«Сила Сибири-2» газ құбырын Қазақстан арқылы жүргізу ұсынылды
«Сила Сибири-2» газ құбырын Қазақстан арқылы жүргізу ұсынылды
221
оқылды

«Сила Сибири-2» газ құбыры арқылы Шығыс Қазақстан облысының тұрғындарына көгілдір отын берілуі мүмкін. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Сенатында 2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджетті талқылау барысында Премьер-Министр Асқар Мамин айтты.

«Шығыс Қазақстан облысында қазіргі уақытта белгілі бір аудандарды газбен қамтамасыз етіп отырған шағындау кен орны бар. Дегенмен, қазіргі уақытта өңірдегі экологиялық ахуалды ескере отырып, толықтай газдандыруды қарастырып отырмыз. Келешекте жүзеге асырылатын «Сила Сибири-2» жобасына қатысу нұсқасын қарастырып жатырмыз. Мұндай жоба бар, қазір талқылану үстінде», – деді Үкімет басшысы.

Қазіргі сәтте «Сила Сибири-1» жобасы жүзеге асырылып, құбырға газ берілген. «Қазіргі уақытта «Сила Сибири-2» жобасы арқылы өтетін газ бағасын келісіп жатырмыз. Біз ресейлік тарапқа Қытай нарығына шығатын құбырды Қазақстан аумағы арқылы өткізуді ұсындық», – деді ол.

Премьер-Министр сонымен қатар Семей мен Өскемен қалаларын Барнауылдың газ тарату жүйесіне қосу нұсқасы да қарастырылып отырғандығын айтты.

«Бұл екі жоба бойынша да тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. 2020 жылдың 1-тоқсанында бізде нақты түсінік болады. Содан кейін депутаттық корпусты қандай шешім қабылданғандығы туралы хабарландырамыз», – деді А.Мамин.