Тұңғыш Президент күні – Қазақстан халқының мәртебелі мерекесі
Тұңғыш Президент күні – Қазақстан халқының мәртебелі мерекесі. Бұл – тарихи таңдау күні, барша отандастарымыздың Ұлт көшбасшысы төңірегіне топтасу күні.
«Ері жоқ болса, ел – жетім, елі бағаламаса, ер – жетім» дейді халық даналығы. Тәубе, бізде елін өрге сүйрейтін ер де, азаматын құрмет тұтатын ел де бар.
Биыл Отанымыз сегізінші рет мемлекеттік мереке Тұңғыш Президент күнін атап өткелі отыр. Президенттік билік пен тәуелсіздіктің 28 жылдық тәжірибесі Қазақстан үшін осы басқару формасының тиімді екенін дәлелдеп, ішкі және сыртқы саясаттың негізгі бағыттарын анықтауға мүмкіндік берді.
Ұлт көшбасшысының сарабдал саясатының арқасында Қазақстан Орталық Азия өңірі мен ТМД-да алдыңғы орынға шықты. Әлеуметтік-бағдарлы экономикалық бағыттағы бастамаларымыз заманауи, қарқынды дамушы мемлекет құруды қамтамасыз етті.
Осыдан 22 жыл бұрын Президентіміз ел дамуының даңғыл жолын байыптайтын ұзақмерзімді «Қазақстан–2030» Стратегиялық бағдарламасын ұсынғаны мәлім. Салмақты құжатта өткен күндер бағамдалып, болашақ еншісіндегі іргелі істер межеленді. 1997 жылы осы бағдарламаны жария еткенде Елбасымыз: «Біз нені құрғымыз келеді, таңдаған мақсатымызға жеткізетін дамуымыздың траекториясы, магистралі қандай болуы тиіс, соны анық білуіміз және айқын түсінуіміз керек» деген еді. Айтқаны айнымай келді. Қазақстан халқы аянбай еңбек етіп, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы көш бастап келеді.
Орайы келгенде айта кеткен жөн, еліміздің астанасында өткен Nur Otan партиясының кезектен тыс XIX съезінде партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Президент сайлауына Қасым-Жомарт Тоқаев түсетінін мәлімдеген еді. Қасым-Жомарт Кемелұлы 2019 жылы 20 наурызда Қазақстан Президенті лауазымын иеленіп, одан бір күн бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Президенттік өкілеттігін тоқтатқан болатын. Бұл – көрегендік қана емес, үлкен сенім!
2019 жылғы 2 қыркүйекте Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауын арнады.
Ертеңгі бағытын, жүретін жолын, өсу жолындағы мұратын анық білген елдердің қандай жеңістерге жеткенін тарихтан білеміз. Біздің еліміз тәуелсіздігіне енді қол жеткізіп жатқанда алдағы 30 жылын ойласа, енді жүрісін дұрыстап, тынысын жөндеп алғанда сындарлы мұраттарды алға қойды. Сындарлы мұрат – халықтың жағдайы, Сындарлы мұрат – елдің өрлеуі. Сындарлы мұрат – жарқын өмір.
– Біз бұған Елбасы саясатының сабақтастығын сақтап, жүйелі реформалар жүргізу арқылы қол жеткізе аламыз. Өздеріңізге белгілі, осының бәрі менің сайлауалды бағдарламамның негізі болды. Қазір мемлекеттік органдар оны жүзеге асыру үшін тиісті жұмыстар жүргізуде. Мен халыққа берген уәдемді міндетті түрде орындаймын, – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Міне, көрегенділік, міне, cенім!
Нұрсұлтан Назарбаев жарлыққа жария түрде қол қою рәсімінде сөйлеген сөзінде: «Облыс орталығы ғасырлар бойы Қазақ хандығының және бүкіл түркі әлемінің саяси әрі рухани орталығы болған Түркістан қаласына көшіріледі» деді. Дара шешім. Дара шешімді дара тұлғалар ғана қабылдайды. Дара тұлғаны заман тудыратынын тарих әрқашан есімізге салып отырады. Ал тарихи тұлғаны өз заманындағы түрлі шешуші оқиғалардан мүлде бөліп қарауға болмайды.
Өздеріңіз білесіздер, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қасиетті Отанымызды дамыту жолында елдегі тұрақтылық пен бейбітшілікті темірқазық етіп алды. Ширек ғасырда елімізді Еуропа төріне шығаруда Тұңғыш Президенттің еңбегі ересен. Бүгінде Қазақстан Еуразия кеңістігіндегі стратегиялық қуаты күшті, маңызы зор мемлекет ретінде мойындалып отыр. Дәлелмен айтсақ, Азиада алауын жағуымыз, ЕҚЫҰ-ға төрағалық етіп, Халықаралық саммит өткізуіміз, Ислам ынтымақтастығы ұйымы мен Шанхай ынтымақтастық ұйымдарына төрағалық етуіміз, әлемдік дін қайраткерлері съезін тұрақты ұйымдастыруымыз, халықаралық ЕХРО-2017 көрмесін ұйымдастыруымыз – бәрі де зор мақтаныш, айрықша абырой.
Осы күнге дейін жетістіктеріміз Қазақстанның болашағын жаңаша межелеуге мүмкіндік беріп отыр. Келесі кезеңде, яғни 2050 жылға дейінгі Стратегияда инновация, өндірістік-экономикалық серпін темірқазық етіп алынады. Бұйыртса, таяу болашақта халқымыздың өмір сүру сапасы орташа еуропалық деңгейге сәйкеспек. Ұлт көшбасшысы мұны сеніммен айтты, халық елдік іске бір кісідей жұмылды.
2012 жылы 1 қаңтарда қызметін бастаған Біртұтас экономикалық кеңістік – Елбасының 1994 жылы 29 наурызда М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті ғалымдары мен ТМД саясаткерлеріне ұсынған еуразиялық ықпалдастық идеясының жүзеге асуы. 2000 жылы Астанада Беларусь, Ресей, Қазақстан басшылары қол қойған Еуразиялық экономикалық қауымдастық туралы шарт кеңістіктің құрылуын жақындата түсті. Бұл қауымдастық Еуразия даму банкі, Дағдарысқа қарсы қор және Жоғары технологиялар орталығы сияқты қаржылық интеграция тетіктерінің, ең бастысы ЕурАзЭҚ Кеден одағының іргетасын қалады. Нәтижесінде, кеден тәртібі бірізділікке түсіп, баж тариф пен тарифсіз реттеудің ортақ шаралар жүйесі құрылды. Кеден одағы Біртұтас экономикалық кеңістікке ұласты. Сөйтіп, Қазақстан кәсіпкерлері мен қарапайым халық көптен күткен мүмкіндіктер есігі ашылды. Отандық өндірісшілер үшін әлеуетті тұтынушылар аумағы ұлғайып, сауда нарығы кең арнаға шықты. Кеңістік құрамындағы елдерде кәсіппен айналысқысы келгендерге құжаттық талаптар жеңілдетілді.
Елбасы – Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігі мен аймақ қауіпсіздігін нығайтуға ерекше ықпал етіп келе жатқан әлемдік тұлға. Мұның нақты көрінісі – Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) жарғылық органдарына Қазақстанның төрағалық етуі. Осындай игі бастамаларға мұрындық болған Елбасын саяси сарапшылар «еуразиялық интеграцияның патриархы» деп жоғары бағалады.
Қазақстанның Ислам ынтымақтастық ұйымына (ИЫҰ) төрағалығы – осы жетістіктің заңды жалғасы. Ұйымға мүше болғалы 57 елдің ішінде жалпы ішкі өнімнің деңгейі жағынан Қазақстан 12-орынға көтерілді.
Елі қадірлеген, әлем ардақтаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бар қажыр-қайратын, парасат-пайымын мемлекетіміздің игілігіне жұмсап, уақыт көшінен алға озып, келер ұрпаққа жарқын өмірдің негізін қалап жүргенін халықаралық қырағы сарапшылар мен саясаткерлер жазып-бағалап келеді.
Нұрсұлтан Назарбаев 1992 жылы желтоқсан айында өткен Қазақстан халқы форумында еліміздегі бірлік пен келісімнің ұйытқысы – Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы бастама көтерді. Бүгінде Ассамблея қызметі Елбасы үмітін ақтағанын елдегі береке-бірліктен көрінеді. Әр этнос өкілдері бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай тіршілік етіп, жасампаздық туын жоғары көтерді. Бұл ретте осы нәзік саланы ғылыми-әдістемелік жағынан қолдау үшін республикада тұңғыш рет арнайы кафедра Еуразия ұлттық университетінде ашылды. Қазір республика бойынша осындай кафедралар саны 30-ға жуықтады. ҚХА кафедралары бірлік пен баяндылықты сараптайтын ғылыми-тәжірибе алаңына айналды.
Астана экономикалық форумы – Еуразия кеңістігінде жыл сайын өтетін салмақты шара екені белгілі. Осы жиынға әлемдік экономикалық қауымдастық өкілдері, қазіргі және бұрынғы мемлекет басшылары, Нобель сыйлығының лауреаттары, ғылым әлемінің ғұламалары мен ірі кәсіпкерлер келеді. Ұлт көшбасшысы осыдан 8 жыл бұрын ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы салтанатында Астана экономикалық форумының негізінде G-global сұхбат алаңын құруды ұсынды. Бүгінде осы сұхбат алаңы әлемнің 128 елінен 10 мыңнан астам қатысушыны біріктірсе, Қазақстандағы осы шараның жуан ортасында Елбасы негізін қалаған Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ғалымдары мен білім алушылары жүргенін мақтанышпен айтамыз.
Келісім мен кешірім, үйлесім мен толеранттылық арқауын мақсат еткен Елбасы Қытай, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан президенттерімен бірлесіп, ұзақмерзімді бейбітшілік пен қауіпсіз өңір құру туралы декларацияға қол қойды. Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің әрбір береке-бірлік қадамы да – Елбасы Н.Назарбаев назарында.
Елбасының «Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам», «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақалалары – кеше де, бүгін де, болашақта да маңызын жоймайтын ізашар тұғырнама. Тұңғыш Президентіміз еңбек арқылы нәтижеге жетудің жолын, жүйесін көрсетті. Мысалы, осыдан туындаған «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы, оның бес жылға ұзартылуы, «Әлеуметтік бес бастама» халыққа берері өлшеусіз деп білеміз.
«Ұлы даланың жеті қыры» атты тұжырымдамалық мақала – ұлттық абырой бастауын нұсқайтын, елді өнеге өрісіне бастайтын жол, жаңғырған Қазақстанның баянды бағдары. Елбасының бұл мақаласын стратегиялық маңызы бар және ғылыми методологиялық мақала деп түсінуіміз керек. Бұл кездейсоқ шыға қалған мақала емес. Бұл – Елбасының жүйелі, мақсатты қызметінің жалғасы. Өйткені бұдан бұрын Ұлт көшбасшысы «Мәдени мұра» бағдарламасын ұсынған болатын, содан кейін «Халық: тарих толқынында», «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы ұсынылды. Міне, осылай жүйемен келе жатқан бағдарлама. Сондықтан да Елбасының бұл еңбегін осы үлкен істің жалғасы деп білуіміз керек.
Осыдан бір жыл бұрын Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаев Түркістан облысының атауын өзгерту мен оның орталығын Түркістан қаласы деп бекіткені белгілі. Бұл – тарихи шешім. Елбасы «Түркістан тарихы – күллі қазақтың тарихы» деп бекер айтқан жоқ.
Түркістан – шын мәнінде қазақ хандығының астанасы болған, тарихы тереңде жатқан шаһар. Нақтырақ айтқанда, қазақ елінің рухани жүрегі, қазақтың көптеген аяулы перзенттері мәңгіге жай тапқан қасиетті мекен. Бұл қалада ұлтымыздың тағдыры талқыланып, түрлі шешім қабылданған. Қазақтың небір ұлы тұлғалары дүниеге келген. Осында жерленген 164 әйгілі тұлғаның 21-і ел басқарған қырандар, 30-дан астамы қол бастаған батырлар, ауқымды сөз бастаған билер екенін ескерсек, Елбасы шешімінің дұрыстығына тағы да көз жеткізе түсеміз.
Нұрсұлтан Назарбаев жарлыққа жария түрде қол қою рәсімінде сөйлеген сөзінде: «Облыс орталығы ғасырлар бойы Қазақ хандығының және бүкіл түркі әлемінің саяси әрі рухани орталығы болған Түркістан қаласына көшіріледі» деді. Дара шешім. Дара шешімді дара тұлғалар ғана қабылдайды. Дара тұлғаны заман тудыратынын тарих әрқашан есімізге салып отырады. Ал тарихи тұлғаны өз заманындағы түрлі шешуші оқиғалардан мүлде бөліп қарауға болмайды.
Әр қазақтың жүрегінде мақтаныш сезімін ұялатқан Түркістан тек бізге ғана емес, күллі түрік жұртшылығына қасиетті әрі қадірлі мекен. Ақын Мағжан Жұмабаев «Түркістан – екі дүние есігі ғой, Түркістан – ер түріктің бесігі ғой» деп бекер жырлаған жоқ. Халқымызда «Мәдинада – Мұхаммед, Түркістанда – Қожа-Ахмет» деген сөз бар. Осындай сан алуан факторлар Түркістанды тұтас түбі бір түркі жұртының рухани орталығына айналдырды.
Жалпы, тәуелсіздік дегенде ел санасында өркенді халқымыз бен Тұңғыш Президентіміз туралы таным-түсінік жаңғыруы тиіс. Қазақстан мемлекетінің іргетасын қалаушы – Тұңғыш Президент, Ұлт көшбасшысының болмысында ұлтымыздың асыл мұраттары мен әлемдік және ұлттық өркениет жетістіктері тоғысқан. Қазақстан халқы үшін күн-түн демей жанын шүберекке түйіп, сол кемелдікке абыроймен жеткен әрі өркениеттік, әрі жасампаз тұлға. Мұны дүниежүзі сарапшылары айтады, біз оған мақтанышпен қуанамыз.
Елдік мақтаныш, әлемдік мерей баянды болғай!
Ерлан СЫДЫҚОВ,
Л.Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық университетінің ректоры,
ҰҒА академигі