«Шетелдік және отандық мамандардың еңбекақысында айырма болмауы керек». Бұл – вице-премьер Сапарбаевтың талабы. Бұған дейін де бұл мәселе Парламентке дейін жеткен еді. Жұмыс беруші мен жұмыс істейтін қызметкерлердің арасындағы жалақы айырмасы жер мен көктей екенін айтып, Парламент мінберінде дабыл көтергендер де болды.
Мемлекеттік еңбек инспекторлары 36 мыңнан астам жұмысшының құқын қорғап, жалақы бойынша қарыздарын қайтарған. Ең көп қарыз Нұр-Сұлтан, Алматы және Ақтөбе облыстарына тиесілі. Еңбек инспекторлары жалақы бойынша берешегі 5,7 млрд теңгеден асатын елдегі 1 700 кәсіпорынды анықтаған. Нәтижесінде, 36 мыңнан астам жұмысшының құқығы қорғалып, 5,1 миллард теңге қарызын қайтарыпты. Бұл – қарыздың 20 пайызы ғана. Кәсіпорындар қызметкерлерге әлі де қарыз. Қарызы өтелмеген 2 700 қызметкер бар. Оны жыл соңына дейін өтеп бере ала ма? Мәселе – осында.
Берешегі бар кәсіпорын басшылары да айыппұлдан құтылмайды. Қазір оларға жалпы сомасы 25 млн теңге көлемінде айыппұл салынып отыр. Ал жалақыны бірнеше рет кешіктірген алты кәсіпорын басшысының үстінен қылмыстық іс қозғалған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің айтуынша, еңбек қатынастарын реттеудегі екінші негізгі міндет – ұжымдық еңбек дауларының алдын алу. Яғни, дау-дамайға жол бермеу. Бұған дейін ірі компанияларда болған кейбір даулар еңбекақының алшақтығынан туындағаны белгілі.
«Дағдарысқа қарсы штабтар мен әлеуметтік серіктестік жөніндегі өңірлік комиссиялардың тұрақты жұмысына қарамастан, әрдайым еңбек жанжалдарының алдын алу мүмкін бола бермейді. Биылғы жылдың басынан бері республикада 9 еңбек дауы орын алды. Оның жетеуі ше-телдіктердің қатысуындағы елдің батыс өңірлеріндегі мұнай-газ және мұнай-сервис кәсіпорындарында болған. Жанжалдың негізгі себептері жалақыны көтеру, жергілікті және шетелдік жұмысшылардың еңбек пен тұрмыс жағдайларының теңсіздігінен туындады» дейді министр Біржан Нұрымбетов.
Әлеуметтік жанжалдардың көбеюіне не себеп? Ол – еңбекақыдағы сәйкессіздік. Осыған орай, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та арнайы тапсырма берген еді. Мемлекет басшысы тапсырмасы негізінде қазақстандық және шетелдік қызметкерлер арасында еңбекақы төлеудегі сәйкессіздікті болдырмауға қатысты прокуратура арнайы тексеру жұмыстарын жүргізген. Бүгінге дейін 30 адамнан асатын шетелдік жұмыс күшін пайдаланатын 95 кәсіпорын тексеруден өтті.
Осыған орай, министр Нұрымбетов: «Еңбек және көші-қон заңнамасын бұзудың 930 фактісі анықталды. Оның ішінде 25 кәсіпорында 474 еңбекақы төлеудегі сәйкессіздік байқалды. Тексеру қорытындысы бойынша 92 млн теңге сомасында әкімшілік іс қозғалды. 681 рұқсат кері қайтарылды, 393 шетелдік қызметкер елден шығарылды» дейді.
Өкінішке қарай, жауапты мемлекеттік органдар еңбек дауларының алдын алу, болдырмау бағытында жұмыс істемейді. Дау содан туындайды. Ал кәсіподақ ұйымдары бұл проблемаларды білсе де, білмегенси ме, әйтеуір, олар үнсіз. Мұндай үнсіздікке Бердібек Сапарбаев та наразы. «Еңбек инспекциясы алдын ала шаралар қабылдамағандықтан, біз өрт сөндіруші секілдіміз. Еңбек қақтығысы пайда болғаннан кейін оқиға орнына барып, жұмысқа кірісеміз. Еңбек қаупі картасы не үшін құрылды? Кешіктірілген жалақының, өндірістік жарақаттың, еңбек жағдайының сақталмауының барлық фактісімен жеке жұмыс істеу керек» дейді вице-премьер.
Осындайда сәйкессіздік туралы сенатор Мұрат Бақтиярұлының айтқаны еске түседі. Сенатор: «ыстық күннің астында қара жұмысты сөткелеп істейтін, табаны құмға, маңдайы күнге күйетін қазақстандық жүздеген бригада, яғни он мыңдаған қарапайым жігіт туған жерінің гастарбайтерлері сияқты күн кешіп, жалақысы төмен қара жұмысты қанағат тұтуға мәжбүр. Салдарынан шетелдік инвесторларға деген жақтырмаушылық, өз жерінде өздері алданған құқықсыз және қажетсіз сезіну пиғылдары көрініс бере бастады» деген еді. Біздің де қауіптенетініміз – осы. Табаны құмға, маңдайы күнге тотыққан қара жұмысшы өз елінде өзін өгей сезінбесе дейміз.
Әзірге Еңбек министрлігі прокуратурамен бірігіп, нақты жұмыс бастады. Еңбек инспекциясы құқықбұзушылық туралы фактілерді анықтаған жағдайда, кәсіпорын басшылығы жауап беруге міндетті. Бізде білікті кадрлар жетерлік. Бастысы, сол білікті кадрдан айырылып қалмаудың жолын іздеу керек. Ол үшін Сапарбаев айтқандай, жалақы кешікпесін, еңбек шарты сақталсын, өндірістік жарақатқа жол бермейік.