Еліміз егемендік алып, еңсесін тіктеген 1991 жылы ел дамуының жаңа кезеңі басталды. Тарихтың тың парағы ашылып, жаңа тарихты жаза бастасақ та, ол уақытты оңай болды деу жөн емес.
Тәуелсіздігіне енді қол жеткізген мемлекеттің экономикалық реформалары өзгеше сипат алды. Жаңа Конституцияға сәйкес экономикадағы нарықтық қатынас алға шықты. Ұлттық валюта енгізілгеннен кейін 1994 жылы қатаң қаржылық-несиелік бағам саясаты жарияланды. Бұл өз кезегінде макроэкономиканың қалыпқа келуіне ықпал етті. Ұлттық валютаның пайда болуы Қазақстан экономикасындағы айтулы тарихи қадам болды. Кезекті экономикалық реформалар кезеңі 1996-дан 1998 жылдар аралығын құрады. Бұл тұста макроэкономикалық тұрақтандыру үрдісі тәмамдалып, инвестициялық экономикалық өсім бағдарламасы тұжырымына өту кезеңіне аяқ басты.
1997 жылы мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан дамуының «Қазақстан-2030» стратегиялық бағдарламасын жариялады. Елбасының жетекшілігімен жарияланған стратегия Қазақстан экономикасының әрі қарай дамуына сеп болды. «Қазақстан 2030» даму стратегиясы ұлттық қауіпсіздік; ішкі саяси тұрақтылық және қоғамды біртектендіру; экономикалық өсім; денсаулық, білім беру және Қазақстан азаматтарының әл-ауқаты; энергетикалық ресурстар; көлік және байланыс негізінде инфрақұрылымды дамыту; кәсіби үкімет сынды 7 әлеуетті мақсатты көздеді. Осылардың ішінде экономикалық өсім жас мемлекеттің қарқынды дамуына ықпал етер негізгі көзір еді. Стратегияға сәйкес экономикалық өсім жоғары деңгейлі шетелдік инвестиция мен ішкі жинақтарды тарту арқылы ашық нарықтық экономика құруға негізделді. Яғни бұл айтулы мақсат тұрақты дамыған экономикасыз бюджетке түсер қаражат санын арттыру, жұмыссыздық деңгейін түсіріп, жемқорлық пен қылмыстың алдын алу мүмкін еместігін қадап көрсетті. Елбасының тікелей жетекшілігімен қазіргі уақытқа дейін жасалған экономикалық реформаларды есепке алсақ, Қазақстан экономикалық қарқыны бойынша жаһандағы дамушы мемлекеттердің қатарына еніп, дамыған мемлекеттермен бірқатар салалар бойынша теңесе алатын деңгейге жетті. Дүниежүзілік банктің саралауына сәйкес Қазақстан ішкі жалпы өнімде кірісі орта деңгейдегі мемлекеттер ішінде алға шығып, Сербия, Болгария сынды елдерді басып озып, Түркия, Бразилия, Малайзиямен иық теңестірді. Егемендік алған кезеңнен бастап Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев ел экономикасының кең қанат жайып, тұрақтануына қаншама реформалар жариялап, оларды жүзеге асырды. Әсіресе экономика құлдырап, халықтың әлеуметтік жағдайы күрт төмендеген 90 жылдары Нұрсұлтан Әбішұлы тұралап қалған мемлекеттің экономикалық әлеуетін көтеру жолында еңбек сіңірді. Республиканың экономикасының дамуына түрткі болар заңдар қабылданды. 2018 жылы АҚШ-тың Stratfor барлау-сараптау компаниясы өзінің сайтында «Тhe More Things Change, the More Kazakhstan Stays Important» деген сараптамалық материал жариялады. Мақалада «Қазақстан егемендік алған сәттен бастап билікте болған ел басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ауқымды экономикалық реформалар жасады. Президент республиканы Кеңес Одағының соңғы күндері басқарып, КСРО-ның құлауы салдарынан болған құлдырау мен дағдарысты өткерді, және мемлекетті жақсы нәтижемен жаңа мың жылдыққа алып келді. Аталған уақыт аралығында ол бүгінгі күндегі Орталық Азиядағы ең күшті мемлекет құрды, Қазақстан мен оның ішкі энергетикалық секторын ашты», — деп жазылған.
Ішкі экономика сәйкесінше ретке келгеннен кейін сыртқы экономикалық қатынастарды реттеу сыртқы саяси мәмілегерлікпен тығыз байланысты болды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әуелі жақын көрші елдермен саяси-экономикалық мәмілелерге қол жеткізді. Олардың қатарында Ресей, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан т.б елдер бар. Шетелдік инвесторларды тарту арқылы елде жаңа зауыттар, кәсіпорындар т.б бой көтеріп, жаңа жұмыс орындары ашылды. Халықты жұмыспен қамту бірінші көзделген мақсат еді. Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин өз сөзінде Қазақстанмен экономикалық жағдайдың жақсы екенін және тауар айналымының өсіп келе жатқанын айтқан еді. «Қазақстан ТМД кеңістігінде біздің сауда-экономикалық әріптестеріміздің ішінде Беларусиядан кейін екінші орын алады. Оның үстіне экономика саласындағы біздің қарым-қатынасымыздың бағыты да сан қилы: бұл жоғары технологиялар, ғарыш, көмірсутегі, бұл көлік саласы. Енді бұған Қазақстан мен Ресей үшін де әлеуеті жоғары саналатын туризмді қосайық «, — деген еді.
«Қазақстан-2030» стратегиялық жоспары негізінде экономиканы аяққа көтергеннен кейін де Елбасы жыл сайын Қазақстан халқына Жолдау жариялап, әр жолдауында халықтың әл-ауқатын дамыту, экономикаға тың серпін беруге қатысты бағыт-бағдар беріп отырды. 2015 жылы Нұрсұлтан Назарбаев бес институтционалдық реформа ұсынды. Бұл реформаны жүзеге асырудың құралы ретінде «100 нақты қадамды» алға тартты. Яғни «100 нақты қадам» жаһандық және ішкі сын-қатерлерге жауап және жаңа тарихи жағдайларда ұлттың дамыған мемлекеттердің отыздығына кіруі жөніндегі жоспары. Аталған қадам «2050-Стратегиясын» жүзеге асырып қана қоймай, Қазақстанның мемлекеттілігін нығайтуға тікелей сеп болмақ. «Бес институционалдық реформаның» үшінші тармағында индустрияландыру және экономикалық өсім бөлімі бар. Мұнда мемлекеттің алдағы тың экономикалық бағыты, ішкі әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешудің тетіктері қарастырылған. Бұл реформалар Елбасының жетекшілігімен құрылып қана қоймай, оны жүзеге асыру жолдары да бекітілді. Бұған дейінгі «Қазақстан-2030» стратегиясында дамыған 50 елдің қатарына кіру мақсаты тұрған еді. Қазақстан бұл мақсатқа қол жеткізіп, жаһандық-саяси аренада да, ішкі экономикалық тенденцияда да орасан зор жетістіктерге кенелді. 2015 жылы «Бес институционалдық реформа» негізінде Елбасы дамыған 30 мемлекеттің қатарына кіру міндетін қойды. Нұрсұлтан Назарбаевтың осынау экономикалық стратегиялық бастамалары және оларды жүзеге асыруға әлемдік кеңістік те назарын салып, стратегиялық бастамаларға жоғары баға берді. Мәселен, саясаттанушы, РФ Ұлттық стратегия институты халықаралық бағдарламар бойынша басшысы Юрий Солозобов өзінің «Нұрсұлтан Назарбаев — жаһандық көшбасшы» атты мақаласында «Нұрсұлтан Назарбаев көрегендік қасиетін стратег қабілетімен бітістіре алған әлемдегі санаулы саясаткерлердің бірі. Қазақстан Президентінің басқарудағы басты ұстанымы: саяси үрдістердің соңынан еру емес, оларды бағыттап, болашақпен басқару. Қазақстан посткеңестік кеңістіктегі алғашқы стратегиялық жоспарлау моделіне өткен алғашқы мемлекеттердің бірі болғандығы да тегін емес. Қазақстан мемлекетінің ұзақ мерзімді даму басымдықтары «Қазақстан-2050» стратегиясы мен бар әлемде қызығушылық тудырған «Нұрды Жол» жүйелік даму бағдарламасы анықтады», — деп жазады.
Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев отыз жылда Қазақстанды дамыған, экономикалық әлеуеті мықты, жаһандық аренада ұстанымы қалыптасқан және жаһан кеңесе алатын мемлекет ретінде құрды. 2019 жылы Нұрсұлтан Әбішұлы президенттік лауазымын тоқтатып, саяси аренада маңызды тарихи шешім қабылдады. Елбасының бұл шешімін тек Қазақстан халқы ғана емес, бар әлем ерекше ізгілікпен және толқыныспен қабылдады десек артық айтқандық емес. Бүгінде Елбасының саяси, экономикалық бағамын мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жалғап келеді. Қазақстан ішкі-сыртқы саяси ұстанымын әрі қарай бекемдей түссе, экономикалық тұрғыда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасының ұстанған саясатын жалғастырып, «2050-Стратегия», «Бес институционалдық реформа», «Нұрлы Жол» реформарларының орындалу бағытына басшылық жасауда. Қасым-Жомарт Кемелұлы мемлекет басшысы ретінде Қазақстан халқына жариялаған Жолдауында халықтың әл-ауқатын көтеру, экономиканы дамыту, сыртқы саясаттағы Елбасы ұстанған бітімгерлік саясатын жалғастыру т.б мәселелерге басым назар аударды. Қазақстан әрі қарай да даму жолын жалғастыра бермек. «Бірінші – экономика, кейін – саясат» қағидатын ұстанып, қиын жылдары елде нарықтық реформа жасап, мемлекетті дағдарыс пен азаматтық кикілжіңдерден ада қыла алған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың экономикалық моделі бүгінде бар әлемде даму жолына бекіп, мақсаттарына қол жеткізген мемлекеттің тың үлгісін жасап берді.
Оралбек БОТБАЙ,
филантроп, профессор