шешуші кезеңі Әзірбайжан, Англия, Венгрия, Германия, Дания, Ирландия, Испания, Италия, Голландия, Ресей, Румыния және Шотландияда өтеді. Арнайы таңдалған дата қала санымен үйлесім тапқан. Кәріқұрлықтағы төртжылдықты түйіндейтін кездесулер 12 маусым-12 шілде аралығында 12 қалада болады. Футбол ауылынан алыс кеткендер турнирге Қазақстан қатыса ма деуі мүмкін. Әрине, жоқ. Ұлттық құрама тарихында 3-рет мүмкіндігін жіберіп алды.
Сонымен, ұлттық құраманың іріктеудегі ойынын талдап көрейік. Футболдан Қазақстан құрамасы
I тобында өнер көрсетті. Қазақстаннан бөлек топта Бельгия, Ресей, Шотландия, Сан-Марино және Кипр бар. Ұлттық құрама барлығы 10 ойын өткізіп, үш матчта жеңіске жетті. 6 ойында жеңіліп, Кипрге қарсы кездесуде тең түсті.
«Басы қатты болса, аяғы тәтті болады». Ұлттық құраманың іріктеудегі кездесулерінің сипаты керісінше. Басын тәтті бастап, аяғы сұйылып кетті. 21 наурыз күні Шотландияны 3:0 есебімен жеңіп, қайрат танытты. Қуанып қалдық. Ақыры құрама жігіттері ес жиып, етек жинайтын болар дестік. Зайнутдинов турнир жаңалығына айналарын сездік. Сөйткенде, келесі кездесу көңіл күйге әсер етті. 24 наурыз күні Ресейге «Астана аренада» 4:0 есебімен есе жібердік. Аталған матчты алаңнан Президент тамашалады. Жігіттер міз баққан жоқ. Қарсыласқа айбар көрсетудің орнына бас шұлғыдық. Черышев пен Дзюбаның алаңдағы шоуын көрдік. Жығылғанға жұдырық болғандай Бейсебеков автогол салды. Қош, 3 күн ішінде жеңіс пен жеңілістің қатар жүрерін мойындадық. Артынша Брюсельге баратынымыз еске түсті. Ол жақта Бельгияның Қазақстанды аямайтынын білеміз. Бірақ іштей дәме болды. Мүмкін құрама жігіттері 4:0-ден кейін сілкініп, Бельгияға бір доп соғар деп болжадық. Болмады. Елге 3:0 есебімен құраманың жеңілгені туралы хабар жетті. Бельгияның қауқарын білгендіктен бе, жаңалық жанға «батпады». Іштен Сан-Мариноға тіс қайрадық. Аталған құраманы I тобында кім ұтпады? Қазақстан да қайратын көрсетіп қалды. Ресейге соқпаған жауап голын, сан-маринолықтарға соқтық. Артынша ұлттық құрама Кипрге аттанып, тең нәтижемен тарқасты. Ресеймен өткен кезекті кездесуде жеңілді. 13 қазан күні Бельгияға 2:0 есебімен жол берді. Іріктеу аяқталуға таяғанда Сан-Мариноны ұтып, «жылымық» жеңістің дәмін таттық. Соңғы айналымда Шотландияға 1 гол соғып, 3 гол жібердік. Осылайша, Еуропадағы доп додасына ашылған есік жабылды. Есікті қайта қағу үшін 2024 жылды күтуге тура келеді.
Михал Билек баптайтын жігіттер I тобында 10 ұпаймен 4-орын алды. Ұлттық құрама әлемдік дода іріктеулерінде 10 ұпайдан ары аса алған жоқ. Еуро-2008 іріктеу ойындарында топтағы 8 құраманың ішінде 10 ұпай жиды. Квалификацияны 6-орынмен аяқтады. Еуропада алғашқы жылы «жарқ» еткенімен, 2012 жылғы іріктеуде небәрі 4 ұпайды қанағат тұтты. Жалпы саны 10 матчтың, тек біреуінде жеңіске жетті. Барлығы 24 гол жіберген олар іріктеуді 5-орынмен аяқтады. 2016 жылы Францияда өткен жарыстың алғашқы кезеңінде жоғарыдағы сценарий қайталанды. 5 ұпай, 5-орын, 1 жеңіс. Биыл 3-орынмен аяқтауға болар еді. Жігер жетпеді ме, тәжірибе рөл ойнады ма, жігіттердің жолы болмады.
Осылай жалғаса берсе, жарыстан басталмай жатып шет қаламыз. Белгілі комментатор Ермұхамед Мәулен Azattyq-қа берген пікірінде ұлттық құраманың деңгейін айтыпты. Александр Меркель, Бауыржан Исламхан, Ғафуржан Сүйінбаев пен Бахтиер Зайнутдинов деңгейінің жақсы екенін көрсеткен. Төрт ойыншыдан құрама құралмайтынын баса айтқан. Жастардың да жағдайы мәз емесін атап өткен. Қайтпек керек? Комментатордың ойынша балалар футболын дамыту қажет. Әрине, бағыңда шынар жайқалғанын көру үшін шыбық кезінен суарған жөн. Осындайда елде футбол мектептерінің аз екенін байқайсың. Сондай-ақ өзге құрамаларда ойыншылар шетелдік тәжірибе көргендер. Белді клубта доп теуіп, тактика мен психологияны игергендер. Бізге де әлемдік тәжірибе артық етпейді. Мұны Шотландиямен өткен ойыннан соң бас бапкер Михал Билек те атап көрсеткен. Шотландия құрамасындағы жігіттердің шетелдік чемпионатта бақ сынайтынын алға тартты.
Қазақстан құрамасы мен жанкүйерлері кезекті Еуропа чемпионатын теледидардан тамашалайды. Плей-оффта өнер көрсететін Ресей, Польша, Түркияны көргенде бәлкім ойланар. Ұлттық құрама қатары Бахтиер Зайнутдинов, Еркебұлан Сейдахмет сияқты дарынды жастармен толықса, кәріқұрлықтағы чемпионаттың шешуші кезіне жолдама алармыз.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ