Нұр-Сұлтанда Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының халықаралық форумы өтті.
.
Тұңғыш Президент күніне орай өткізілген жиын автошерумен басталды. Автомобильдер Қазақстанның мемлекеттік рәміздерімен безендірілді. Автокеруен Достық үйінен Еуразия ұлттық университетіне дейін жалғасты.
Іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары — Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев, Парламент депутаттары, мемлекеттік қызметкерлер, қоғамдық ұйымдардың басшылары, Ресей, Қырғызстан, Башқұртстанның жас көшбасшылары, этномәдени бірлестік өкілдері қатыстыЖиында сөз сөйлеген Жансейіт Түймебаев жыл бойы жүзеге асқан жобалар жөнінде кеңінен баяндады.
– «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының Жол картасы аяқталды. Бір жылда 5 мыңнан аса адам 29 жобамызға белсенді атсалысты. Ресей халықтарының жастар Ассамблеясымен меморандумға қол қойылды, татарлардың дүниежүзілік конгресімен (Ресей) және «Миссия Сибирас» (Литва) экспедициясымен бірлескен іс-шаралар өткіздік. Арыстың халқына гуманитарлық көмек көрсету үшін «Арыс, біз біргеміз!» жалпыұлттық акциясында жұмыс істеген жастарды мақтан тұтамыз. Волонтерліктің үлкен әлеуеті дамиды. Social Assembly республикалық форумында «Жаңғыру жолы» белсенділері еріктілер жылында ерекше бастамаларын халық қолдады. Оның ішінде, Достық үйлерінде волонтерлік қозғалыс орталықтары ашылды. Ассамблея сайтындағы Qadam білім беру бөлімін және жас әлеуметтік кәсіпкерлер мектебін әзірлеу жоспарымызда бар. Сонымен бірге еріктілерге мәдени нысандарды аралау үшін жеңілдік жасау қарастырылды. Бірыңғай дисконт картаны енгізу, этномәдени бірлестіктер халықаралық іс-шараға қатысуы үшін Open Qazaqstan жобасын іске асырамыз. Нұр-Сұлтанда барлық елдің жастары қоян-қолтық жұмыс істеуге мүмкіндік алады, — деді Жансейіт Түймебаев.
Форумда жастар қанатының мүшесі, «Тіл – достықтың алтын көпірі» байқауының жеңімпазы Юлия Лагуткина мемлекеттік тілді кеңінен насихаттауымыз керек деген ойымен бөлісті. Ал Ресей халықтары жастар Ассамблеясының Омбы өңірлік бөлімшесінің төрағасы Ермек Хапизов бірлікті сақтауға үндеді.
— Біз Павлодар мен Шығыс Қазақстан облысындағы ҚХА республикалық жастар қозғалысының «Жаңғыру жолы» өңірлік екі штабымен өзара тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейміз. Өзара достығымыз — баға жетпес байлық, — деді ол. Сонымен қатар ISIT интернет-технологиялар инновациялық мектебінің директоры Әмір Сүлейменов жарымжан жандарға көмек көрсету — азаматтық парыз екенін жеткізді. «Біз мүмкіндігі шектеулі 200 адамды оқыттық. Бұл сұранысқа ие мамандықтар. Қашықтықтан жұмыс істеу үшін де мүмкіндіктер жасай аламыз» деді ол.
Форум жастарды біріктіруге әрі оларды қазақстандық патриотизм рухымен тәрбиелеу, көшбасшылыққа баулу, жастарды ынталандыруға бағытталды.
Форум жастардың белсенділігін арттырып, олардың әлеуметтік және шығармашылық тұрғыдан өзін-өзі көрсетуіне, сондай-ақ жастар жобаларын әзірлеу мен одан әрі ілгерілетуге ықпал етті.
М.БАҚЫТ