20 жылдық тарихи қалыптасу кезеңінде «Jas Otan» Жастар қозғалысынан бастау алып, бүгінде ең ірі саяси жастар ұйымына айналды. Соның арқасында әр күн сайын 106 мыңнан астам жас пен белсенді азаматтар елдің дамуына өз үлесін қосуда. 11 желтоқсанда Жастар қанатының өкілдері «Jas Otan»-ның V съезіндегі екі жылдық жұмысының қорытындысын шығарады. Осыған орай «Jas Otan» Жастар қанатының төрағасы Елнұр Бейсенбаев съезд алдында жасотандықтардың атқарған қызметі, жастар үшін маңызды бағдарламалар мен алдағы шара туралы айтып берді.
– Елнұр, Елбасы «Jas Otan» – елін, жерін сүйетін, өз болашағын Қазақстанның кемел келешегімен байланыстыратын мыңдаған білімді де, белсенді жастардың басын біріктіретін, менің барлық бастамаларым мен стратегиялық жоспарларымның сенімді тірегі болып келе жатқан беделді ұйым» деп баға берген болатын. Осы ретте Жастар қанатының жетекшісі ретінде ұйымның артықшылықтары мен мүмкіндіктеріне тоқталып өтіңізші. – Біздің басты миссиямыз – әрбір жастың үні болу, мүдделерін қорғау және жас таланттарды қолдау. Сонымен қатар қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып, волонтерлік қызмет атқару, жастардың дамуы мен өркендеуіне үлес қосу. Мұны барша ұйымдағылар жақсы түсінеді. 20 жыл бойы жасотандықтар 37 қалалық және 171 аудандық бөлімшелерде белсенді қызмет атқарып келеді. Олардың жұмысы «Nur Otan» партиясының қызметімен үздіксіз байланысты және дамып келеді, сондықтан жастар қанатының көптеген артықшылығы мен мүмкіндіктері бар. Оны көбінесе жастар үшін әлеуметтік лифт және елдің жастар саясатының авангарды деп атайды. Биыл партия қайта жандандырылды және партияішілік праймериз аясында жастарға 20 пайыз квота бөлінгенін атап өткен жөн, ал бұл жас қазақстандықтарды айтарлықтай қолдау екенін ерекше атап өткім келеді. – «Jas Otan» Жастар қанатының кейінгі 5 жылдағы атқарған жұмысын қорытындылап берсеңіз. – Жастар қанаты – жүз мыңнан астам белсенді жас қазақстандықты біріктіріп отырған ұйым. Соның арқасында жыл сайын игілікті іс-шараларды жүзеге асырып келеміз. Бес жыл бұрын «Jas Otan» съезі өтіп, онда «2020 жылға дейінгі Жастар жетістігінің жолы Jastar-Otanga! бағдарламасы қабылданды. Бүгінгі таңда Жол картасының 38 пункті орындалды және 8 пункт бойынша жұмыс жалғасуда. Сондай-ақ 2016 жылы бәріміз білетіндей, «Волонтерлік қызмет туралы» заң қабылданды және бұл біздің ұйым үшін маңызды рөл атқарды. Өйткені 2019 жыл «Жастар жылы», ал 2020 жыл «Волонтер жылы» деп жарияланды. Содан бері 30 мың адамды қамтитын 200-ден астам волонтерлік ұйым белсенді жұмыс істеп жатыр. Бес жыл ішінде жастарды жұмысқа орналастыру мақсатында «Сәтті қадам» және «Жастар кадрлық резерві» жобалары іске асырылды. Nurintech жобасы аясында біз үш мың жас ғалымға қолдау білдірдік. Олардың барлығы ел игілігі үшін жұмыс істеп жатыр. Жастар ұйымы ауылдағы жастарды да назардан тыс қалдырған емес. Мысалы, English for Jastar бағдарламасы бойынша 9 мың ауылдағы мектеп оқушылары ағылшын тілін тегін оқыды. Сонымен қатар жыл сайын Jastar-Otanga! саяси лагері ұйымдастырылады, онда 5 жыл ішінде 2 мыңнан астам жастар көшбасшыларының пулы дайындалды. Сондай-ақ біздің ұйым жастардың ойын-сауықтарын да ұйымдастыруда. Атап айтқанда, 1 миллионнан астам адамды қамтитын танымал телевизиялық «Жайдарман» КВН жобасын іске асыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Студенттер арасында анонимді сауалнама жүргізетін біздің тұрақты акциямыз «Таза сессия» жайында да айтып өткен жөн болар. Өткен оқу жылында біз 35 мың студенттің қатысуымен 105 ЖОО-ның сыбайлас жемқорлық туралы жария рейтингін жасап шықтық. Бұл туралы біз барлық платформаларда ашық айттық. Ал еліміздің түкпір-түкпірінде адамдар пандемия мен енгізілген карантиндік шаралар салдарынан шығынға ұшыраған кезде, Елбасы бастамасымен BizBirgemiz! жалпыұлттық акциясы іске қосылып, оның аясында 5 мың жасотандық ерікті 320 мың мұқтаж отбасына азық-түлік себетін жеткізіп, 100 мың отбасы үшін 5 миллионнан астам медициналық маска дайындалды. Мақтаарал ауданындағы су тасқыны кезінде зардап шеккен отбасыларға да жастар тарапынан көмек көрсетілді. 500 волонтер гуманитарлық көмекті эвакуациялау және тарату үшін Birgemiz, Maqtaaral! штабын құрды. Осы ретте Жастар қанаты ірі жобалар мен имидждік акцияларды қамтитын барлық бағыт бойынша тұрақты, жүйелі жұмыс жүргізіп жатқанын ерекше атап өткім келеді. – «Jas Otan» V сьезінің маңызы қандай? Күн тәртібінде нендей мәселелер көтеріледі? – «Jas Otan» Жастар қанатының V съезі коронавирус пандемиясына байланысты онлайн форматта өтеді. Онда еліміздің 17 өңіріндегі жасотандықтар бейнеконференцбайланыс арқылы қосылатын болады. Съезде 2025 жылға дейінгі Jastar-Otanga! бағдарламасы және Орталық кеңестің жаңа мүшелері сайланады. Сондай-ақ «Jas Otan» Жастар қанатының екі жылдық жұмысының қорытындысы шығарылып, ұйымның одан әрі қызметін жандандыру үшін алдағы жылдарға жаңа бағыт-бағдары белгіленеді. – Jastar-Otanga! бағдарламасы аясында нақты қандай жобалар жүзеге асырылады? – Биыл Елбасы – Партия Төрағасы Н.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша Жастар қанаты 2025 жылға дейінгі Jastar-Otanga! бағдарламасын әзірледі. Бұл бағдарлама ел жастарының дамуына жол ашады. Ол үздік әлемдік тәжірибелерді және еліміздің барлық өңірінен жастардың үш мыңнан астам ұсынысын пайдалана отырып әзірленген. Қысқаша айтқанда, онда жастардың бес негізгі мәселесі көрініс тауып, оларды шешу жолдары көрсетілген. Мысалы, жастардың елдің саяси өміріне көбірек қатысуы үшін жағдай жасау. Бүгінгі таңда олардың мәслихат депутаттары арасындағы үлесі небәрі 2,8 пайыз (96 адам). Бұл мақсатты жүзеге асыру жолы қазірдің өзінде қаланды. Өйткені биыл әйелдер үшін белгіленген міндетті квота – 30 пайыз, жастар үшін – 20 пайыз және «Сайлау туралы заңға» тиісті түзетулер енгізілді. Екінші мәселе – білім беру сапасын арттыру, сондай-ақ оны Еңбек нарығының қажеттіліктеріне бағдарлау. Бұл ертеден келе жатқан шешілуі тиіс мәселе. Бірақ ауылдар мен қалалардағы білім беру сапасы арасындағы үлкен алшақтықты ұмытпау керек. Бұл да өткір мәселе. Жаңа бағдарлама бойынша біз жұмысқа орналастыру тетігін дамытуға және жастар кәсіпкерлігін қолдауға күш саламыз. Сондай-ақ жастардың тұрғын үй сатып алуға қолжетімділігін кеңейту үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Зерттеу деректері бойынша, жас қазақстандықтардың тек 18 пайызының жеке баспанасы бар. Біз мұны өте маңызды фактор деп санаймыз. Өйткені Қазақстанның 4 миллионға жуық халқы – 14-29 жас аралығындағы жастар. Бағдарламада жастардың бос уақытын тиімді өткізу мәселелері де ескеріледі. Бағдарлама жөнінде қысқаша айтып өттім, соңғы нұсқасы «Jas Otan» съезінде талқыланады. – Жаңа Жол карталары бекітіле ме? – Съезде нақты шаралар мен индикаторлары бар 216 аймақтық Жол картасы талқыланады. Яғни, ауылдан келген кез келген жас маман 5 жыл ішінде өз аймағында не істелетінін біле алады. Сондай-ақ 2025 жылға дейінгі өзекті міндеттер жазылған республикалық Жол картасы да бар. Атап айтқанда, бұл қазақстандық 10 ЖОО-ның QS World University Ranking әлем университеттері рейтингінің топ-500-ге кіруін қамтамасыз ету. Студенттердің кемінде 25 пайызын жатақханамен қамтамасыз ету – 90 мың орындық жатақхана құрылысының арқасында шешіледі. Студенттік өзін-өзі басқаруды дамыту және тағы басқа жұмыстар жайы сөз болады. – Сіздің ойыңызша, қазіргі кезде жастарды толғандыратын мәселелерге не жатады? Мұны жүзеге асырудың жолдары қандай? – Жоғарыда да атап өттім, Jastar-Otanga! бағдарламасы үздік әлемдік тәжірибені және еліміздің барлық өңірінен келген жастардың 3 мыңнан астам ұсынысын ескере отырып әзірленгенін. Сол жұмыс барысында, яғни жастардың сұраныстарын өңдеу кезінде біздің жастарды толғандыратын бес негізгі мәселе анықталды: азаматтық белсенділік, сапалы білім, жұмысқа орналастыру, жұмыспен қамту, жас отбасыларды қолдау, қолжетімді тұрғын үй, жеке даму және бос уақытты тиімді өткізу. Бағдарламаның басты ерекшелігі – онда осы мәселелерді нақты шешу жолдары көрсетілген. Жастар қанаты өз бағдарламасындағы аталған бес міндетті бекер анықтаған жоқ. Себебі бұл мәселелердің маңызы зор. Жастар арасындағы өзекті мәселелерді шешудің тиімді жолы осылайша жүзеге аспақ. Күні кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Волонтер жылының жабылу рәсімі өтті. Аталған шарада «JasOtan» Жастар қанаты «Жомарт жүрек» сыйлығы бойынша «Жылдың үздік ұйымы» номинациясына ие болды. «Jas Otan» 20 жыл ішінде талай игі істер мен маңызға ие жобаларды атқарды. Атқарылған жұмыстардың бірден-бір нәтижесі – осы жетістігіміз. Бұл барша жасотандықтың ортақ еңбегінің жемісі. Біз мұнымен тоқтап қалмаймыз, одан әрі еліміздің игілігі мен жастардың болашағын жарқын ету жолында бірлесе жұмыс істейміз.Сұхбаттасқан Абылайхан ЖҰМАШ