Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық ғылым академиясының академигі Серікбек Дәукей мен экономист Олжас Құдайбергеновті қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Академикпен кездесу барысында геология саласын дамытудың, салалық министрлік құрылғаннан кейін қолға алынған реформалардың орындалу барысы, сонымен қатар жер қойнауын зерттеу бағытында қабылданған мемлекеттік және заңнамалық қолдау шараларының өзекті мәселелері талқыланды.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа Жер қойнауын пайдалану кодексіне өзгертулер енгізу жөнінде ұсыныс берілді. Аталған ұсыныс геологиялық зерттеу жүргізу және жер қойнауын тиімді пайдалану ісінде мемлекеттің рөлін күшейтеді.
Президент аталған саланы одан ары дамытудың, жаңа кен орындарын ашу үшін заманауи, ғылыми әдістерді пайдаланудың және минералды-шикізат базасының қорын арттырудың ерекше маңызын атап айтты.
Сондай-ақ Президент экономист Олжас Құдайбергеновпен кездесті. Кездесу барысында стратегиялық жоспарлау, бағдарламалық құжаттарды әзірлеудің тиімділігі, мемлекеттік органдардағы бюрократиялық рәсімдерді қысқарту, сондай-ақ Қазақстанның жинақтаушы зейнетақы жүйесін жаңғырту мәселелері талқыланды.
Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің экономикалық дамуының өзекті мәселелері бойынша нақты ұсыныс жасауды тапсырды.