Белгілі қазақстандық спортшы Мөлдір Мекенбаева джиу-джитсудан Әбу-Дабиде өткен әлем чемпионатында алтын медаль алды. Турнир барысында жеңімпазды марапаттау салтанатында тосын жайт орын алды. Қазақстанның Әнұраны кілт үзіліп, Мекенбаева мен жанкүйерлер гимнді акапелламен айтты.
Әлем чемпионатында алтын алған ару жеңісті жолын Іnstagram-да толықтай жазды. Спортшының айтуынша, жеңіс оңайлықпен келмеген. Топтағы 4 мықтымен қатарласа шауып, жүлделі орынды қанжығасына байлаған.
«Себетке орналастыруда жолым болмады. Менің тобымда 4 фаворит бар. Бәрі титулды спортшылар. JJIF халықаралық джиу-джитсу федерациясының рейтингінде бірінші орында тұрдым. Сондықтан алғашқы айналымнан автоматты түрде өттім. Екінші жекпе-жекте канадалық спортшымен кездестім. Ол қара белбеу иесі болатын. Оны жеңгенен соң 2017 жылдың неваз бойынша әлем чемпионы және UWW чемпионымен кездесемін деп ойладым. Алайда оны Швециядан келген спортшы (қара белбеу) айналып өтті. Үшінші жекпе-жекте швециялық спортшыны жеңіп, финалға жолдама алдым. Шешуші кезеңде мені Ресейдің тәжірибелі спортшысы күтіп тұрды. Финалда қылқындыру әдісін қолданып, жеңімпаз атандым», – деп жазды Мекенбаева.
Әлемдік додада Қазақстан Әнұранының тоқтап қалуы бірінші рет емес. 2017 жылы Сочиде самбодан өткен әлем чемпионатында жаңасының орнына ескі Әнұран қосылды. Залда отырған жанкүйерлер қарсылық танытып, тоқтатқанымен ұйымдастырушылар жаңасын қосқан жоқ. Нәтижесінде, спортшы мен жанкүйерлер «Менің Қазақстанымды» хормен айтты. Бапкер, билік бәрі реніш білдіріп, артынан Ресейдің самбо федерациясы кешірім сұрады. Осымен мұндай жайт аяқталды ма дегенде, Банголореде өткен Азия чемпионатында кезекті рет қайталанды. Су спорты түрінен өткен жарыста қыздарымыз Қытай құрамасын жеңген соң, Әнұран айту рәсімі басталады. Алайда басталмай жатып тоқтаған Әнұранды қыздар қосыла шырқайды.
Әрине, көрген көз сүйсінеді. Бірақ бір олқылықтың бірнеше рет қайталанғаны күмән тудырмай ма? Біріккен Араб Әмірлігі – бай ел. Ресей мен Үндістан да спорт пен мәдениетке құрмет көрсете біледі. Алайда неліктен спорт додалары кезінде Әнұранның, Тудың халі мүшкіл? Ара-тұра үтіктелмеген, өңі қашқан ту мен «үзілген» Әнұранға кезігеміз. Спортшыларды жарысқа апаратын топ лайықты жұмыс жүргізбей ме? Бір емес, бірнеше рет қайталанған істі тиісті орындар тексермесе, жалғаса берері анық. Қауқар көрсетіп, Әнұран жайын біржақты етсек қайтеді...
Айбике ЖАНАСЫЛ