Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бір сөзінде «Менің өмірімде Магнитка мен Теміртау болмағанда, мен ешқашан Президент болмас едім» дегені бар. Тәуелсіздік алғалы Теміртау қаласы қарқынды дамып келеді. Мыңдаған адам еңбек ететін металлургиялық комбинаттың жұмысы Мемлекет басшысының тікелей бақылауында болды. 30 жылда қаншама әлеуметтік нысан салынды. Қала көркейіп, халықтың тұрмысы жақсарды. Теміртаулықтар бұл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың орасан зор еңбегі деп есептейді. Саяси тұлға ретінде қалыптасқан қаланың келешегі Тұңғыш Президенттің назарынан тыс қалған емес. Өткен ғасырдың 90-жылдары тоқырау кезеңінде Теміртаудағы металлургиялық комбинатта жұмыс істейтін мыңдаған адамның жұмыссыз қалу қаупі туды. Әлеуметтік жағдай ауыр еді. Бірақ Мемлекет басшысы өзі шыңдалған кәсіпорынның жабылуына жол берген жоқ. Барлық күш-жігерді өндірісті дамытуға жұмылдырды. Бұл сын сәтті металлургтер ұмытқан жоқ.
– Тәуелсіздік алғаннан кейін, 90-жылдары комбинат өте қиын кезеңді бастан кешірді. Сол кезде біздің Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев комбинатқа инвестор тауып, аман алып қалды, – дейді металлург Мұрат Қойшыбаев.
Теміртаудың гүлденуіне қосқан үлесін замандастары үлкен тебіреніспен еске алады. Нұрсұлтан Назарбаев Президент өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы мәлімдегенде олар көз жасына ерік берген.
– Қаланың көркеюі Нұрсұлтан Назарбаевқа тікелей байланысты. Ол осы жерде шыңдалды, осы жерде өсті. Кейін елорданы салып, Қазақстанды көркейтті, Қазақстанды алдыңғы қатарлы елдердің қатарына қосуға күш-жігерін аямады. Қазақстанның жер жүзіне танылуына Елбасының еңбегі зор. Елбасы құрышты қаланың қордаланған көптеген әлеуметтік мәселелерін түбегейлі шешіп берді. Сондықтан мұндағы халықтың Ұлт көшбасшысына деген ықыласы ерекше, – дейді Елбасының курстасы Қуаныш Омашев.
Елбасының Теміртауға келуіне газет мақаласы түрткі болған. 1958 жылы мектеп бітірген жас түлек «Ленинская смена» газетінен Теміртау қаласындағы ФЗУ-да металлургтер дайындайтындығы туралы ақпаратты оқиды. Жас жігіт аудандық комсомол комитетінің жолдамасымен Теміртауға келеді.
Жергілікті комбинатқа кадрлар даярлау үшін республика басшылығы жас мамандарды Одақтағы ірі металлургиялық орталықтарға оқуға жіберді. Нұрсұлтан Назарбаев Украинадағы Днепродзержинск №8 техникалық училищесіне түсті. Училищені бітіргеннен кейін 1960 жылы Нұрсұлтан Әбішұлына емтихан комиссиясының шешімімен «8 дәрежелі домна пешінің көрікшісі» мамандығы берілді. Ол кезде болашақ Президент небәрі 20 жаста еді. Оны алдымен Доменстрой құрылыс басқармасына жұмысқа жібереді. Себебі жастар Теміртауға келгенде домна пеші әлі жұмыс істемейтін еді. Сол себепті алғашқыда Елбасыға бетоншы мамандығын игеруге тура келді. Жұмысшылар ауысыммен кезектесіп түсетін. Оларды жылу берілмеген жатақханаларға орналастырды. Шағын төсекте дірдектеп, матрас жамылып жылынды. Брезенттен жасалған жұмыс киімін сыртқа қалдыруға тура келді, өйткені мұз қатқан киім киюге оңай еді.
Бірақ тынымсыз жұмыс оларды қажытқан жоқ. Жұмыстан бос уақытында жастар спортпен шұғылданып, «Восток» кинотеатрына баратын. «Мекенжайсыз қыз», «Румянцев ісі» және «Заречная көшесіндегі көктем» атты киноклассикаларды қайталап көретін. Фильмдегі зауыттың кіреберісі туралы әнді металлургтер әлі күнге дейін сүйіп тыңдайды.
– Елбасы қазақ, орыс тілдерін еркін меңгерген еді. Ал украин тіліндегі әндерді тез жаттап алатын. Өлең шығаратын қасиеті болды. Ұмытпасам, ол кісінің шығармашылығында 40 шақты әннің сөзі бар. Бәріміз бірнеше жыл бұрын Астанада бас қостық. Домбырада, баянда, аккардеонда ән шырқадық. Бір қызығы, Елбасы әркімнің түрлі мінездерін ұмытпаған. Өткен күндердің бәрі есінде. Ол өте сауатты болатын. Оқуда жүргенде жазған хатынан, толтырған құжатынан бір қате таппайсыз. Қабілетті тұлға болып қалыптасты. Тағы бір кездесуіміз Теміртауға келгенде ұйымдастырылды. Домна пешіне арнайы келді, – дейді Елбасының серіктесі Қуаныш Омашев.
Бетон құю жұмыстары оңай болған жоқ, бірақ жас Нұрсұлтан қара жұмыста ысылып, шынықты. 1960 жылдың 3 шілдесінде Орта Азия мен Қазақстанда бірінші домна пеші іске қосылды. Бұл Қазақстан Магниткасының, Қарағанды металлургия комбинатының туған күні ретінде тарихқа енді.
«Маған 1960 жылдың 3 шілдесінде өз қолыммен бірінші Қазақстан шойынын алуға тура келді» деп еске алады кейін Нұрсұлтан Әбішұлы.
1960 жылдың маусым-тамыз айы арасында Назарбаев домна цехында құю машиналарының шойыншысы болып жұмыс істеді. 1960 жылдың тамыз айынан 1964 жылдың ақпан айына дейін №1 Домна пешінде көрікші болып жұмыс істеді.
Көрікшілерге газ, шаң-тозаңды жұтып жүріп, 2000 градусқа дейін ыстық температурада жұмыс істеуге тура келді. Өндірісте шағым жасауға болмайды, демалуға да мүмкіндік жоқ. Тәжірибе жетіспейді, сондықтан металл тез қатады, апат жиі қайталанады. Сынған жабдықтарды алу үшін асбестті халатпен жалынға кіреді. Бір ауысым ішінде жарты шелек тұзды су ішу керек, ол су тер боп шығады. Көп жұмысшы мұндай ауыртпалыққа төзбеді. Кейін Елбасы жұмысына әкесінің келген сапарын еске алады.
– Мен түнгі ауысымға әкемді алып бардым. Сол күні апатты жағдай орын алды. Әкем маған «Өзіңді неге бұлай азаптайсың? Мен үш жасымда жетім қалдым. Бірақ мұндай азапты мен де көрген жоқпын. Таста, – деді.
Мұндай ауыртпалық жас жігітті жасытпады, ол табанды болуға үйренді. Алға қойған мақсатқа жету үшін шыдам мен жігер керек екендігін түсінді. Ол қоғамдық жұмыстарға араласып, спорт жарыстарында белсенді болды.
1964 жылдың ақпан айынан бастап 1965 жылдың тамыз айына дейін Қарағанды политехникалық институтын, содан кейін Теміртау ЖТУЗ-ына түсіп, 1967 жылы «инженер-металлург» мамандығын меңгерді.
Комбинат қызметкерлерінің жетістіктері «Теміртауский рабочий» газетінде жарияланып тұрды. Бұл жұмысшылардың бәсекеге қабілетті болып, жеке тұлға ретінде қалыптасуына әсер етті.
1962 жылдың жазында Домна пешінің көрікшісі Нұрсұлтан Назарбаев Финляндия астанасы Хельсинки қаласында жастар мен студенттердің бүкіләлемдік фестиваліне қатысты. 1962 жылдың 12 қыркүйегінде фестивальде белсенді жұмысы үшін БЛКЖО ОК «Құрмет грамотасымен» марапатталды.
1962 жылдың 25 қазанында шыққан газетте екінші көрікші Нұрсұлтан Назарбаевтың Қарағанды политехникалық институтының Теміртау бөлімшесінде өндірістен қол үзбей білім алатыны туралы жарияланды. Газетте Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегіне тоқталып, фотосуреті жарық көрді. «Теміртауда Қазақстан Магниткасында Нұрсұлтан Назарбаев пен Қабидолла Сарекенов сияқты құрметті адамдар көп!» делінген мақалада.
1962 жылдың жазында Домна пешінің көрікшісі Нұрсұлтан Назарбаев Финляндия астанасы Хельсинки қаласында жастар мен студенттердің бүкіләлемдік фестиваліне қатысты. Осы фестивальде белсенді жұмысы үшін БЛКЖО ОК «Құрмет грамотасымен» марапатталды.
Нұрсұлтан Назарбаевқа қалалық партия комитетінің хатшысы Н.Давыдов ерекше назар аударды, ол оған өнеркәсіп-көлік бөлімінің меңгерушісі қызметін ұсынды. 1969 жылдың тамыз айынан бастап Нұрсұлтан Назарбаев Теміртау қаласында өнеркәсіп-көлік бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс істеді.
Бұл шешім оның өмірлік бағытын өзгертті. 1969 жылдың 20 желтоқсанында қалалық партия комитетінің пленумында оны бірінші хатшы етіп сайлады.
1977 жылдың наурыз айында партия Нұрсұлтан Назарбаевқа жаңа лауазымды сеніп тапсырды. Ол Қарағанды облыстық партия комитетінің өнеркәсіп саласындағы хатшысы болды. Дінмұхамед Қонаев Нұрсұлтан Назарбаевтың КОКП ОК хатшылығында сөйлеген сөзін тыңдап, оны Қарағанды облыстық партия комитетінің хатшылығына ұсынады. «Сталиннен Горбачевке дейін» кітабында ол Нұрсұлтан Назарбаевты ізбасарым деп атайды. «Бұл лауазымға облыстық комитеттің салалық хатшылығына мен Нұрсұлтан Назарбаевты ұсындым. Қалалық партия комитеті оң мінездеме берді», – деп жазады ол.
Ол қара және түсті металлургия, энергетика, машина жасау ісіне жетекшілік етті. Оның жұмысы нәтижесінде Қазақстанда алғаш рет Бөрілі және Шұбаркөл көмір-кен орындарын ашық тәсілмен игеру басталды. Нұрсұлтан Назарбаев кеншілердің жұмысына талдау жасай отырып, өнеркәсіп пен құрылыстың дамуын ілгерілетіп, келелі мәселелерге Орталық партия комитеті мен облыс басшыларының назарын аударды.
Нұрсұлтан Назарбаев металлургтер құқығын Мәскеуде де қорғады. Мемлекет басшысының замандастары 1970 жылдары Тұңғыш Президент Мәскеудегі Орталық партия комитетінен металлургтердің құқығын қорғайтын арнайы құжатты қабылдауды талап еткенін еске алды.
– Партия комитетінің хатшысы болып тұрған 32 жасында Мәскеуге барып, қайсарлығының арқасында мәселе қойды. «Металлургтердің тұратын жері жоқ, демалатын жері, жүретін жері жоқ. Жағдай жасау керек» деп қаулы қабылдатты, – дейді бұрынғы әріптесі Қуаныш Омашев.
КСРО Министрлер кеңесінің шешімі бойынша Теміртау қаласында 80 мың шаршы метр тұрғын үй, 1 600 балаға арналған екі балабақша, комбинатқа кадрлар даярлау жөніндегі екі кәсіптік-техникалық училище, металлургиялық техникум, ЖТОО ғимараты, мәдениет сарайы, 15 мың орынға арналған стадион, жүзу бассейні, мәдени-демалыс орталығы, Самарқан су қоймасында демалыс аймағын салу қарастырылды.
Замандасы Нина Вахитова Нұрсұлтан Әбішұлының Теміртаудағы бірқатар әлеуметтік мәселелерді биліктен талап етіп, қаланы дамыту бағдарламасын қабылдауға ықпал еткенін сүйсіне еске алады. Оның баяндамасынан кейін Теміртау қаласын дамытуға бағытталған бас жоба әзірленді, бірнеше жылдан кейін шағын елді мекен үлкен қалаға айналды.
– Ол кезде металлургтердің тұратын үйі, балабақша, спорт кешені де жоқ еді. Жұмысшылар дайындайтын жалғыз ғана училище болды. Еш жағдай жасалмаған болатын. Осы проблемалардың бәрін партия жиналысында, металлургтердің атынан Нұрсұлтан Назарбаев қана көтере алды. Нәтижесінде, Теміртау гүлденіп дамыды, – дейді Нина Вахитова.
1979 жылы Нұрсұлтан Назарбаев өнеркәсіп, көлік және байланыс істері жөніндегі Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің хатшылығына сайланды. Осыдан кейін Нұрсұлтан Әбішұлының республиканың қоғамдық-саяси өміріне ел астанасында тікелей араласқан еңбек жолы басталды. Теміртауда түлеген тастүлек жинаған тәжірибесі мен өмір сабағын Қазақстан мемлекетін дамытуға арнады.
2011 жылы 22 қарашада Теміртау қаласында Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығы ашылды. Орталықты Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында «Нұрлы Магнитка» қоғамдық бірлестігі салды. 4 560 шаршы метр ауданды құрайтын дөңгелек, жартылай сфера түріндегі ғимараттың биіктігі – 16 метр. Онда 120 орынды кино-дәріс залы, 70 орынға шақталған конференц-зал, көркемсурет галереясы жұмыс жасайды. Залда 6 экспозициялық зал бар. Олар «Тәуелсіз Қазақстан», «Өз заманының перзенті», «Тұлғаның ерен қабілеті», «Қазақстанның құрыш келбеті», «Уақыт ағымында», «Қазақстан жолы» деп аталады.
Бірінші зал – «Тәуелсіз Қазақстан». Мұнда тәуелсіздік кезеңіндегі еліміздің негізгі жетістіктері қойылған. Залдың архитектурасы Қазақстанды көпұлтты елдің ортақ үйі ретінде бейнелейтін қазақ киіз үйі түрінде орындалған. Залда интерактивті ақпараттық панельдер орналасқан, қазақ, орыс, ағылшын тілінде витриналардың мазмұны туралы толық ақпарат берілген.
Екінші «Өз заманының перзенті» деп аталатын зал Қазақстан Президентінің балалық шағы, мектеп және студенттік жылдарын бейнелейді. Залдың экспозициясы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әділеттің ақ жолы» өмірбаяндық кітабы негізінде құрылған, витриналарда Елбасының естеліктерінен үзінділер берілген.
Үшінші «Тұлғаның ерен қабілеті» атты зал Қазақстан Магниткасының салынуын көрсетеді. Төртінші зал – «Қазақстанның құрыш келбеті». Залдың экспозициясы Карметкомбинаттың негізгі өндірісі, ірі металлургиялық кәсіпорынның даму тарихы туралы айтып береді. Зал металлургиялық кәсіпорынның атмосферасын көз алдыңызға келтіреді және оның ішінде жүргендей әсер қалдырады.
Бесінші «Уақыт ағымында» атты залдың экспозициясында Президенттің саяси өрлеуінің бастауы көрсетілген. Құрамында мұрағаттық құжаттар бар. Алтыншы зал – «Қазақстан жолы». Залда егемен Қазақстан тәуелсіздігінің тарихи қалыптасуы мен дамуы туралы әңгімелейді.
– Көрмеге Елбасы тұтынған заттар қойылған. Ермек Тілеубаев атты азамат Нұрсұлтан Назарбаевпен жатақхананың бір бөлмесінде тұрған. Ол Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығына Елбасы жас кезінде сүйіп ойнаған шахматты сыйлады. Сөреге қойылған шахматта 208-бөлме нөмірі таңбаланған. Бұл шахматты жатақхана тұрғындары жиналып, 360 тиынға сатып алыпты, – деп әңгімеледі экскурсия жетекшісі Қуаныш Тыныбекұлы.
Орталықтың экспозициялық қоры 3 408 бірлікті құрайды, оның ішінде 349 негізгі қор, 3 059 ғылыми-көмекші қорға жатады. Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығын жыл сайын жиырма мыңнан астам адам тамашалайды. Оларға 39 қызметкер қызмет көрсетеді.
Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА,
Қарағанды облысы